Астанадағы Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысты ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланғанын, сол себепті 2015 жылдың маңызы зор екенін жеткізді. «Бұл жыл саяси тұрғыдан да, тарихи-ғылыми тұрғыдан да мән-мағынасы ерекше жыл десем, артық айтқандық емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында үлкен шаралар өтті. Биылғы жыл, сондай-ақ, Конституцияның 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Жеңістің 70 жылдығына сай келді. Ал жалпы, бұл шаралардың барлығына ғылыми-сарапшылық кеңестің мүшелері атсалысты», – деді ол.
Осылай дей келе, Е.Тоғжанов биылғы жыл Елбасының бес институттық реформасы аясындағы «100 нақты қадамның» жүзеге асырыла бастауымен де маңызды екеніне тоқталды. «Осы 5 реформаның ішіндегі 4-ші реформа – бірегейлік пен бірлік. Яғни, 5 реформаның бесеуі де осы 4-ші реформасыз жүзеге асуы мүмкін еместігін халық жақсы біледі деп ойлаймын», – деді Е. Тоғжанов бұл турасында. Өз сөзінде ол, сондай-ақ, биылғы жылы көптеген саяси шара жүзеге асырылғанын, оларға «Менің Қазақстаным» арнайы пойызының экспедициясы мен «Ұлы Дала елі» экспедициясын, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасын қосуға болатынын атап өтті. «Ал бұлардың қатарында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының алар орны айрықша. Бұл идеяның көтерілгеніне біраз уақыт болды. Ол қазір ел арасында, облыстарда талқылануда. «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі жобаларының бірі Астанада өткен Патриоттар форумында қаралды.
Ал ондағы жергілікті жерлерден келіп түскен, сондай-ақ, осындағы ғалымдарымыз берген ұсыныстар таразыға салынып, ертеңгі күн олар сіздердің қарауларыңызға ұсынылатын болады. Яғни, бұл идеяның өзегі Қазақстанда тұратын азаматтардың бір-біріне деген көңіл-ниеті бір үйдің баласындай болуы керек дегенге саяды. Себебі, сондай ел ғана үлкен жетістікке жетуі мүмкін», – деді Е.Тоғжанов. Бұған қоса, ҚХА Төрағасының орынбасары Қытайдың Қазақстанның этносаралық келісім бағытындағы тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын, бұған жақында сол елге жасаған сапары дәлел болғанын, бұл Қазақстанның «қоғамдық келісім» идеясының маңызын сөзсіз арттыра түсетінін айтты.
Жиын барысында Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов те сөз алып, аталған академия ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық кеңесінің негізгі базасы саналатынын, академияда 2011 жылы Елбасының тапсырмасымен этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты зерттейтін орталық ашылғанын жеткізді. «Биылғы жылы Мемлекеттік басқару академиясы Швецияның Упсала қаласындағы жоғары оқу орнымен бірлесе, үлкен халықаралық конференция өткізді. 20-дан астам мемлекеттің өкілдері қатысқан конференция барысында мемлекетіміздің этносаралық келісім үлгісіне деген айрықша қызығушылық байқалды. Жалпы, өзге елдердің біздің еліміздің қоғамдық келісім бағытында қолға алған жұмыстарын танып-білуге, зерттеп-зерделеуге деген ынта-ықыласы ерекше», – деді Б. Әбдірәсілов.
Жиын аясында, сонымен қатар, ҚХА Медиация институтын қалыптастыру мен дамыту бойынша өзекті мәселелер қарастырылып, қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы ҚХА кафедралары жұмыстарының негізгі бағыттары талқыланды.
Шара соңында ҚХА мерейтойына арналған үздік ғылыми жұмыстардың тұсаукесері өтіп, бірқатар азамат «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Дереккөз: егемен Қазақстан