«Мәңгілік Ел» – біртұтастығымыздың рухани өзегі

/uploads/thumbnail/20170708203420385_small.jpg

Көптеген ұлт пен дін­нің өкілдерін шашау шы­ғар­май, тату-тәтті тірші­лікте ұстап отырған ортақ шаңырағымыз Қазақ­станның ұлттық идеясы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айшықтаған «Мәң­гілік Ел» жалпы­ұлт­тық идеясы ғана емес, бір­неше ұрпақтың өмірлік ұста­ны­мына айналатын ұлы мүдде.
Қоғамды ұйыстыратын адами қасиеттер мен пер­зенттік міндеттер тұрғы­сында қазақтың күміскөмей әншісі, Ұлы Даланың бұлбұл үні, КСРО халық әртісі Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Бибігүл апа, өнеріңіз бен талантыңыздың арқасында туған халқыңызға қызмет етумен қатар, елдік пен теңдікті паш етіп, ұлттық татулықты насихаттайтын рухани-мәдени шаралардың да бел ортасында жүрсіз. Ұлт бірлігіне үндейтін сондай игі шаралар жөнінде не айтасыз?
– Ел бірлігін насихаттап, мемлекетіміздің нығаюы мен ұлттар достығының беріктігін баянды ететін игі шаралар бізде ұдайы өткізіліп тұрады. Халқымыздың ауызбіршілігі мен ел тыныштығына мұндай басқосулар мен мемлекеттік идеологиялық бағдарламалардың қосары көп. Біздегі бейбіт өмірдің кілті де осында болса керек.
Биыл елордамыз Астанада «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» атты патриоттар форумы болып, онда еліміздің әр түкпірінен Отанын құрмет тұтып, ұлтын сүйетін ұл-қыздар, өнер және мәдениет қайраткерлері, қазақ руханияты мен экономикасына зор үлес қосып жүрген тарландарымыз, мемлекетімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша ұлт өкілдерінің атынан келген патриоттар қатысты. Кісіні бір қуантатыны – Қазақстандағы достық пен бауырластыққа, еліміздің дамуы мен ілгері басуына осы ұлан-байтақ жерімізді мекен етіп жатқан барлық ұлт өкілдерінің шынайы атсалысып отырғандарына куә болу және адамзаттық ұлы міндет жолында бірлесе еңбектенуді сезіну екен.
– Бірлікті мақсат тұтқан бүгінгі Қазақстанның бағдары қандай деп ойлайсыз?
– Ел бірлігінің рухани өзегі әрі алға басудағы нақты бағдар ол жалпыхалықтық «Мәңгілік Ел» идеясы болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым ел тыныштығы мен ұлттар достығы, әлемде кездесетін түрлі кедергілерге біртұтас ұлт ретінде мойымай, бейбіт түрде жауап бере білу, өмір жолында септесіп қатар жүре отырып, қоршаған ортаға пайда келтіру туралы талмай айтып келеді. Міне, адамзат құндылығының алтын тірегі болған ұлы мақсат еліміздің мемлекеттік идеясына айналып, тату халқымызды тағы да бір мақсат аясында біріктіре түсуде.
Бүгінде Қазақстан – көптеген игі нәтижелерге қол жеткізген ел. Тіршіліктің барлық саласында. Осындай бірлігі мен берекесі жарасқан елді нығайта түсу үшін біздер, өнер мен әдебиет, саясат пен экономика, білім мен ғылым саласында жүрген әрбір қазақстандық өз саламызда озық болуымыз керек. Елін сүйген патриоттық дегеніміз осы, Елбасы айтқан «Мәңгілік Ел» осы. Алдыңғы буын өкілдері қазақ халқының тұтастығы мен келер ғасырға жетуіне өз үлесін қоса білді, ендігі үміт жастарда. Егер біздің бүгінгі ұрпақ білімі асып, бір-бір саланы меңгерсе, өз ісінің майталманы болса, онда Қазақстан дамыған үстіне дами бермек, ұлтымыздың адамзаттық кеңістігі кеңи түспек.
– «Ұлтты сүю, Отанға қызмет ету – иманнан» деп айтқан екен алдыңғы аға буын өкілдері, сіздің пайымыңыздағы нағыз патриот – ол кім?
– Менің ұғымымдағы нағыз патриот – ол өз өмірін туған еліне, туған халқына арнаған адам. Еңбектің белгілі бір саласын меңгерумен қатар, оған барын сала жандандырып, жаңалық енгізетін және сол ісін өз мемлекетінің ілгері дамуы үшін жасайтын адам, міне, нағыз патриот. Менің жүрегімдегі үлкен арманым – аспанымыз мәңгі ашық болып, еліміз бейбітшілікте, халқымыз тыныштық пен тоқшылықта күн кешсе, сондай-ақ, мемлекеттілігімізді қалыптастыра түсу жолында еш кедергі болмаса екен деген арман. «Мәңгілік Ел» идеясы барша қазақстандықтардың жүрегінен орын алды, енді күллі әлем біздің бейбіт еліміз – Қазақстанның шын мәніндегі «Мәңгілік Ел» екендігіне куә бола берсе екен деймін.
Әңгімелескен
Қанат ЕСКЕНДІР,

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар