Кеше облысқа «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен келді. Ол «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XIX конференциясына қатысты.
Облыстық партия филиалы конференциясының шешімімен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық филиалдың жаңа төрағасы болып сайланды. Асқар Мырзахметов филиалдың бұрынғы төрағасы Архимед Мұхамбетовтің партияны нығайту жолындағы жұмыстарына алғыс айтып, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол Бердібек Сапарбаевқа партияның халық арасындағы беделін нығайтып, филиал жұмысын жоғары деңгейге көтеретініне сенімін жеткізді.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Нұрхан Ағниязов «Филиалдың 2015 жылдың 9 айындағы жұмысы және алдағы міндеттері туралы» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол қазіргі таңда облыстық партия филиалы жұмысының басты бағыты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Нұр Отан» ел сенімін ақтаумен қатар, күрделі экономикалық жағдайда өз маңына жұртшылықты топтастыратын партия болуы керек», деген пікірінен тамыр тартатынын атап өтті.
– Бүгінде республика деңгейінде партиялық жұмыс әдісін жаңғырту бағытында шаралар қолға алынды. Облыстық және аумақтық партия филиалдарына жаңадан 15 штат бірлігінің берілуі бізге жаңа деңгейде жұмыс жасауымызға мүмкіндік туғызды. Ішкі тәртіпті реттеуші құжаттарды қайта регламенттеу – уақыт талабы. Филиалдардың жұмысын бағалаудың нақты индикаторларының анықталуы жұмысымызды реттеуге көп көмегін беруде, – деді баяндамашы. Оның айтуынша, 2015 жылы облыстың 27 нысан құрылысына Ұлттық қордан бөлінген 9 миллиард 133 миллион теңгенің тиімді жұмсалуы партияның тұрақты назарында, халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне халықтық бақылау жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар, жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесі мен дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағаларын бақылау басталды. Келесі кезекте ол «Нұр Отан» партиясының облыстық және аудандық, қалалық филиалдарының 14 қоғамдық қабылдау бөлмесі тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
Конференцияда қалалық мәслихаттың депутаты Алмагүл Бекенова сөз алып, қаладағы ірі жобаларға Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы бағытында атқарылған істерге тоқталды. Ойыл аудандық жастарға патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Айсұлу Мәмбетова партиялық жұмыстағы жаңашылдықтың бастауыш партия ұйымдарына серпін беретінін әңгіме өзегіне айналдырды. Бейбітшілік және келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов өз сөзінде партиялық жұмыстың жаңаша сипат алғанына, «Нұр Отан» партиясының халықтың мүддесі үшін қызмет ететіндігіне тоқталды.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов сөз сөйледі. Ол партиялық жұмыстың басты мақсаты Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «қарапайым халықты толғандыратын өзекті мәселелерді ескерусіз қалдырмау үшін партияның өңірлердегі жұмысын нығайту» керек екендігін жеткізді. Жергілікті филиалдардың кадрлық әлеуетінің артқаны оларға жүктеліп отырған нақты жұмыстардың сапасының артуына алғышарт жасайтынын атап көрсетті. Орталықта бұл мәселеге айрықша көңіл бөлініп, филиалдар қызметін бағалауға арналған нысаналы индикаторлар әзірленгенін атап өтті. Партия филиалдары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында партия Төрағасының бірінші орынбасары мен филиалдар төрағалары арасында бірлекен меморандумдарға қол қойылатынын жеткізді. Бұл құжат нақты көрсеткіштер мен индикаторлар арқылы «Нұрлы Жол» бағдарламасын, сол сияқты мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыруға, бюджеттің атқарылуына партиялық бақылауды жүргізуге қызмет ететінін мәлімдеді.
– Күнделікті жұмыстарды оңтайландыру, жүйелендіру мақсатында қазіргі таңда 30-дан астам құжаттың 20-сы қабылданып отыр. Атап айтқанда, филиалдар жұмысын бағалау индикаторларымен қоса, қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингі, кадрлық резерв, филиалдардағы саяси кеңес бюросының жұмысының типтік регламенті және құжат айналымын қысқарту туралы ішкі нормативтік іс қағаздары дайындалуда. Партия жұмысында бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға халықты жұмылдыру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын тиімді бақылауды қамтамасыз ету, осыған байланысты ел арасында түсінік жұмыстарын жүргізу сынды міндеттерге басымдық берілуде. «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуына бақылауды күшейту мақсатында 2015-2016 жылдарға арналған шаралар белгіленіп, олардың орындалуы бақылауға алынды. Бюджеттің және Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау үшін Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялар жанынан арнайы комиссиялар құру жөнінде ереже дайындалды. Бақылау жүргізудің жаңа критерийлері жасалып, өңірлерден алынатын мәліметтерді біріздендіру жұмыстары қолға алынды, – деді А.Мырзахметов.
Облыстық филиалдың жаңадан сайланған төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партияластарына сенімдері үшін ризашылығын білдіріп, өзіне зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты. Сондай-ақ, жаңа үдерістерге байланысты партия жұмысын жандандыруды жалғастыратынын жеткізді.
Содан кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов «Ақбұлақ» АҚ негізінде құрылған бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесіп, ұйым жұмысына назар аударды. Сондай-ақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы негізінде «Тұрғын үй құрылыс-жинақ» жүйесі бойынша салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысымен және «Ақтөбе жылыжай» ЖШС жұмысымен танысты.
Дереккөз: Егемен Қазақстан