Қазақстан ҰҚК: уақыт сын-қатерлері және ұлттық мүддені қорғау

/uploads/thumbnail/20260713174839076_big.webp Фото: gov.kz

13 шілдеде Қазақстан Республикасында Ұлттық қауіпсіздік органдары күні атап өтіледі – бұл мемлекеттік мүдделерді қорғауды қамтамасыз ететін, қазіргі заманғы қатерлерге қарсы тұратын және ел мен оның азаматтарының қауіпсіздігін күзететін қызметкерлердің кәсіби мерекесі.

Бүгінгі таңда ұлттық қауіпсіздік органдары қандай сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғаны, қазіргі жағдайда олардың жұмысын қандай басымдықтар айқындайтыны, сондай-ақ қызметтің дамуы, оның кадрлық әлеуеті мен негізгі қызмет бағыттары туралы біз Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Сағымбаев Ермек Алдабергенұлымен сұхбаттасатын боламыз. 

Сәлеметсіз бе, құрметті Ермек Алдабергенұлы. Кездесуге мүмкіндік бергеніңіз үшін алғыс айтамыз және Сізді, сондай-ақ барлық жеке құрамды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. 

Комитет жұмысы түсінікті себептермен жария етілмейді. Дегенмен құпиялық пердесін сәл ашатын болсақ, ҰҚК өзінің кәсіби мерекесіне қандай нәтижелермен жетіп отыр? Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда қазақстандық арнаулы қызметтің жай-күйі мен әлеуетін не нәрсе көбірек сипаттайды? 

Қайырлы күн! Құттықтауыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің құрылғанына 34 жыл толуын атап өтуде. 

Осы уақыт ішінде Комитет қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтіп, үздік дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, озық технологиялар мен аналитикалық және жедел жұмыстың жаңа әдістерін белсенді енгізетін заманауи арнаулы қызметке айналды.

Өз қызметінде ҰҚК Мемлекет басшысының негізінде «Заң және тәртіп» қағидаты жатқан Әділетті Қазақстанды құру бағдарын дәйекті түрде іске асыруда.

Бұл мемлекетті сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауды ғана емес, сонымен қатар заң барлығы үшін бағдар болатын, ал азаматтардың қауіпсіздігі – ең жоғары басымдыққа айналатын жағдайларды қамтамасыз етуді білдіреді.

Қазақстандық арнаулы қызметтің бейнесі туралы сұраққа келетін болсақ, бүгінде бұл – өз қызметіне цифрлық технологиялар мен басқа да жаңашылдықтарды белсенді енгізіп жатқан, өзінің ғылыми және білім беру базалары бар, қарқынды дамып келе жатқан құрылым екенін атап өтейін.

ҰҚК – тек арнайы операциялар мен құпия әзірлемелер ғана емес. Ұлттық қауіпсіздіктің заманауи жүйесі терең талдаудан, тәуекелдерді уақтылы анықтаудан және оқиғалардың дамуын дәл болжаудан басталады. Дәл осы талдау жұмысы қатерлерді алдын ала анықтауға, олардың табиғатын түсінуге және жағымсыз сценарийлердің іске асуына жол бермеу үшін шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондықтан бүгінде Комитетте талдау бағытын дамытуға, заманауи цифрлық технологияларды енгізуге, үлкен ауқымдағы деректерді өңдеуге және болжау әдістерін жетілдіруге ерекше назар аударылады. Бұл тиімді ғана емес, сондай-ақ алдын алу бағытында да әрекет етуге мүмкіндік береді. 

Әрине, жедел қызметкерлер, шекарашылар, киберқауіпсіздік мамандары, ұшқыштар, арнайы бөлімшелердің жауынгерлері және тағы басқалар бұрынғысынша аса маңызды рөл атқарады.

Олардың барлығы – әрбір операцияның сәттілігі кәсібилікке, үйлесімді жұмыс пен сапалы талдауға негізделген мемлекетті қорғаудың бірыңғай көпдеңгейлі жүйесінің бір бөлігі.

Бізді бір қарапайым ақиқатты түсіну біріктіреді: ел қауіпсіздігі әрбір қызметкердің жауапкершілігінен, өз ісіне берілгендігінен және мемлекет пен оның азаматтарының мүддесі үшін шешім қабылдауға дайын болуынан басталады.

Сіз атап өткендей, Комитет қызметінің ерекшелігі белгілі бір дәрежеде жабықтықты көздейді. Егер қауіп ерте кезеңде бейтараптандырылса, қоғам оның қаншалықты жақын болғанын ешқашан білмейді.

Бүгінде ҰҚК дәл осы қағидатпен жұмыс істейді: тек салдарға назар аударып қана қоймай, алдын алу үшін әрекет ету. Асқақ сөздерсіз, жариялылықсыз және ең бастысы – қателесуге құқықсыз.

Қарқынды өзгеріп жатқан халықаралық жағдай мен жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің пайда болуы жағдайында арнаулы қызметтер жұмысының тиімділігі ерекше маңызға ие. ҰҚК қазіргі қатерлерге қалай бейімделеді және мемлекет қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді ? 

Қазіргі жағдайда ұлттық қауіпсіздік жүйесі сапалы жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келуде. Олар анағұрлым күрделі, технологиялық тұрғыдан дамыған және көбінесе трансұлттық сипатқа ие бола түсуде.

Ең өзекті сын-қатерлердің қатарында халықаралық лаңкестік пен экстремизмді, трансұлттық қылмыстық топтардың қызметін, киберқауіптерді, мемлекеттің ішкі процестеріне араласу әрекеттерін, сондай-ақ заманауи технологияларды құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалануды атап өтуге болады.

Мәселен, биылғы жылдың мамыр айында «Орталық Азия – Қытай» форматындағы құқық қорғау органдарының кездесуінде Қазақстан Президенті таяу жылдардағы басты қауіптерді – киберқылмыс пен жасанды интеллект фейктерінен бастап трансұлттық қылмыстық желілерге дейін нақты айқындап берді.

Ол деструктивті күштердің қолындағы жасанды интеллекттің ақпараттық ықпал ету құралына айналуы мүмкін екенін ерекше атап өтті. Шын мәнінде, ауқымды цифрландыру аясында біз кибершабуыл әдістерін жетілдіріп жатқан халықаралық хакерлік топтар белсенділігінің өсуін көріп отырмыз.

Біздің жұмысымызда барлау және қарсы барлау дәстүрлі түрде басым орын алады. Олардың қызметі жасырын қатерлерді анықтауға, Қазақстанның мүдделерін қамтамасыз етуге және шетелдегі ел үшін тәуекелдерге мониторинг жүргізуге бағытталған, сондай-ақ тыңшылыққа және ішкі тұрақсыздандырушы факторларға қарсы қалқан қызметін атқарады. 

Жекелеген шетелдік субъектілердің біздің отандастарымызды құқыққа қайшы қызметке тарту әрекеттерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша күнделікті жұмыс жүргізілуде.

Бұдан басқа, Комитет халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша кең ауқымды бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Қазіргі уақытқа дейін ҰҚК ТМД, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, шет мемлекеттердің барлық дерлік жетекші арнаулы қызметтерімен өзара іс-қимыл жасайды. 

Ең тығыз және жемісті қарым-қатынастар терроризмге қарсы іс-қимыл және киберқауіпсіздік саласында байқалады, тұрақты түрде бірлескен операциялар өткізіледі. Сондай-ақ уақтылы ақпарат алмасу жолға қойылған.

Серіктестердің тікелей көмегімен іздеуде жүрген адамдар анықталып, отанына қайтарылды, қылмыстардың жолы кесілді.

Комитет қызметінің тағы бір маңызды бағыты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл болып табылады. Бұл жерде тек құқық бұзушылықтардың нақты фактілерін анықтауға ғана емес, сонымен қатар жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің қалыптасуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға баса назар аударылады. 

Бұл бағыттардың барлығы бір басты мақсатқа – ұлттық мүдделерді сенімді қорғауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағындырылған.

Бүгінде қазіргі заманғы қатерлерге қарсы тұру тек мемлекет пен қоғамның тығыз өзара іс-қимылы арқылы ғана мүмкін болады. Дәл осы бірлік, жауапкершілік және заңдылық қағидаттарына ортақ ұстаным тұрақтылықты сақтаудың және Қазақстанның ұлттық мүдделерін сенімді қорғаудың аса маңызды шарттары болып табылады.

Қоғамдағы қауіпсіздік сезімінің артында ықтимал қауіптерді анықтау және болдырмау бойынша үлкен жұмыс тұр. Бүгінгі таңда ҰҚК лаңкестік және экстремистік сипаттағы тәуекелдердің алдын алу жүйесін қалай құрып жатқанын және бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілгенін толығырақ айтып бере аласыз ба?

Террористік құрылымдар өз қызметін қаржыландыру, үйлестіру және адамдарды тарту үшін цифрлық ортаны, атап айтқанда жасанды интеллектіні белсенді пайдалана отырып, қазіргі заманғы шынайылыққа тез бейімделеді.

Мұндай жағдайда терроризмге қарсы күрес жүйелі және кешенді сипатқа ие.

Комитет тұрақты негізде алдын алу шаралары кешенін іске асырады, радикалды идеологияның ықпалына түскен адамдарды анықтау бойынша жедел жұмыс жүргізеді, қаржыландыру арналары мен экстремистік материалдарды тарату әрекеттерінің жолын кеседі.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар