31 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет жария түрде жаңа Азаматтық процестік кодекске қол қойған еді. Рәсім аясында Елбасы бұл құжаттың құқық саласын түбегейлі жақсартатынын айтқан-тын. Демек, егер аталған кодексте қарастырылған нормалар жүзеге асса, сот процестері ашық өтіп, тиісінше, халықтың сот жүйесіне деген сенімі арта бастауы керек.
Сонымен қатар, құжатта сотқа жүгініп, дауды ушықтырмай-ақ, тараптар өзара мәмілеге келу жолдары арқылы да түйткілді дүниенің түйінін тарқатуға болатыны көрсетілген. Алдағы уақытта іс жүргізудің жеңілдетілген түрі де кеңінен қолданылатын болады. Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг осы мәселеге арналды.
Мәселен, Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Ұлбосын Сүлейменова Азаматтық процестік кодекстің жаңа жобасы Судьялардың VI съезінде Мемлекет басшысының азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру туралы тапсырмасына байланысты әзірленгенін айтты. «Кодекс азаматтық істерді сапалы әрі жедел қарау тәртібін көздейді. Сондай-ақ, ол тараптарды татуластыруға, озық ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған. Осыған орай, қолданыстағы кодекстің нормалары кешенді түрде қайта қаралды. Оны талқылауға барлық азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Интернет ресурстарға келіп түскен ұсыныстардың біразы ескерілді. Кодекс жобасының ережелері көптеген дөңгелек үстелдерде, семинарларда, конференцияларда талқыланды», – деді ол.
Оның айтуынша, құжатты дайындау барысында халықаралық сарапшылардың пікірлері де ескеріліпті. «Шетелдік заңнамалар жан-жақты саралаудан өтті. Мұның өзі құқық саласына қатысты барлық тетіктің назардан тыс қалмағанын көрсетеді. Мәселен, кейбір нормалар құжат жобасына енгізілді», – деді бұл жөнінде судья.
Брифинг кезінде Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел посткеңестік кеңістікте және әлемдік тәжірибеде алғаш рет Азаматтық процестік кодексте адвокаттардың татуластыру шараларын жүзеге асыратыны бекітілгеніне тоқталды. «Мұндағы негізгі айтар ой мынау: яғни, татуластыру шаралары кезінде азаматтарға сотқа барудың қажеті жоқ. Себебі, сотқа кететін қаражат шығыны да, моральдық жағынан кететін «шығын» да орасан. Ал татуластыру шаралары арқылы азаматтар өздерінің қарама-қайшылыққа толы қарым-қатынастарын бір ізге түсіре алады. Мәселен, кодексте сот әділдігін дамытуға ықпал ететін медиация институтын одан әрі дамыту, соттардың жүктемесін азайту, судья өткізетін соттағы жаңа процестік қызмет – медиацияны енгізу қарастырылған», – деді Ә.Түгел.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін медиатор мен сот жүргізетін медиацияның қажеттілігін сот процестері анық көрсетіп берген. Мәселен, 2014 жылы кәсіби медиаторлардың және судьялардың қатысуымен мұндай үдеріс сәтті жүзеге асырылып, барлығы 9 мыңнан астам медиация жүргізіліпті.
Ал Бас прокуратураның 4-ші департаментінің бөлім басшысы Марат Әбішев жаңа кодекс шеңберіндегі прокуратураның рөліне тоқталып, мемлекет үшін инвестициялық дауларды шешудің маңызы қандай екенін айтты. «Бұл құжатта көрсетілген нормалар бойынша, прокурорлардың белгілі бір істер категориялары бойынша сот процесіне қатысуы қысқартылды. Олар негізінен жеке құқықтық келіспеушіліктерге байланысты. Ал оларға прокурорлардың қатысуы қажет емес», – деді М.Әбішев өз сөзінде.
Дереккөз: егемен Қазақстан