АҚШ президенті Трамптың айналасындағылар таратқан ақпарат Ақ үйдің АҚШ – РФ – Украина президенттерінің кездесуі Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтетіні жоспарланып жатқанын айқындап келе жатыр. Үш жарым жыл жалғасқан соғыста ортақ бітім табуға ұмтылыс кейінгі бір айда белсенді қалыпқа түсті.
Трамппен бірінші билік кезеңінен бастап қоян-қолтық қатынаста болған Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның төрағалығымен өтетін еуропа елдері басшыларының саммитіне дайындық басталып кеткен көрінеді.
Ақ үйдің баспасөз хатшысына Будапештегі саммит туралы сұрақ қойғанда ол «Мен бұл ақпаратты не жоққа шығара алмаймын, не растай алмаймын» деп жауап беріпті. Жоққа шығармағанына қарағанда көптің аузында жүрген Будапешт саммиті кем дегенде бірнеше нұсқаның бірі ретінде қарастырылып жатқан болуы ықтимал.
РФ президенті Путин кездесудің Мәскеуде өткізуді Трампқа ұсынды, ал Франция президенті Макрон бұл тарихи жүздесудің Женевада өткенін жөн санайды. Нейтралитет позициядағы Швейцария сыртқы істер министрі де Путинге саммит кезеңінде қажетті саяси «иммунитет» ұсынуға дайын екенін айтты.
Будапешт нұсқасы саяси ракурстан қарағанда бірқатар кедергіге тап болуы мүмкін. Біріншіден, Орбанның Трамппен өте жақын қатынасы РФ тарапын қанағаттандырмауы мүмкін. Екіншіден, дәл осындай территориялық кикілжіңге жол бермеуді қамтамасыз ететін 1994 жылғы Будапешт келісімінің орындалмай отырғаны. Егер АҚШ, Ұлыбритания, Ресей дәл осы келісім талаптарын бұлжытпай орындаса, ядролық қарудан бас тартқан Украинаның шекарасына ешкім көз алартпауы керек еді. Бұл келісім 2014 жылғы қақтығыста-ақ өзектілігін жойған еді.
Ақ үйдің алдынан Зеленский кірді, артынан еуропалық президенттер кірді. Трампты ортаға алып, кейде өзара ұзақ кеңесті. Осы саммитті өткізуге және аймақтағы соғыс әрекеттерін тоқтатуға белсенді араласып жүрген Германия канцлері Фридрих Мерц бірнеше апта ішінде Путин мен Зеленский кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді. Артынша Трамп бұл кездесуге араласатынын және қатысатынын мәлімдеді. Трамптың бұл сөзін Ақ үйдің баспасөз хатшысы да растап, ұсынысты Путин де, Зеленский де қолдағанын жариялады.
Ал РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу Украинамен келіссөзді бастауға қарсы емес екенін, бірақ барлық процесс сатылы түрде өз тәртібімен өтуі керек деп санайтынын айтты. Лавровтың риторикасына үңілсек, ол Украинаның конституциясын жатқа соғып, адам құқықтарын сақтау мәселелеріне тереңдейді және осы соғыстың негізгі себептерін жою туралы қайталайды. Бұл – Ресейдің өз дегеніне жетуге ұмтылатынын көрсететін факт. Путин де, Лавров та осы риторикадан танбауға табан тірегендей. Егер Путин Зеленскиймен кездессе, өзінің осы уақытқа дейін айтқан «заңсыз президент» деген ұстанымынан аттап, Зеленскийдің легитимділігін мойындаған болып саналады.
Бүгін италияндық адмирал Джузеппе Драгоне басшылығымен НАТО-ның 32 қорғаныс министрі бас қоспақ. Қару-жарақ сатып алу мен Украинаға бітімгершілік күшін жіберу мәселесі қаралып, алдағы саммитке ұсынылатын тезистер де дайындалады деген болжам бар.
Ақ үйдегі кездесуден кейін мәселенің шешімі көріне бастады деп айта алмаймыз. Путин мен Трамптың кездесу және Трамптың талап-тілегі еуропалық басшыларды бірігуге мәжбүрледі. Осы кезге дейін РФ-Украина соғысынан әзірге АҚШ ұпайы ғана түгенделді. Осының өзі Еуропаға оңай соқпай тұр. Енді Путин ұпайын түгелдеп, негізгі мәселелерді шешуге ұмтылса, аймақтағы елдердің жағдайы мүшкіл болмақ. Уәде етілген бірер аптада біз толық картинаны көре бастайтын сияқтымыз.