Бүгінгі таңда ел ішіндегі туризмді дамыту саясаты тек экономикалық көрсеткіштермен немесе инфрақұрылымдық сандармен ғана өлшенбейді, ол мемлекеттік идеологиямен, ұлттық қауіпсіздікпен, ішкі саяси тұрақтылықпен және аумақтық брендті әлем халықтарына және туристерге дұрыс қалыптастырумен тығыз байланысты. Жақында белгілі сарапшы Ербол Азанбек Алматы облысының табиғаты шұрайлы Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарына «арнайы туристік аймақ» статусын беру туралы әлеуметтік желіде бастама көтерді. Бұл ұсынысы орынды. Себебі салықтық жеңілдіктер, гранттық қолдау, бизнеске арналған арнайы ОКЭД және ауылдарды бірыңғай дизайн-кодпен дамыту өңірлердің экономикасын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. Алайда, осы орайда үлкен идеологиялық әрі логикалық қайшылық көлденеңдейді, өйткені Қазақстанның басты туристік маржандары орналасқан, шетелдік меймандар ағылатын бұл аймақты «Ұйғыр ауданы» деп атап, «туристік статус» беру қаншалықты тиімді?
Қазақстан – көпұлтты, бірақ біртұтас унитарлы мемлекет, соған орай соңғы жылдары елімізде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендерге тарихи, географиялық жер-су аттарын қайтару саясаты жүйелі түрде жүріп жатыр. Белгілі бір әкімшілік ауданның этнос атымен аталуы ішкі және сыртқы саясатта қайшылықтар мен түсініспеушіліктерге жол беретін фактордың бірі. Халықаралық тарихи және геосаяси мағынасына көз жүгіртсек, бұл аймақ Шарын шатқалы немесе Қарадала сияқты әлемдік деңгейде танымал туристік объектілердің ошағы болып келеді. Жарнамалау пен бренд жасау заңдылықтары бойынша турист белгілі бір этностық атауға емес, бірегей табиғи брендке немесе жер-су атына қызығып, ерекше табиғатын тамашалауға ағылады. Бұған әлемдік тәжірибеден ашық мысалдар келтіруге болады. Мысалы әлемдегі ең танымал туристік мекендер ешқашан онда тұратын этностардың атымен емес, географиялық брендпен танымал. Албаниядағы Альпі аймақтары, Италиядағы Тоскана, немесе Швейцариядағы Давос өңірі өзінің тарихи аталарымен әлемді өзіне баурауда. Оған қоса, көршілес Ресейдің өзінде Алтай немесе Кавказ сияқты өңірлерде географиялық брендтері бірінші орынға шығарылған. Соған байланысты қоғам белсенділері мен сарапшылар арасында жоғарыда айтылған аудандардың атауын өзгерту туралы бастамалардың жиі айтылуы толығымен негізді. «Шарын туристік ауданы» деген атау халықаралық нарықта АҚШ-тың Гранд-Каньон туристік бренді сияқты бірден танылады әрі тарихи атауды қайтару жергілікті тұрғындардың этностық құрамына немесе құқығына нұқсан келтірмей, барша азаматты ортақ отаншылдық идея төңірегінде біріктіре түседі.
Сонымен қатар, бұл өңірге арнайы туристік аймақ статусын беру арқылы ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтарына тек ауыл шаруашылығымен емес, жанама түрде туристерді қабылдауға мүмкіндік беретін арнайы ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) енгізіліп, «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламалардың тиімділігі еселеп артады. Қазіргі таңда шаруалар туристерге мал сойып, киіз үй тігіп, этно-қонақүй ашқысы келгенмен, заңнамалық шектеулерге тап болады. Егер бұл өңірде агротуризмге арнайы экономикалық режим берілсе, әрбір екінші аула шағын кәсіпкерге айналады. Бұл орайда Австрияның Гальштат немесе Швейцарияның Альпі ауылдарының үлгісі өте ұтымды мысал бола алады. Ондағы тұрғындар мал шаруашылығын эко-туризммен шебер ұштастырып, ауылдың бірыңғай сәулеттік бейнесін сақтап отыр. Бұл аймақтағы Шонжы, Кеген сияқты елді мекендер де ретсіз салынған ала-құла құрылыстардан арылып, бірыңғай архитектуралық стильде дамып, салықтық жеңілдік арқылы көлеңкелі экономика толығымен жойылады.
Қорытындылай келе, Алматы облысының оңтүстік-шығыс өңірлерін дамыту – бұл тек бизнес жоба немесе жергілікті инфрақұрылымды жаңарту емес, бұл – мемлекеттік идеологиялық стратегия. Егер мемлекет осы аудандардың атауын тарихи атына өзгертіп, оны Кеген, Райымбек аудандарымен бірге «Арнайы кластерлік туристік аймақ» деп жарияласа, бұл шешім бір уақытта еліміздегі ономастикалық әділдік пен ұлттық тұтастықты нығайтып, өңір экономикасын тұрақты өсім жолына бағыттар еді. Сондықтан бұл мәселені жай ғана желідегі талқылау деңгейінде қалдырмай, облыстық мәслихат пен республикалық Парламент деңгейінде заңнамалық бастама ретінде көтеретін уақыт жетті.