Биік белестерге бастаушы

/uploads/thumbnail/20170708203312556_small.jpg

1991 жылы 1 желтоқсанда ал­ғаш рет Қазақ КСР Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өт­ті. Осы сайлауда Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев бірауыздан ел Пре­зиденті болып сайланды. Одан кейін небәрі 15 күн өткенде Қазақстанның тәуелсіздігі жария­ланды, Қазақ халқының сан ғасыр­лар бойғы арман-тілегі орындалды, ел тарихының жаңа дәуірі басталды. Яғни, 1991 жылдың 1 жел­тоқсаны мемлекетіміздің өз тағдырын өзі айқындаған алғашқы қадамы болды, осыған орай бұл күннің мемлекеттік мереке күні болып белгіленгені өте қуанышты.
Биыл еліміз өз тәуелсіздігінің 24 жылдығын атап өтеді. Осы ара­лықта Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз биік белестерге көтерілді.
Нұрсұлтан Әбішұлы елі­міз­ді басқарған уақыт тарихи оқиға­ларға толы кезең. Бұл ке­зең еліміздің тәуелсіздігі мен еге­­мендігін жариялаған Дек­ла­рациясын, Қазақстанның жеке мем­лекет екендігін көрсеткен Ата Заңын, мемлекеттік рәміздерін қабылдап, елімізді егемен мемлекет ретінде көптеген шет мемлекеттердің таныған кезеңі болып отыр.
Егемендік алғалы бас-аяғы 24 жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды. Мем­­лекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген бедел­ді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Қазақстан барлық елдермен достық қатынасын ны­ғайтты, еліміздің экономикасы, мәдениеті, саяси жүйесі нығайды, демократия мен заңдылық, құқық тәртібі жетілдірілді.
Осы тәуелсіздік алған аз уа­қыт­тың ішінде елімізде 1993 жә­не 1995 жылдары екі бірдей Конс­титуция қабылданды. Еліміз президенттік басқару жүйесіне өтті. Биліктің барлық салалары Конституцияға сай қызмет атқаруда. Мемлекетіміздің құ­қықтық қатынастарын рет­тей­тін көптеген заңдар, кодекс­тер қабылданып, мемлекеттік құ­рылыстың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жатыр.
Елімізде ұлттар достығы ны­ғайды, дүниежүзіне үлгі болатын Қазақстан халқы Ассамблеясы құры­лып, адам мен азамат құқық­тары мен бостандықтарының өр­кениетті қағидалары толық жүзеге асырылды. Бұған қоса, қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды.
Ғасырлар бойы шет жерде жүр­ген сан мыңдаған отандас­тарымыз, қандастарымыз өз атамекеніне оралды. Қазақстанда тұратын бар­лық ұлттардың тілінің, дінінің дамуына толық мүмкіндік жасалды. Қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тартты, ядролық ши­­кізат бейбіт өнім өндіру затына айналды. 1991 жылғы 29 та­­мызда Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың Семей ядролық сы­нақ алаңын жабу туралы тарихи ше­шімі қабылданды. Бұл күнді БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2009 жылы желтоқсанда Қазақстан­ның ұсынысы бойынша Ядролық сы­нақтарға қарсы халықаралық іс-қи­мыл күні деп жариялауға шешім етті. Қазір бүкіл әлем Қазақстанды ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде таниды.
Қазақстанда ұлттық валюта – теңге қолданысқа енді, еліміздің экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Сондай-ақ, елі­­­­міздің мемлекеттік шекарасы белгіленіп, көршілес мемлекеттер­мен бұл тұрғыдағы құжаттар бе­кітілді, сөйтіп, мем­лекетіміздің қауіпсіздігі нығайтылды.
Қазақстан аумағының орта­лығында елдің, жердің тұтастығын сақтау мақсатында жаңа астана салынды. Осындай жетістіктер мен табыстар Қазақстанды әлемге танытты. Республикамыздың жедел өркендеу қарқынына дамыған елдердің қайраткерлері де оң бағасын беруде.
Еліміздің аз уақытта өркендеп, өркениетті елдермен терезесі тең болуына сүбелі үлес қосқан – елі­міздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Н.Назарбаев еліміздің егемендігін тұңғыш жариялап қана қоймай, ерлікті еңбекпен, даналықты әлем­дік саясатпен ұштастырды, елдің ел болып өркен жаюына, өркениетті мемлекет дәрежесінде танылуына білімі мен билігін, ойы мен парасатын, күш-қуаты мен жігерін жұмсап отырған озық ойлы қайраткер.
Н.Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде елдің ішкі және сырт­қы саясатының бағыттарын кемеңгерлікпен айқындап, ел ішінде және халықаралық қатынас­тарда Қазақстанның атынан өкіл­дік жүргізу құқығын Қазақстан Республикасы Конституциясына сай жүзеге асырып келеді.
Президенттің алдына қойған ең басты мақсаты да адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын Конституцияға сәйкес іске асыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ел бірлігін сақтау, мем­лекеттің экономикасын және саяси жүйесін дамыту, ұлттар дос­тығын нығайту, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу екені баршаға аян.
Осыған орай, Президенттің тікелей Жарлығымен «Қазақ­стан-2030» стратегиялық даму жоспары бекітілді. Осы жоспарда мынандай жеті ұзақ мерзімді басымдық айқындалған: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның топтасуы; шетел инвестициялары мен ішкі жинақтардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының ден­­саулығы, білімі мен әл-ау­қаты; энергетика ресурстары, инфра­құ­рылым, әсіресе, көлік және байланыс; кәсіби мемлекет. Осы басымдықтар елдің өркендеуінің, дамуының, ұлттар беделі артуының негізіне айналды.
Қазақстан Республикасы Пре­зи­­­дентінің 2010 жылғы 1 ақ­пан­­дағы №922 Жарлығы­мен «Қазақстан Республикасы­ның 2020 жылға дейінгі стратегия­лық даму жоспары» бекітілді. Бұл жос­пар Қазақстанның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігі артуының, экономикалық биікке көтерілуінің, құқықтық мемлекет орнатуының алғышарты болып отыр.
Мемлекетіміздің атынан өкіл­дік етіп келе жатқан ең жоғары ла­­уазымды тұлға Президент Н.На­­­зарбаев еліміздің абыро­йын, атағын асқақтатып, туған Отанымыз – Қазақстанның беделін көкке көтерді. Мұның жарқын кө­рінісінің бірі – Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі және соңғы 11 жыл бойы өтпей келген ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастыруға қол жеткізуі болып табылады. Ал елі­міз 2011 жылы халқының саны 1,5 млрд. адамды құрайтын, 57 мем­лекетті біріктірген Ислам Ын­ты­мақтастығы Ұйымына төр­ағалық етті.
2012 жылы 14 желтоқсандағы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында елі­міздің ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу қажеттілігі паш етілді.
2012 жылы 22 қарашада Халық­аралық көрмелер бюросының Бас Ассамблеясында өткізілген құпия дауыс беру нәтижесінде 163 мемлекет арасынан 103 дауысты иеленген Қазақстан 2017 жылы ха­лықаралық ЭКСПО көрмесін Астанада өткізу құқығына ие болды. Алдағы осы көрмеге әлемнің көптеген мемлекеттерінен бірнеше миллион турист келеді деп болжануда. ЭКСПО-2017 көрмесі Қа­зақстанның жетістікте­рін әлем­ге тағы да танытары сөзсіз. Ал бұл халықаралық көрменің дайын­­дық барысын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі тікелей қадағалап отыр.
Мемлекет басшысы биыл жа­риялаған 5 институттық рефор­ма, яғни одан туындайтын «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспары да туған Отанымыз – Қазақстан Рес­публикасын әлемдегі аса да­мыған өркениетті елдер қатарына қарай жақындата түсетіні еш күмән туғызбайды. Елімізде оған алғышарттар да жеткілікті. Елбасының беделі – елдің бе­рекесі. Барды бағалай білу – елін, мемлекетін сүйген әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осыған орай, өткен сайлауларда еліміздің прези­денттігіне Н.Назарбаевтың үлкен басымдықтармен бірнеше рет сайлануы өте қуанышты жайт. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы – бұл жоғары лауазымға өте ла­йық тұлға. Ол – өз биігіне қа­жыр­лы еңбекпен, ақыл-пара­са­ты­мен, адамгершілігімен, ұлт­жан­дылығымен, өз жерін, елін жан-тәнімен сүйетіндігімен сатылап жеткен қайраткер. 2012 жылы Қазақстанның БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі ке­ңесі­нің мүшесі болып сайлануы да Елбасының халықаралық биік беделінің тағы бір көрінісі болды.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қа­зақ­стан эволюциялық жолмен, бейбіт дамудың нәтижесінде саясатта, экономикада, халықаралық қатынастарда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен белестерге көте­рілді. Қазақстанның біртұтас­тығын, демократиялы, зайырлы, әлеу­меттік, құқықтық мемлекет екендігін, адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігін паш ететіндігін бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы күнін атап өту өте орынды. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанда Президент біреу, ал ел халқы оған әруақытта тіреу. Олай болса, алда келе жатқан 1 жел­тоқ­­сан – Тұңғыш Президент күні құтты болсын, еліміз өркендеп, да­ми берсін.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар