Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институттық реформаның жүзеге асуына негіз болатын 55 заңды Мәжіліс өте қысқа уақыт ішінде түбегейлі қарап, дайындап үлгерді. Қауіпті сынақтар мен жаһандық тұрақсыздық кезеңінде дағдарыстық жағдайдан аман шығудың жоспары бүгінде заманауи және өзекті болып табылады. Осы орайда, Президент ұсынған мемлекеттің даму стратегиялары әлем бойынша сындарлы мәнге ие болуда. Соның ішінде «Қазақстан-2050» Стратегиясы – әлемде дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойған еліміздің жаңа саяси бағыты. Сонымен қатар, мемлекеттілік пен экономиканың дамуын және оның әлемдік нарыққа шығуын көздейтін жобалардың бірі – Елбасымыз ұсынған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы болып табылады. Осындай ауқымды мақсаттарды іске асыру, ең алдымен маңызы зор заңдарды қабылдау арқылы жүзеге асатын жаңаруларды талап етеді. Бұл орайда жауапкершілік Парламентке жүктелді. Себебі, заңдардың көп бөлігі 2016 жылдың қаңтар айында күшіне енуі тиіс.
Атап айтатын жайт, депутаттық корпус өзіне жүктелген міндетті кәсіби, сапалы және тың серпіліспен атқарды. Олардың Президент ұсынған бағдарламаны заңдылық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін алға қойған мақсаттарға жетуде қаншалықты күш-жігер жұмсағаны басқаларға қарағанда бізге – заңгерлерге түсінікті. Парламент Мәжілісінің, оның үстіне Еуразия ұлттық университетінің көптеген ғалымдары заң жобаларын әзірлейтін топтардың құрамында бірге жұмыс атқарды. Заң шығармашылық қызметі инемен құдық қазғандай, себебі бұл, ең алдымен, білімділікті, жауапкершілікті, азаматтық позицияны қажет ететін ауыр еңбек. Осы уақыт ішінде жұмысшы топтың 500 отырысы ұйымдастырылып, 11 мың нақты заң жобалары бойынша мамандар шақырылып консультациялар өткізілді. Соның ішінде жартысы қабылданды. Атап айтатын жайт, Мәжіліс депутаттары қарастырған заң жобалары қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтыды. Тағы бір ерекше атап өтетін мәселе, жұмыс кезінде басты назар қоғамның демократиялануына және оның мемлекетке деген көзқарасына оң ықпал ететін азаматтық қоғам институттарына бөлінді.
Реформалардың жетістігі, көп жағдайда, мемлекеттік аппараттың кәсіби қызметіне байланысты. Демек, Парламент Мәжілісінің заңды талқылауынан өткен барлық 55 заң жобалары арқылы Президент Н.Назарбаев бағдарламарының құқықтық қамтамасыз етілуі Қазақстанның өркендеуін және Мәңгілік Ел ұлы құндылықтарын қалыптастыруды жүзеге асырады.
Сәуле АМАНДЫҚОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университеті заң факультетінің деканы.
АСТАНА.
Дереккөз: егемен Қазақстан