Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім – макроэкономикада жиі қолданылатын көрсеткіштің бірі. Бұл көрсеткіш мемлекеттің экономикалық қуатын, халық әл-ауқатының деңгейін және тұрақты өсу қарқынын сипаттайды.
Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Ресейден озатыны болжамды құбылыс еді. Бұл жердегі негізгі факторлар – жекеменшік құқығының қорғалуы, мемлекеттің нарықтағы үлесінің азаюы және заң мен тәртіптің салтанат құруы.
Халықаралық валюта қоры 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші Қазақстанда 14.77 мың АҚШ доллары, Ресейде 14,26 мың АҚШ доллары болады деп болжам айтып отыр. ТМД көлемінде экономикалық қуаты мен макроэкономикалық көрсеткіштері жағынан талассыз бірінші орынды меншіктейтін Ресейде биыл жан басына шаққандағы ЖІӨ 3,6 пайызға дейін құлдырайды деген пікір бар.
Сондай-ақ, халықаралық сарапшылар үстіміздегі сәуір айында Ресейдің экономикалық өсімін 1,5 пайызға бағаласа, шілдеде бұл көрсеткішті 0,9 пайызға дейін түсірді. Дәл осы экономикалық қуат әңгімесінде маусым айында Қазақстан ұлттық экономикасының 6 пайыздық өсімді ұстап келе жатқанын және ЖІӨ көлемін 300 миллиард доллардан асыру амбициясынан айнымайтынын мәлімдеді.
Қытаймен сауда байланысын жетілдіріп, жаңа нарыққа шығу жолдарын қарастырып, жасанды интеллект пен білім инновацияларына инвестиция тартып, тікелей инвестиция көлемін ұлғайтып, қыруар шаруа атқарып жатқан Қазақстанда ұлттық экономика қуатының артатыны түсінікті. Бастысы – сапа мен тазалық, адалдық пен табандылық.