Бұл – сындарлы тарихи сәт

/uploads/thumbnail/20170708203329306_small.jpg

Президент Н.Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзінен туған ойлар
Қазақ тілін қорғау, қазақ тілінде сөйлеу, қатынас қағаздарының бәрін қазақ тілінде жазу және жолдау, құқықтық құжаттарды қазақ тілінде рәсімдеу, бір ауыз сөзбен айтқанда, қазақ тілін тұрмыстық, отбасылық күйкі күйден арылтып, қоғамдық қарым-қатынас тіліне көтеру керек деп тынбай айтып, тынбай жазып келеміз. Егер түйсінер көңіл, ұғар құлақ пен құлық болса, осы түйткілді проблемалардың бәрін Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидаға бергісіз ескертпесімен-ақ шешуге болатын еді. Бірақ өзге тілде сөйлеп, өзге тілде ойлап өскен, солай тәрбиеленген және ұрпағын солай тәрбиелеуге дағдыланған бір қауым зиялы топтың сансырап қалған санасын жеңуі созбалақтана созылумен келе жатқан еді. Өзге үстем тілді дүниенің кілтіндей санайтын кейбір қандастарымыздың қазақ тілін қоғамдық қатынастың тіліне, саясаттың тіліне айналуға құдіреті жететін тіл дегенге сенбейтін көзқарастары өзгермеген күйден әлі арыла алмай отырғандары да жасырын емес.
Ал енді сол өзіміз қадіріне жетуге мойнымыз бұрылмай жүрген қазақ тілі – қазақтың тілі Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен әлемге үн қатты. Онда да қазақтың жағдайын жаса деп емес, әлемнің мақсат-мүддесін көздей, әлем халықтарының берекесін, бірлігін, ынтымағын сақтаудың, бейбітшілікті нығай­тудың, аш-жалаңаштарды тойындыру, жазықсыз оққа байланып жатқандардың тағдырына жана­шырлықтың зәрулігіне алаң­даған пейілін әр жүрекке жеткізе бүкпесіз, ашық танытты. Адамдардың теріс әрекеттерімен күрделіленіп бара жатқан әлемдік проблемаларды мақсат-мүдделер ортақтастығымен жақсы жағы­на қарай шешуді көздеген бей­бітшіліксүйгіш көзқарасын толғай сөйлеп жеткізді дүниежүзінің игі жақсыларына.
Адамдарға керегі тыныш заман, бейбіт еңбек қана. Ал енді бәрі­міз үшін тіршілігіміздің тірегі осы тілектер неге сақтала бер­мейді? Әлем тарихына қарап отыр­саңыз, қилы-қилы сылтаулар­мен соғыс өрті үнемі тұтанды­рылып отырған. Сол адам қолымен жасалған алапат қырғын­дардан біреулер даңққа қол жет­кізіп, байлығын тасытқан шығар. Бірақ даңқ та, байлық та мәң­гілік емес қой. Десе де, соғыс өртінен, оның лаңдарынан жазық­сыз адамдар мерт болып, тіпті, тұтас ұлттар жер бетінен жойылып кеткендігіне кәрі тарих куә.
Жаратылысынан көп теперіш көрген ұлттың бірі – біздің қазақ десек, қателесе қоймаспыз. Ақын жырымен кестелегенде, «мың өліп, мың тірілгенбіз». Тәуелсіздігін алып, енді «Мәңгілік Елге» айналуды басты мақсат еткен еліміз үшін керегі – бейбіт еңбек. Ынтымақ бұзылып, оның соңы түрлі жанжалдарға ұрындырып жатқанын, соғыс өрті тұтанып, жазықсыз адамдардың бала-шағасын шұбыртып туған жерінен босып бара жатқанын көріп отырмыз. Еліміз осындай апаттардан аман болуы үшін бізде ғана емес, сол ынтымақ пен тыныштықтың әлем халқына керектігін Елбасымыз үнемі айтып келеді. «Мен жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін. ХХІ ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс», – деген Президентіміздің ең бірінші өз мемлекетін атом қаруынан азат еткені белгілі. «Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел». Мұның тарих үшін өзгелерге үлгі бастама екендігіне сол кезде әлем жұртшылығы назар аударған болатын.
