Өндіріс пен экономикаға қарағанда, руханияттағы немқұрайлылық пен сыбайластықтың зардабы ауыр тиеді. Оның ішінде, білім саласына бөгде ниеттің араласып кетуінен Ұлттық қауіп-қатер факторы туындайтыны анық. Өкінішке қарай деп айталық, қоғамның сүбелі бөлігін құрайтын білім жүйесі де бұл проблемадан құлан таза деп айту қиындау. Бұған білім жүйесіне жиі жасалатын жосықсыз реформалардың өзі дәлел.

Тұтас жүйенің бастауында тұрған тетіктердің дұрыс жұмыс жасамауы нақты нәтиженің табыстылығына кедергі келтіріп қана қоймай, ары қарайғы түбегейлі дамуға да кепіл бола алмайды. Бірақ, саланың қордаланған мәселесі шешімін тапқанның орнына барған сайын күрделеніп келе жатқаны тағы алаңдатады. Әзірге, қоғамдық пікір алаңындағы алуан ойларға арқау болатын жайттарда негізінен еліміздің Білім және ғылым министрлігінің басшылығындағы жеке тұлғаларды сынап-мінеу ғана басым. Бір қарағанға, саладағы проблеманың бәріне министрдің командасы жауапты екені рас.
Біздің байқауымызша, қазіргі қоғамдық пікір тек ақпараттық майданның әсерінен ғана қалыптасып отырған сияқты. Онда да орынтақтағы Аслан Сәрінжіповке қарсы бағытталған анти-пиар деңгейінде…
Бір-екі мысал келтірейік: биылғы жылғы «Ақ жол» партиясының төрағасы, мәжілісмен Азат Перуашевтың министрге төте шабуылынан нені байқауға болады? Сын орынды, бірақ сыналған нысанға қатысты факторлардың барлығын бес саусақтай біліп отырған депутаттар жұмыстың нәтижесіздігін тиімсіз тетіктерден емес, үйлестіруші менеджердің бойынан іздегені қалай? Әлде, осыған дейін мінсіз, дәуірлеп тұрған саланың дамуы басшылыққа келген Сәрінжіповтен кейін күрт төмендеп кетті ме? Ондай жағдайда, мұның алдында министр болған Жұмағұлов командасының жемқорлыққа қатысты дауға қалғандығын да ұмытып үлгерген екенбіз. Әрине, жоғарыдан қараған адамға жақсы көрінеді. Бірақ, біздің ойымызша саланы сауықтыру Сәрінжіповты сынаумен аяқталмауы тиіс сияқты. Бірақ, Аслан мырзаның асты-үстіне түсіп бәйек болуға міндетті емеспіз. Оны басқарушы менеджер ретінде таңдағаннан кейін, сенім артумен қатар талап та қоюға құқымыз болуы тиіс.
Тағы айтамыз, білімге қатысты кез-келген сөз жеке адамдардың айналасында қалып қоймауы тиіс. Бірақ, мемлекеттік басқару тарапынан байқалатын әрекет басқаша. Руханияттың бастауында тұрған жүйе ағартушылықтан гөрі әміршілдік системаға айналып кетті. Сол себепті де білім мен ғылымды басқару бағыты нағыз тұлғалармен жұмыс істеудің орнына хаттамалық қызмет көрсетуге оңай көше салды. Жалпы, елдегі ағарту жүйесінің атқарушы биліктің көп бұтағының біріне айналуы бұл салаға да «Домино» ұстанымын зорлап таңып жібергендей. Соның кесірінен барлық мектептің мұғалімі өркениетті малай деңгейінде өмір сүруге мәжбүр. Соның кесірінен оқытудағы жетістіктер шынайы қабілет пен шығармашылық тұрғысынан бағаланбай, ірілі-ұсақты әкім-қаралардың рейтингіне жұмыс жасайтын бәсеке көрсеткішіне айналды… Тізе бергенге мысал көп. Оның дерлігі негізсіз де емес. Бірақ, нақты шешім мен нәтиже тағы жоқ. Бұл үшін ағарту жүйесі де, оның қызметін тұтынатын халық та жауапкершілікті сезінуі тиіс еді. Өкініштісі, білім саласының үйлестірушілері де, екінші тарап та отандық білім саласындағы өзекті проблемаларды талдап, жікке бөліп зерделеген емес. Бұл бағытта жасалған қадамдар бар шығар, бірақ, білім саласындағы қызметтің тұтынушылары оны сезініп отырған жоқ. Соның салдарынан ежелден қастер тұтатын мектептерге деген елдің пікірі өзгерді. Қазір қоғамда мұғалім мамандығына деген құрмет жоқтың қасы, ұстаздық таза күнкөріс қамымен баратын немесе өз жұмыссыздығын шешу мақсатында істелетін кәсіпке айналды. Рас, көпке топырақ шашуға болмас, ұрпақ үшін аянбай тер төгіп жүрген ұлағатты жандар мыңдап саналады. Оларға құрмет, тізерлеп тұрып тағзым етеміз!
Мүмкін, білім саласына деген сенімнің сетінеуіне біздің елдегі өмір сүру қағидаттарына күштеп таңылған өзгерістердің де қатысты бар шығар. Материалдық салмақтың артуы мен рухани серпілістің кемуі қабаттасқан шақта адамның жеке факторында қауіпті синдромдар басталады. Біз қазір осы жағдайды бастан кешіп отырғандықтан, ұрпақ өсіру, білім беру, тәрбилеу деген адами міндеттерді екінші орынға ысырдық. Бұл өз кезегінде балаға сапалы білім беру үшін қойылатын талапты бұзды. Бұқараның баласы оқитын мектепке деген қызығушылығы мен сенімінің кемуіне басқа себеп бар ма? Рас, қоғамды екінші пікір: «қанша жерден білімді болсаң да, лайықты жұмысқа қол жеткізу үшін тамыр-таныс пен ақша ғана қажет» деген түсінік батпандап алды. Демек, біздің арамызда баласының білімді болуынан бұрын қалталы болуына көп үміт артатын адамдар шоғыры бар. Және аз емес те… Ал, осының барлығына не кінәлі немесе кім жауапты? Өкінішке қарай, мемлекеттік тұрғыдан реттеудің нақтыланбауы білім саласындағы олқылықтардың көбейген үстіне көбейіп отырғандығын білдіреді. Бұл өз кезегінде ағарту саласы мен ата-ананың арасындағы түсінбеушілікке жол беруде. Айтқан жерден аулақ, кейбір әрекеттер білім саласының адымын аштырмау әдейі жасалып отырған сыртқы күштердің ықпалы ретінде де екшелуі тиіс сияқты. Өйткені, білімсіз, тәрбиесіз елді билеп-төстеу оңайлау… Енді, қазақстандық білім жүйесі әлеуметтік қатер тудырушы факторға жол беріп отырғанын жасырмауымыз керек. Ия, елдегі білім беру жүйесі ағартушылықпен қатар тәрбие беру ісіне де жауапты ғой. Әлгі «тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы» деген адамзаттың екінші ұстазы айтқан даналықтағыдай…
Қалай болғанда да, білім саласының сауығуы Ұлттың келешектегі өркендеуі үшін ауадай қажет қадам. Заңды да, министрді де ауыстыруға болатын шығар, бірақ мемлекетті алмастыра алмаймыз ғой…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