Қарадала – құт мекен

/uploads/thumbnail/20170708203419603_small.jpg

«Әуелі – экономика, сонан соң саясат» ұстанымын ұстанған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Қазақстан атты жаңа тұрпатты жас мемлекетті азуын айға білеген азулы елдердің өзі санасатын, өркениет көшіне ілесе алатын мемлекет ету жолында үнемі тың ізденістер мен бастамалардың бастауында болды. Елдің әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін алдыңғы орынға шығару басты орынға қойылды. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, ел игілігіне жұмыс істеді. Бүгінде сол Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарламалардың бірқатары ауыл халқының күнделікті табыс көзіне айналып, ел экономикасының артуына алғышарт жасап келеді. Нәтижесінде, аудан, қалалардың, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы жылдан-жылға арту үстінде. «Жайлауы жасыл, жайқалып жатқан», «түгін тартсаң, майы шығатын», құт дарып, береке қонған қасиетті Қарадала өңірі де ерекше қарқынмен дамуда.
Атам қазақ «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дейді. Бекер сөз болмаса керек. Ұйғыр ауданына басшы болып келген Алимжан Тохтасунов та алғашқы күннен-ақ аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарып, ауылдардың дамуына күш салды. «Туған жерге туын тіккен» түлек ауданға инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерліктің тасын өрге домалату, аграрлық секторды алға бастыру, әлеуметтік салаға әр мен нәр кіргізу істеріне бел шеше кірісті. Нәтижесінде, үстіміздегі жылдың өзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері біршама алға басты.
Ауданда әу бастан-ақ кәсіпкерлікке кең өріс ашылған. Еңселі елдікке еңбек жеткізетінін жақсы түсінген аудан халқы да адал еңбектің көзін таба білді, шаруаға бел шеше кірісті. Біртіндеп қайтарымын көре бастады. Биыл да бұл жұмыс кері кетпеді, мүмкіндігіне қарай кеңейе түсті. Бүгінгі күнге дейін аудан кәсіпкерлерінің өндірген өнімі 4 млрд. 992 млн. теңгені құрады, аудан бюджетіне 126 млн. 600 мың теңге салық құйылды. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда кәдімгідей жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті өңірлік қолдау бағдарламасы бойынша осы жылы ауданда 18 сауда нүктесі, эконом-маркет, жанар-жағармай стансасы, дәмхана, сән салоны, қонақ үй сияқты қызмет көрсету орындары іске қосылып, 57 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұған қоса, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» және «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы біршама тұрғын несие алып, өз кәсіптерін ашты.
1
балдаурен
Мемлекеттік бағдарламалардағы мүмкіндіктерді жете түсінген аудан тұрғындары түрлі жеңілдіктер мен көрсетілген қолдау-көмектердің нәтижесінде түрлі кәсіппен айналысушылар қатары артып келеді. Бірі жер жыртып, өнім алса, енді бірі атакәсіппен айналысуда. «Сыбағаның» сыйын көріп, «Ақ бұлақтың» таза суын пайдаланып жатқан тұрғындар елімізде жүргізіліп отырған саясатқа дән риза. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында да жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының орындалуы өткен жылғымен салыстырғанда көш ілгері. Ал «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында ауданның Добын және Долайты ауылдарында ауыз су жүйелерінің жаңа құрылысы, ал Сұңқар ауылында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 15 млрд. 853 млн. теңгеге жетіп, нақты индекс көлемі 239,9 пайызды құрады. Бұл былтырғыдан 9 млрд. 430 млн. теңгеге көп. Мұны біз еселі еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесі деп түйдік.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады», – дей келіп, алысты жақын ету Жолдаудың басты түйіні екенін атап көрсеткен болатын.
Аудан аумағында да жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу мен қалыпта ұстауға 305 млн. 867 мың теңге бағытталды. Аудан орталығы – Шонжы ауылындағы басты көшелердің бірінің күрделі жөндеуіне 100,0 млн. теңге қарастырылған. Ағымдағы жөндеуіне бөлінген 50 млн. 684 мың теңге толығымен игерілді. Ақтам, Тасқарасу, Сүмбе ауылдарының көшелерін жөндеуге қарастырылған 72 млн. 683 мың теңге де іске жаратылды. Бұл игілікті жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жолдаудың тағы бір бағыты – тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту болатын. Бұл мәселе де өз шешімін ойдағыдай табуда. Өткен жылы ғана 40 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріліп, бірқатар отбасы қоныс тойын тойлады. Сол игі шара биыл да өз жалғасын тапты. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша 2300 шаршы метрлік 40 пәтерлі екінші тұрғын үйге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жуық арада тағы да 40 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелмек. Шалғайда жатқан аудан үшін бұл үлкен жетістік десек, қателеспейміз. Сонымен қатар, Шонжы ауылының оңтүстік-батыс жағалауында тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу жұмыстарының 3-ші кезеңіне 80,3 млн. теңге бөлінген. Бүгінде 12,3 шақырым жол жүйесі, 10,3 шақырым кәріз, 10,3 шақырым су құбыры, 17,8 шақырым электр жабдықтау жүйесі, 1,3 шақырым кабель жүйелері тартылды. Нысандарды үстіміздегі жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарда тұр.
«Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», деген еді қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Шоқан Уәлиханов. Ендеше, аңсаған азаттығымыз қолда. Енді керегі – білім. Өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін Елбасы жыл сайын өз Жолдауларында ерекше көңіл бөліп, бұл саланың өркендеуіне қомақты қаржы да бөлдіруде. Жаңа заманауи мектептер бой көтеріп, мектепке дейінгі тәрбие жұмыстары да жолға қойылды. Бүгінде ауданда балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 80 пайызды құрайды. «Балапан» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың өзінде 25 орынды бір жеке балабақша мен «Сая», «Балдаурен» балабақшаларынан қосымша топтар ашылды.
Аудандағы білім ордаларын заман талабына сай жөндеу жұмыстары да жыл сайын жүзеге асырылып келеді. Әр оқу жылында екі-үш білім ордасы өз шәкірттерін жаңа бейнеде қабылдайды. Биыл бюджеттен №1 Шонжы орта мектебіне 17,0 млн. теңге, Сүмбе орта мектебіне 12,5 млн. теңге бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары жасалды. Ал шекаралық аймақта орналасқан Қалжат ауылындағы мектептің шағын орталығы материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылды. Оған 4,0 млн. теңге жұмсалды.
Тау бөктерінде төрт түлік мал өсіріп, дала төсінде еңбек көрігін қыздыруға әбден машықтанып алған аудан тұрғындары – қазақтар мен ұйғырлар адал еңбекті татулықтың тірегіне айналдырған. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бұлақ басынан тұнады», «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналықты берік ұстанған аға буын кейінгі лек жастар санасына адал еңбек етумен қатар, ұлтаралық татулықты сақтауды құя білген. Қазақ пен ұйғырдың төскейде малы қосылып, құдалы-құдандалы болып отыр. Елбасымыз еліміздегі этностардың басын бір арнаға тоғыстырып, бірлікте жұмыс істеуге үндегені аян. Соның нәтижесінде әлемде теңдесі жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. Осы Ассамблея жұмысының жандануына аудандағы ұйғырлар да өзіндік үлес қосып жүр. Елбасы саясатын қалтқысыз жүргізген ағайындар бүгінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған жайы бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы бүкіл еліміздегі секілді ауданымыздың барлық елді мекендерінде кең көлемде атап өтілуде. Ассамблея жылы аясында жұмыла жұдырық бола білген еліміздің берекесі мен ауызбірлігі, тындырымды тірлігі бүгінгі жастарымыздың санасына сіңірілді.
Ауданда халықаралық маңызы бар «Жетіген – Қорғас» теміржолы іске қосылды. Еліміздегі ең ірі құс фабрикасының бірі осы ауданда. Алдағы уақытта аудан аумағынан өтіп, іске қосылатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы мен халықаралық газ құбыры тағы бар. Тізбелей берсек, желпіндірер жетістіктер жетерлік екен. Жалпы, Ұйғыр ауданы – құт дарыған, бақ қонған мекен. Мұндағы ұлттар достығы да ұлықтауға тұрарлық. Ұл-қыздары ұлтжанды, жастары жігерлі, азаматтары намысты.
«Қарадала – күй қанаты талмайтын,
Жібек жолы ғасырлармен самғайтын,
Сақ, Ғұндар мен Үйсіндердің көзі бұл
Шығыс пенен Батысты үнсіз жалғайтын», – деп қоғам қайраткері, ақын, осы өңірдің тумасы Нұрлан Оразалин жырлағандай, аудан халқы мекен еткен қасиетті Қарадала өңірі – елжірегенге еміренетін, күйінішке тебіренетін құдіретті де киелі жер. Оң қапталы ақбас Алатау мен мұзартты Хантәңірінен бастау алатын жасыл желекті бұл өлкенің бір бүйірінде атақты Іле өзені өріліп жатыр. Енді бір шетінде Бұғыты, Торайғыр таулары керіледі. Міне, осындай алқапты жазықта жатқан жазиралы кең дала қойнауында шежірелі Ерен тоғай, ғажайып көріністі Шарын шатқалы орын тепкен, дертке дауа Арасан ыстық суы да осында…

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар