Отандық автоөнеркәсіп мамандары

/uploads/thumbnail/20170708203311837_small.jpg

Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде даярланады
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті – авто­өнеркәсіп кәсіпорындары үшін арнайы мамандар әзірлеуді бастаған еліміздегі алғашқы білім орындарының бірі. 2003 жылы «АЗИЯ АВТО» АҚ кәсіпорнының конвейері іске қосылғаннан бастап ШҚМТУ қазақстандық тұңғыш автомобиль өндірісіне қажетті мамандарды даярлап келеді. 2011 жылы аталған университет пен зауыт арасындағы ынтымақтастық жаңа белеске көтеріліп, кәсіпорында университеттің «Көлік және логистика» кафедрасының филиалы ашылған болатын.
Бүгінде аймақтың жетекші техникалық жоғары оқу орны өзінің көп жылдан бергі ғылыми-өндірістік тәжірибе барысындағы серіктесімен бірлесе жұмыс жүргізудің нәтижесінде екіжақты тиімді байланыстың жаңа сатысына аяқ басты. Енді жоғары оқу орны Өскемен қаласындағы «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ базасында салынып жатқан ірі машина жасау өндірісі үшін білікті инженер мамандарын даярлайтын болады. Осы арқылы ШҚМТУ-дің профессорлары мен оқытушылары және магистрлік бағдарламалардың студенттері толық циклді автомобиль зауытының және автобөлшектер шығару жөніндегі технопарк бөлімдерінде ғылыми және кәсіби тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл жөнінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов пен «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ президенті Ержан Мандиев өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қою барысында белгілі болды. Келісім аясында бірлескен ғылыми-тәжірибелік және зерттеу жұмыстары ұйымдастырылады деп күтілуде. Университет ректорының айтуынша, бұл жоба жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Яғни, студенттер мен оқытушылар Қазақстандағы жаңа саланың қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қоспақ. Сонымен бірге, мамандықтардың отандық реестрі университеттің білім беру бағдарламаларының тізімі сияқты анағұрлым кеңейеді. Ал «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ президенті Е.Мандиев кәсіпорын базасында салынып жатқан өндіріс орнында 12 мыңға жуық жұмысшы-қызметкерлер жұмыс істейтінін, олардың ішінде 1500 дипломды инженерлер, құрастырушылар, автомеханиктер, химик-технологтар, логистика және ақпараттық технологиялар мамандары еңбек ететінін жеткізді. Кәсіпорын басшысы осы орайда оқу орнымен бірлесе отырып, жаңа өндіріске қажетті білікті мамандар тобы дайындалатынын атап өтті. Қазір құрылысы қызу жүргізіліп жатқан өндіріс кешенінің жобалық қуаты дәнекерлеу, көлік қорабын бояу және автомобиль құрастыру бойынша жылына 120 мың автокөлік шығармақ. Өндірістің бірінші кезегі 2017-2018 жылдары іске қосылады.
«АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ-тың бұл жобасы еліміздің 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына, индустрияландыру картасына және басқа да бірқатар мемлекеттік бағдарламаларға енгізілгенін де айта кеткен ләзім.

"Қамшы" сілтнейді

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар