16 қаңтарда Сеулдың Орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Оны 2024 жылы сәтсіз әскери жағдай енгізу әрекетінен кейін қудалауға кедергі жасау және өкілеттілікті теріс пайдалану бойынша кінәлі деп таныды.
Сот анықтағандай, Юн 2025 жылдың қаңтарында сот ордерін орындауға кедергі жасау үшін президенттік қауіпсіздік қызметін пайдаланған. Ол сондай-ақ барлық министрлерді хабардар етпей әскери жағдайды жариялау тәртібін бұзып, заңдылықты көрсету үшін бұйрықты кейіннен бекітті. Сонымен қатар, Юн тергеуден қорқып, қорғалған телефон жазбаларын жоюды тапсырған.
Сот қорғаныстың президенттік иммунитетке және тергеушілердің юрисдикциясының болмауына қатысты аргументтерін қабылдамай, тергеуді заңды деп таныды. Юнның әрекеттері өкілеттілікті асыра пайдалану және сотқа кедергі жасау деп бағаланды.
«Қылмыстың сипаты ауыр болғандықтан және сотталушы ешқандай өкінім білдірмей, түсінуге қиын ақтаулар айтатындықтан, қатал жаза қажет», — деді үкім шығарған судья Пэк Дэ Хен.
Еске салсақ, бұл шешім әскери жағдай енгізу мәселелерімен байланысты бірінші сот үкімі болып отыр. Юнға бұдан бөлек көтеріліске қатысу айыбы бойынша бірнеше сот процесі де күтіп тұр.
Бұған дейін прокуратура бұрынғы президентке өлім жазасын сұраған болатын.