Шығыс мәдениетінің мәйегі болған

/uploads/thumbnail/20170708205503019_small.jpg

Шығыс елдерінің мәдениеті мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, оның әр алуандығы мен байлығы, құпияға толы әлемі, көз жауын алатын әсемдігі жайлы өз алдына әңгіме етуге болады. Шығыс мәдениетінің әлемдік мәдениет сахнасында  алар орны айрықша, ол ешбір басқа халықтардың мәдениетіне ұқсамайды, дара жолы мен сара жолы қалыптасқан, ерекше тылсым әлем.  Сол себепті де адамзат баласының қыр-сыры шексіз ориентализмге деген қызығушылығы мен таңдануы уақыт өткен сайын толассыз күшеймесе, бәсеңдеген емес.

Шығыс мәдениеті- кемел шыңына жеткен аса бай құндылықтарға толы тылсым әлем. Замана парақтары ашылған сайын  оның  қайталанбас өрнектері мен айшықтары өзінің  жұмбаққа толы сырларымен адамзат назарын баурап алатын қасиеттеріннен арылмақ емес. Шығыс мәдениетінің  сан түрлі қатпарларға ие күрделi әлемi, бай мифологиясы, қолданбалы өнеріндегі айшықтардың қайталанбас формалары, ұлттық әуендері - Шығыс мәдениетiнiң айырмашылығы болып табылады. Таңғажайып өлең нақыштары –ғазалдары,  сырға толы би элементтері, сәнді де салтанатты сәулет өнері, мүсiндер образы, шығыс ұсталарының қолынан шыққан зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдері мен ас мәзірі, көнеден мұра болып келе жатқан шәй салтанаты өз әдемiлiгi мен қағылез тартымдылығын ешқашан жоғалтпайды, қайта уақыт өткен сайын өз бояуын қанықтыра  түсетіні көңілді ерекше сезім айшықтарымен тербейді.Бұл -  Шығыс мемлекеттерінің мәдениеті мыңжылдықтар аясында дамып, өзінің  алуан түрлілігі мен, талғампаздығын,  тартымдылығын мәңгі сақтайтының бірден бір куәсі.

     Бүгінде осындай көркі көз тартарлық сұлу Шығыс мәдениетіның тылсым дүниесі әл –Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Шығыстану  факультетінің төрінде көрініс тапты. Факультет өмірінің айнасына айналған  Шығыс мұражайы күннен күнге нұрланып, мұражайы қоры толықсып жатыр. Мұражай тек шығыстану мамандар немесе  университетіміздің студенттері мен магистранттары ғана емес, сонымен бірге шығыс мәдениетіне қызығушылық танытқан әрбір жан үшін танымдық, тәрбиелік мәні зор құнды  мағлұматтарады бере алады.

Тамыры тереңге кететін, зерттеушілері топшылап болжаммен айтатын ежелгі Шығыс мәдениетінің таңғажайып құбылыстары мен сан қатпарлы әлемінің шеңбері кең, оны зерттеудің өзектілігі айдан анық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінде орын тепкен Шығыс Мұражайы –  бүгінде шығыс халықтарының рухани және материалдық мәдениетінен жан-жақты хабардар ететін жәдігерлер жинақталған жерге айналды. Егер одан да әріге бойлайтын болсақ, 1989 жылы елімізде ең алғаш рет шығыс тілдерін оқытатын оқу орны да осы қара шаңырағымыз – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті болуы да тегін емес еді. Данышпан бабамыз әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті атына заты сай шығыс мәдениетін бойына терең сіңірген, білім мен ғылым нәрін сусындаған кемел жас  буынды тәрбиелеуді басты мақсаттарының бір тармағы ретінде  санайды. Білімді тәрбиемен терең ұштастыра білген біздің шығыстану факультеттің басты ұстанымы – жас ұрпақ бойына шығыс тілдерімен қатар шығыс мәдениетін де терең сіңіру, өйткені біз- шығыс мәдениетінің өкіліміз, шығыс топырағынан нәр алып өскен өскелең ұлттың ұрпағымыз. Жаһанданудың қарышты қадамдары аясында біз өзіміздің шығыстық ділімізден қол үзіп қалмай, қайта қаймағын бұзбай сақтап, келесі буынға мұра қылып қалдыруымыз керек. Демек, бұл сонау көнеден келе жатқан дәстүр жалғастығы, ал біздің мақсатымыз – дәстүр жалғастығын әрі қарай дамыту.

Биылғы 2015-2016 жылғы оқу жылы –  шығыс мәдениеті өнерін көпшілік қауымға  насихаттаумен ерекшеленді. Фестиваль аясында факультеттің орталық залында шығыс ұлттарының ұлттық киімдері көрсетілімі өткізіліп,  зал этнографиялық тұрғыда жабдықталды.  Сонымен қатар факультеттің оқытушылары мен студенттері, магистранттары дайындаған шығыс ұлттарының ас мәзірі көрмесі өткізілді және фольклорлық концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Факультет оқытушылары мен  студенттері жоғары орындаушылық шеберлікпен өнер көрсетіп жиналған көпшілікті тәнті етті.  Тылсым әрі таңғажайып Шығыс мәдениетімен етене араласуға сеп болған фестиваліміз ендігі кезде жыл сайын өтетін нұрлы дәстүрге айналмақшы. Факультет жанында құрылған «Шығыс музейі» шетелдік қонақтардыңда үлкен қызығушылығын туғызуда.  Мәселен, университетімізге кезінде   арнайы келгенҚытайдың Formasa television (Тайван) телеарнасының репортерлері сұхбат алды. Тайвандық қонақтар құнды жәдігерлер жиналған музейді  таспаға тартты. Осы істің басы-қасында жүрген қытайтану кафедрасының доценті Дәулетова Фатима «Шығыс музейінің» құрылуы туралы тыңғылықты әңгімелеп берді. Тайван журналистері жалпы шығыстану факультетінің құрылу тарихымен танысып, факультеттегі кафедраларды, оқу аудиторияларын, оқу залдарын, лингофон және видеокабинеттерді аралап, факультет басшылығымен, оқытушылармен, студенттермен жолығып, тілдесті.

Бүгінде   мұражай қорына 3000-нан астам жәдігер жиналып отыр. Бұл көңілге қуаныш ұялатар жайт.Жиналған жәдігерлер қытай, корей, түрік, араб, үнді, жапон мәдениеттерінен жан-жақты ақпарат беретін құнды заттар. Әрине, мұндай күрделі істің жүйелі түрде жолға қойылып, нық қадам басуына аталған елдердің мәдени орталықтары, елшіліктері, консулдықтары, жеке фирмалары және жеке тұлғалардың қосып отырған үлестері орасан зор. Мұражайды ашудағы  факультетіміздің мақсаты – жұртшылық қауымды (тек сол саланы зерттеуші ғалымдар мен мамандар ғана емес) шұғылалы шығыс мәдениетінің  көп қырлы, сан-салалы болмысымен таныстыру еді. Өйткені белгілі бір елдің тілін меңгеру үшін міндетті түрде сол елдің мәдениетін, өткен –кеткен тарихын терең меңгеру шарт, сонда ғана аталған  мемлекетпен арадағы қарым қатынастардың қарқынды дамуы заңды құбылыс.

Осылайша біздің факультет жетістіктері шетел телеарнасы арқылы төрт тарапқа таралып жатыр. Алдағы мақсат – аталған жетістіктер аясын кеңейтіп, жаңа белестерді бағындыру болып қала бермек.

Аида Кенжебаева

Әл-Фараби атындағы шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының доценті

Елемес Зубираш

магистрант

 

 

Қатысты Мақалалар