Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шежіресінде аса табысты өткен көрмелердің бірі деп бағаланған Италиядағы «EXPO MILANO-2015» көрмесі салтанатты жағдайда жабылды. Милан көрмесінің жабылу салтанатында ЭКСПО туы Қазақстан Республикасына тапсырылды.
Төрткүл дүниенің назары ауған Милан қаласындағы ЭКСПО көрмесінің жабылу шарасына арналған алқалы жиында Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес және ЭКСПО-2015 көрмесінің Бас комиссары Бруно Паскуино салтанатты жағдайда «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының басшысы Ахметжан Есімов пен Бас комиссар және ЭКСПО-2017-нің комиссары Рәпіл Жошыбаевқа ЭКСПО көрмесінің туын тапсырды. Италия республикасының президенті Серджио Матарелла Милан қаласында 6 ай бойы жалғасқан Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде Италияда өткен көрмеге қатысушылардың барлығына шексіз алғысын білдіріп, «Астана ЭКСПО-2017-нің» сәтті өтуіне шынайы тілегін білдірді.
Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің тарихында Миланда өткен «ЭКСПО-2015» көрмесі ең сәтті көрмелердің бірі деп бағаланды. Бұл көрмені 21 миллионнан астам адам тамашалаған көрінеді. Әлемнің жетекші мемлекеттері қатысқан бұл көрмеде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны «Контент және тақырыпты үздік ашу» номинациясы бойынша ең үздік үштіктің қатарынан табылды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 23 қазанда Қазақстан павильонының миллионшы қонағы болып Италияның тұрғыны Даниеле Берго танылған болатын. Миландағы Қазақстан павильонын көрме өткен мерзімде күн сайын 5 мың адам тамашалап отырған.
Сөйтіп, Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің туы Қазақстанға тапсырылды. Еске сала кететін болсақ, 2012 жылдың 22 қарашасында өткен ХКБ-ның 152-ші Бас ассамблеясында жасырын дауыс беру нәтижесінде Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құрметін жеңіп алған еді. «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің басты тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» деп белгіленді. Бұл – жылдан-жылға планетамызға тигізетін әсері артып келе жатқан адамзаттың энергетикалық тұтыну проблемасына деген халықаралық қауымдастықтың үлкен алаңдаушылығын айқындайтын өзекті тақырып. ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы мынандай бағыттар шеңберінде айқындалмақ. Олар: Қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығару көлемін азайту; Тиімді энергетика жағдайындағы өмір салты; Баршаға бірдей энергия.
Көрмелер тарихының шежіресінде алғаш рет Қазақстан туы 1998 жылы Лиссабон қаласында өткен ЭКСПО Халықаралық мамандандырылған көрмесінде желбіреген еді. Содан кейін Қазақстан 2005 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өткен халықаралық көрмеге толыққанды мүше ретінде қатысты. Одан кейін Қазақстан Республикасының Көк байрағы 2008 жылы Испанияның Сарагос, 2010 жылы ҚХР-дің Шанхай, 2012 жылы Корея Республикасының Йосу қалаларында өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінде желбіреді.
Елордадағы ЭКСПО-2017 көрмесі 2017 жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйегіне дейін жалғасады деп жоспарлануда. Көрмеге 100 мемлекеттің өкілдері қатысады деп күтілуде. Қазіргі күнге дейін әлемнің 51 мемлекеті және 11 халықаралық ұйымы «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын растады.
Дереккөз: Егемен Қазақстан