Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында Астана тұрғындарын жұмыспен қамту жайы талқыланды. Онда мәлім болғандай, Қазақстан бойынша жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіші Астанада тіркелген екен. Яғни, жұмыспен қамту бағдарламаларының аясында Астананың жеті мыңнан астам тұрғыны жұмыспен қамтылған.
«Астананың еңбек нарығына жүргізген талдауының негізінде әкімдік азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін шешуге бағытталған нақты іс-қимылдар жүйесін әзірледі. Барлық жұмыс Астана қаласының 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» аясында жүргізіліп жатыр», деді баспасөз мәслихатына қатысқан Астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ольга Демошкан. Сондай-ақ, ол Астананың еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін «Астана қаласының халқын жұмыспен қамтамасыз етудің 2015 жылға арналған кешенді жоспары» іске асырылып жатқанын тілге тиек етті. Осы орайда қызметінен босаған жұмысшыларды еңбекпен қамтуға негізделген шаралар атқарылуда. О.Демошканның мәлімдеуінше, жеті мыңнан астам адам бағдарламаға жұмылдырылып, олардың 6590-ы жұмыспен қамтылған, кәсіби оқытуға 772 адам жіберіліпті, төленетін қоғамдық жұмыстарда 1375 адам істеуде. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыстарға 102 адам орналастырылған, тағы 416-сы жастар тәжірибесіне жіберіліпті.
«Бүгінде елордамыздағы экономикалық белсенді халықтың саны 428 мыңға жетті, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 22 мың. Жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайызға төмендеп, 4,6 пайызды құрады. Бұл өз кезегінде Астанаға Қазақстан бойынша көшбасшы позицияда тұрақтауға мүмкіндік берді», деді О.Демошкан.
Ал енді Астана әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омаровтың айтуынша, елордада Жұмыспен қамту орталығына жүгінген әрбір екінші жұмыссыз еңбекпен қамтылып жатыр. «Жыл басынан бергі 10 айда бізге 10 мыңға жуық адам келіп, 4,5 мыңын жұмысқа орналастырдық. Яғни, бізге жолыққандардың әрбір екіншісі жұмыспен қамтылды», деді ол. О.Омаровтың сөзіне қарағанда, егер де қандай да бір себептермен жұмысқа орналасу мүмкін болмай жатса, онда қайта даярлау курстары ұсынылады. Осы орайда ағымдағы жылы 627 адам қайта даярлаудан өткен.
Сонымен қатар, жастарға, орташа арнайы, жоғары оқу орындарының түлектері үшін еңбегі төленетін жастар тәжірибесінен өту ұсынылады. Биыл 585 адам жастар тәжірибесіне жіберілді. Атап айтқанда, мемлекет айына 40 мың теңге төлейді. Бұдан бөлек О.Омаров халықтың мақсатты топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасудың арнайы бағдарламасы бар екенін еске салып өтті. Мұнымен қоса, жұмыссыздар уақытша жұмыс орындарына жіберіледі, яғни еңбекақысы төленетін қоғамдық жұмыстармен қамтылады. Биыл 1700 адам осындай жерлерге бағытталды.
«Оқудағы жастарға, студенттерге арналған тиісті шара бар. Оқудан бос уақытында олар қосымша табыс таба алады. 1,5 мыңға жуық студент осы шарамен қамтылды. Сонымен бірге, орталық бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізеді. Биыл 12 жәрмеңке ұйымдастырылды», деді ол.
Дереккөз: Егемен Қазақстан