Сол Жер-Анаға, оның бетінде өмір кешіп жатқан тіршілік иелерінің бәрінің өміріне қауіп-қатер туғызатын ең басты суық қару атом қондырғыларын бей­біт мақсатқа жұмсаудың маңыз­ды­лығын Елбасымыз назарынан тыс қалдырған емес. Әлем­дегі соғыс өрті тұтанған мемле­кет­тердің барлығына барып, ара­ағайындыққа жүрген Н.Назар­баевтың көздеген мақса­ты біреу ғана, ол – адамзат баласының тыныш өмір сүруіне негіз қалау, соған екі жақты тірескендердің теріс пиғылдарын өзгертуге алғышарт жасау. Міне, дәл осылай екендігі дүйім жұртқа белгілі.
Ал енді Жер шарының әр түк­пірінде мемлекеттердің, ондағы бұқара халықтың тыныштығын алып жатқан оқиғалардың, жан­жалдардың, соғыстардың тууы­на басты себептер қандай? Неге адамдар әуелі өзінің, отба­сы­ның жайлы тұрмыста өмір сүруіне жағдай жасаудың орнына, өзгелердің тағдырына арала­сып, екі жақтың да қауіп-қатер­ге ұшырауына, бұйырған несібе­сінің бей-берекет шашылып, оның соңы адам қанының төгілуіне дейін әкелетінін біле тұра ұмтылады?
Екінші дүниежүзілік со­ғыста атом қаруы бірінші рет қол­данылды. Оның қандай қайғы-қасірет әкелгенін әлем жұрт­шылығы біледі. Содан бергі өткен уақыт аралығында атом қаруын қолданбау, атом қаруын жасамау және сынақтан өткізбеу туралы халықтар атынан қаншама талаптар қойылғанымен, ядролық қаруы бар державалар қатары өскендігі өкінішті. Жер бетіндегі тіршілік атаулының өмір сүруін жоятын мұндай аласапыран қаруды жасауды тоқтататын мерзім жетпеді ме? «Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырамын», – деген Елбасы «Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады және солай болуға тиіс», – деп те адамдарды жойқын қарудың қолданылуына жол бермеу үшін ықпалды күшке ие болуға үндейді. Бұл әлдеқашаннан солай болуға тиіс десек, ондай қозғалыстарға империялық пиғылдағы мемле­кеттер аса көңіл аудармай келді. Енді алдағы уақытта мына ХХІ ғасырдағы мемлекеттер ара­сын­дағы үдерістер, қойылып отырған талаптар негізге алынарына сенеміз.
Әлем тыныштығын қашырып жатқан бір қауіптің ошағы – терроризм мен діни экстремизм. Бейбіт тұрғындардың ортасында жанкештілердің бомба жаруын қалай түсінуге, немен ақтап алуға болады? Мұндай есерсоқ әрекетті қалай тоқтатуға болады деген сұраққа Елбасымыз былай деген уәж айтады: «Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын». Шын мәнінде жастарды терең иіріміне тартуға күш салып жатқан бұл қауіп­тің алдын алуға Жер шары­ның біріккен амалы іске қосылмаса, қанат жая беретіндігі байқалады.
Адамдар неге мұндай теріс пиғылдылардың соңына еріп, өз өмірін қиюға барады деген сұраққа әркімнің-ақ жауап іздейтіні анық. Біреулер насихаттың қолжаулығына айналса, енді бірқатары өмір жолында кездескен қиындықтардан шығудың амалын басқадан емес, тағы да сол кері ықпалды күштерден іздеп, ең соңында қаржылай жәрдеммен шырмаған солардың ұсыныстарын қабыл­дайды. Әрине, мұндай теріс ықпалға ерудің басқа да қисын­дары болатындығы даусыз.
Осының себептері мен салдарын талдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйлеген сөзінде: «Әлемді алаңдатып отыр­ған маңызды мәселелер: терро­ризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келең­сіз құбылыстар экономи­калық дағдарыстың, кедейші­ліктің, сауатсыздық пен жұмыс­сыздықтың салдарлары болып табылады», – деп басты түйінді түйткілдерді атап көрсетті. Ен­ді осылардың біздің елімізде қалай шешіліп жатқандығына ой жүгіртейік. Біріншісі – әлемді жайлаған дағдарыс толқыны Қазақстанға да әсерін тигізді. Ол туралы Президентіміздің түрлі мінберлерден сөйлеген сөздерінде айтылып, осы қиындықтардан шығудың дұрыс бағыттары да көрсетілуде. Қазір белгіленген межелерге байланысты біртіндеп шешімін тауып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары халықтық қолдауға ие. Демек, бізде дағдарыстың алдын алудың, одан көп қиындықсыз шығудың алғышарттары бар. Оның солай болатындығына қазақстандықтар бек сенімді.
Кедейшілікпен, жұмыс­сыз­дықпен күрестің де нақты жоспарлары жасал­ған­дығынан, Елбасы белгілеген сол сара бағыттар бойынша қан­дай іс-шаралардың пәрменді­лікпен ұйымдастырылып жатқан­дығынан халық құлағдар. Әрине, ел арасында жұмыссыздық та, кедейшілік те бар. Бірақ оның дені жалқаулардың еншісінде дер едік. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайтынын» санасына сіңіріп, еңбек етуге әрекеттенген жанның жұмыссыз отыруы екіталай. Ал кедейшілік де­ге­ніңіздің жалқаулықпен сыбайласып жататындығы тағы да белгілі.
Кедейшіліктен, жалқаулықтан адамды арылтатын, қиынсынған істі бастауға тәуекелге жетелейтін қуатты күш – сауаттылық. Сауат­сыз адамның ісінің өрісі тар болады. Өйткені, қолда бар бай­лығын қайда, қалай жұмсаса, қосымша табыс көзіне айналдыратын жол-жобаны білмейді, білуге сауаты жетпейді. Ауыл шаруашылығында еңбек ететін кәсіпкерлеріміз енді-енді ғана малының санын емес, одан алынар өнімнің молшылығын жасауға негіз қалайтын сапа мәселесін дұрыс шешкенде ғана байлығының артатынына көңіл аудара бастады. Ешкінің сүтін беретін он сиырдан, он сиырдың сүтін беретін асыл тұқымды бір сиыр өсіргеннің пайдалы екендігін түсінді. Мұның өзі мал азығын дайындаудағы шығынның азаюына, еңбек өнімділігінің артуына елеулі әсер ететінін пайымдады. Міне, Елбасы айтқан сауаттылықтың ауылдың әлеуетін көтеруге тигізетін орасан зор пайдасы осы дейміз.
Одан әрі ойлай берсеңіз, есеп-қисаптың дұрыстығы, өзге­лермен пайдалы тәжірибе алмасудың тиімді жолдарын зерттеп үйре­ну де осы сауаттылыққа келіп тіреледі. Жалпы, біздің мемле­ке­тіміз – сауатты мемлекет, сауат­сыздық әлдеқашан жойылған. Бірақ мына жаңа қоғамның алға қойған талаптарын шешу үшін сауаттылықтың әріп тану деген формасымен биікке шыға алмайсыз. Кәсіби біліктілікке үйрену үне­мі назарда болғанда ғана түйт­кілді мәселелер өз шешімін тап­пақ.
Біздің елімізде ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілмегі, соған байланысты өз жастарымыздың арасында «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ұйымдастырылып жатқан көрмелердің ықпалы жас ұрпақты жаңа ғылыми негіз­де сауаттандыруға жол ашпақ. Біз көрменің ертеңгі дамуы­мыз үшін тигізетін осындай ұшан-теңіз пайдасы болатын­дығын ұмытпағанымыз жөн. Прези­ден­тіміздің Біріккен Ұлттар Ұйы­мының биік мінберінде тұрып: «Болашақты ескеріп, ЭКСПО-2017 көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан Біріккен Ұлт­тар Ұйымы қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынамын», – деген сындарлы ұстанымының аясында мемлекетімізде бүгінгі уақытқа жауап бере алатын сауаттылықтың жолдарын ашу өрісі жатыр десек, қателеспейміз.
Елбасымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен әлемдік мәселелерді батыл қозғап, ойларын қазақ тілінде баяндап, ұлтымыздың да, тіліміздің де мәртебесін өсірді. Бүгінгі уақыт талабынан туындаған жаһандық қажеттіліктерді алға тартып, өткір ұсыныстар жасады. Неге? Өйткені, «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы дүниежүзілік соғыстар мен әскери қақтығыстардың миллиондаған құрбандарының қанымен жазылғанын ұмытпауымыз керек». Иә, Біріккен Ұлттар Ұйымы – әлем тарихындағы осындай аласапыран оқиғалардың алдын алуды, халықтың қайғы-қасіретке ұшырамауын көздеп, ықпалды әрекет жасаушы мәртебелі ұйым. Оның мінберінен сөз сөйлеудің құрметті мүмкіндігі миллионның біріне түсер және оның бәрі бірдей әлемдік ауқымда өз ана тілінде сөйлей де бермес. Отанымыздың тарихындағы осындай сындарлы тарихи кезеңнің бағасын біле жүрейік демекпіз.

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар