Елордамыз Астана қаласында оқушыларға білім беретін барлығы 79 орта мектеп бар екен. Бір қызығы, олардың басым бөлігі «аты жоқ көкек» сияқты бала оқытып жатыр. Нақтырақ айтсақ, 79 мектептің тек үшеуіне ғана белгілі бір тұлғаның аты берілген. Атын атап, түсін түстейін болсақ, біріншісі, ел бойынша жаппай ашылып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебі, екіншісі – Н. Әбдіров атындағы №33 «Балабақша – бастауыш мектеп» кешені және Ю.Гуров атындағы №6 гимназия. Ал, қалған 76 мектеп тек нөмір бойынша аталып жүр.
Бір қарағанда, бұл мәселе аса маңызды болмауы мүмкін. Өйткені, көпшілік мектептерге ат беру немесе бермеу аса маңызды емес деп ойлайды. Әйтсе де, «Мәңгілік ел» болуды алдына мақсат еткен елдің ұрпағы отаншыл болып өсуі үшін мектептерге ат беру – өте өзекті мәселе.
Айталық, Астанадағы мектептердің біріне Қайрат Рұсқұлбековтың аты берілсе, онда оқыған оқушы Қайраттай болуды армандап өсер еді. Өйткені, мектептің аты Қайрат Рұсқұлбеков деп аталғаннан кейін, ұстаздар қауымы батыр туралы ашық сабақтар өтеді. Ал ашық сабақтан әзерленген оқушы Қайрат сияқты қайратты болып өседі емес пе? Бұл – бір.
Екіншіден, биыл еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Осы айтулы тарихи шараның құрметіне Астана мектептеріне хандар мен билердің және де батырлардың есімдері берілсе, жөн болар еді. Сондай-ақ, келер жылы Алашорда жетекшісі Әлихан Бөкейханның 150, ал 2017 жылы Алашорда мемлекетінің 100 жылдығын атап өтеміз. Осы тарихи датаның құрметіне орай, алаш арыстарының аттарын мектептерге берсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Осыдан 4 жыл бұрын Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына орай №66 мектеп-лицейінде «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильм көрсетілген болатын. Аталған іс-шарада мектеп оқушылары өздері оқитын мектепке Әлихан Бөкейхан атын беруді өтінген еді. Бұл мәселе кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілгенімен игі істің арты аяқсыз қалды.
Бұдан бөлек, жыл сайын қазақтың марқасқа азаматтарының мерейтойлары жоғары деңгейде аталып өтіледі. Мәселен биыл Ӏлияс Есенберлин 100 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Қазақтың арғы бергі тарихын оқырманға жеткізген Есенберлиннің еңбегі бір мектепке беруге әбден лайық.
Сондай-ақ, Ілияс Есенберлиннен бөлек қазақтың небір мықты азаматтарының есімдерін мектептерге берсек жөн болар еді. Өйткені оқушылар ұлттың мақтанышына айналған тұлғалар сияқты үлкен азамат болуды армандап өседі. Ал арманшыл әрі талапшыл жастар көздеген мақсатына жетпей қоймайтыны бесенеден белгілі жәйт.
Патшалы Ресейдің кезінде қазақ ауылдары нөмір бойынша аталғанын көзі қарақты оқырман ұмытпаса керек. Ондағы патша шенеуніктерінің мақсаты қазақтың жер-су аттарын қараша халықтың жадынан шығару болатын. Ал қазіргі Тәуелсіз Қазақ елінде мектептерге тұлғаның атын бермей, неге нөмір бойынша атап жүрміз? Жалпы бұл үрдіс жалғыз Астанаға ғана емес, сонымен қатар өзгеде қалаларда кездесіп жатады. Сондықтан да алдағы уақытта білім және тілдерді дамыту басқармасының басшылары бұл кемшілікті жоюы керек. Өйткені, белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай «Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт» деп тектен тек айтпаған. Ал қазақтан шыққан тұлғаларды ұлықтау мектеп қабырғасынан басталуы керек.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана