Бірнеше автономиялы республикалардың басын қосқан Ресей Федерациясы құрамындағы кей халықтардың тәуелсіздік жариялайтыны туралы әңгімелер бұған дейін де айтылып жүр. Әзірге Ресей құрамындағы автономиялар егемендік алу туралы ашық мәлімдемелер жасамаса да, ондағы кей саяси серкелердің амбициялары мен Ресейдің қазіргі таңдағы ауыр экономикалық жағдайы мен саяси ахуалы бұл болжамдардың шындыққа айналуына алғышарт болары анық. Ресейлік «retrans24» сайтында жарияланған мақаладан осындай ой түюге болады.
Халықаралық сарапшылардың бір тобы Ресей Федерациясының ыдырауы 2017 жылы басталады деп отыр. Ол пікірлерге сүйенсек, бөлшектену Қап тауынан басталады. Бұл ыдырауға Түркия ықпал жасайды. Алдымен тұрғындарының басым бөлігін шешендер құрайтын, тұрғындар арасында орыс диаспорасы жоққа жақын Шешен республикасы бөлінеді. Шешендермен қатар Дағыстан да көп ұзамай орыс шекпенінен шықпақ. Бұл өңірлердің бұлай бүлінуіне ең алдымен Ресейдің экономикалық қиындықтар нәтижесінде мемлекеттік дотациялар бөлуді тоқтатуы себеп болады. Одан кейін, уахабиттік идеологияның күшеюі Кавказдағы тұрақтылыққа сызат түсіреді.
Шешенстан мен Дағыстаннан басқа Ресей құрамындағы Қарашай-Шеркес, Қабардин-Балқар, Адыгей республикалары да тәуелсіздіктерін жариялап, біріккен Кабарда мемлекетін құруы ықтимал. Ал, Ингушетия халық санының аздығынан Шешен республикасының құрамына енеді. Абхазия Грузияға қосылады. Ал, Солтүстік Осетия Оңтүстік Осетиямен бірігіп, Алания республикасыцн құруы мүмкін. Осетиндердің бабалары аландар Еуропа тарихында өзіндік із қалдырған тайпа. Алан хандары Африка, Испания, Балқан мен Таяу Шығыстағы соғыстарда мәскеулік құлдарды шебер пайдалана білгені тарихтан мәлім.
Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағын бөлшектеуге ең алдымен Түркия мүдделі және осы мақсатта жасырын, жария әдістермен автономиялы елдерге қолдау көрсететін болады. Ондағы басты мақсат – Ресейді Қара теңізден барынша алшақтату, сол арқылы Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттық жолы мен энергетикалық байланыстарда толық қауіпсіздікке қол жеткізу. Ресейден тәуелсіздігін алған мұсылман мемлекеттері өздері де Түркиядан көмек сұрап, тіпті әскери-саяси ұйым құруы мүмкін.
Солтүстік Кавказдан айрылған Ресей ол жерлерде лаңкестік ұйым құрып, Түркиямен содырлар арқылы соғысады.
Ресейден бөлінуге дайын отырған өңірлер бір бұл емес. Мұнайлы өлкелер саналатын Түмен облысы, Ямало-Ненцкий, Ханты-Манси автономиялы округтары да 2018 жылдан бастап іргесін бөлек салуға әрекет жасайды. Бұл өңірлердің халқы өздеріндегі бай мұнай қорына арқа сүйейді. Бұл өңірлерге АҚШ саяси тұрғыда дем беруі мүмкін.
Түменнен кейін Орал өңірі де бөлінеді. Олар экономикалық қиындықтар мен саяси шектеулер құрсауында қалған Ресейден бөліну арқылы еркін халықаралық саудаға мүмкіндік аламыз деп сенеді.
Ресей құрамына 1944 жылы Ресей құрамына өткен Тува да 2018 жылы егемендік алуы мүмкін. Ресейдің оңтүстік шығысындағы халықтардың бөлінуіне Қытай ықпал ететін болады. Якутия да Ресейден тәуелсіздігін алады, бірақ, ол Қытай ықпалындағы «тәуелсіз мемлекет» болады.
Сондай-ақ, Ресей қиыр шығысы мен солтүстігіндегі Камчатка, Чукотка, Магадан, солтүстік Хабаровск өңірлері де тәуелсіздік алудың алдында. Оларға АҚШ қолдау көрсетіп, Канада және Альяскамен серіктестік орнатылады.
Оңтүстік Хабаровск, Забайкалье, еврей автономиялы облысы да қытай құрамына өтеді. Жапония мен АҚШ тәуелсіздігіне кепілдік берсе, Приморья да егемендігін жариялап, Жапония, Канада сынды елдермен тікелей экономикалық, саяси байланыстар орнататын болады.
Бурятия мен Алтай өңірінің Ресейден бөліне қоюы екіталай. Себебі буряттар Бурятия халқының 30 пайызын ғана құрайды. Алтайда да моңғол текті халықтардың саны да аз. Бұл өңір Ресейдің саяси тұрақсыз өңіріне айналып, болашақта Қытай мен Моңғолияның қызығушылығын оятуы ықтимал.
Ал, Краснояр өңірі Иркутск облысымен бірігіп, дербес мемлекет болу мүмкіндігіне ие. Бұлай бола қойған жағдайда Сахалин аралы мен Курил аралдарын Жапония қайтарып алуы мүмкін.
Айтса да, Омбының бір бөлігінің Қазақстан құрамына өту мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды.
Амур облысы толықтай Қытай құрамына өтеді.
2020-2025 жылдарға қарай Ресейдің Еуропалық бөлігі ыдырай бастайды. Мардовия мен Марий республикалары Чувашиямен бірігіп, егемендік жариялайды. Карелия халқы Финлянлияға өз еркімен қосылады.
Татарстанды қазіргі таңда Ресей тек федерация бюджетінен бөлінетін дотациялардың күшімен ғана ұстап отыр. Ол дотациялар тоқтаса, татарлар да тәуелсіздік алуға талпыныс жасай бастайды. Төрт миллионға жуық халқының жартысын татарлар құрайтын Татарстан Түркиямен тығыз байланыс орнатқан мұсылман мемлекеті болу мүмкіндігіне ие екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті, мұндай сценарийлер жүзеге асып жатса, тәуелсіз Татар республикасына көршілес Ульяновск облысының біраз бөлігі қосылуы мүмкін дейтін де пікірлер айтылып жүр. Халқының жартысынан астамын ислам дінінің сүннит тармағын ұстанатын татарлар мен башқұрттар құрайтын Башқұртстан да Татарстанмен қосылуы ғажап емес.
Краснодар өңірі Украинаға қосылуы ықтимал. Қырым да сөйтеді.1920 жылғыдай мұнда Қырым татарларының ұлттық автономиясы құрылады және автономия үлкен сауда-экономикалық алаңға айналады. Луганск пен Донбастың да Украинаға қайтарылатын күні алыс емес сияқты.
Украинамен арадағы тартыс кубандықтардың да Ресейден бөлінуіне әкеп соғуы мүмкін.
Приденстровье Молодова құрамына өтсе, Астраханьға Қазақстан иелік етеді. Челябі, Орынбор, Самар облыстары да Қазақстанға қайтады.
Свердлов облысы да бір жаққа шығуы тиіс. Еділдің арғы бетіндегі қалмақтар жер ыңғайы тұрғысынан Дағыстанға жақын болғанымен діндерінің бөлектігі бірігулеріне мүмкіндік бермейді. Ставрополь өлкесімен бірге Ресей құрамында қалуы мүмкін. Калининград, Мурманск, Архангельск облыстары да еуропалық елдер ықпалымен тәуелсіз мемлекет мәртебесін алулары мүмкін.
Ленинград, Вологод, Киров, Владимир, Воронеж, Кемер, Кострома, Липецк, Псков, Смоленск, Мәскеу, Тамбов, Тула, Ярослав, Саратов, Рязан, Ростов, Орлов, Новгород сынды бірнеше облыстар ғана Ресей құрамында қалады дейді «retrans24». «Ықшамдалған Ресейдің» халық саны 2020 жылдан кейін 70 миллион адамға қысқарады, ал, жер аумағы қазіргі территорияның 16 пайызын, яғни Қазақстанның қазіргі аумағынан да аз аумақты құрайтын көрінеді. Егер АҚШ 2025 жылға дейін Беларусь билігіне өз ықпалындағы адамды қойып, елдің саяси жүйесін демократияландыра алса, өңірдегі ахуал одан әрі өзгешелене түсуі ықтимал.
Мұның барлығы, әрине, болжам. Болжам болғанда да ресейлік ақпарат құралдарында бейресми топтардың қоғам санасына сыналап енгізіп жатқан идея, жоспарлары. Бұл болжамдардың қай-қайсысын болсын қолдаушылар да, күле қараушылар да табылады. Халықаралық саяси ахуал, Ресей айналасындағы геосаяси жағдай тұрғысынан алғанда шындыққа жанасатын тұстары да жоқ емес. Оның үстіне, Ресейдің теңізге шығуға мүмкіндік беретін көп аймақтары толық қуатында пайдаланылмай, халықаралық саудада тасымал мен көлік мәселесінде таршылық көріп келе жатқан әлемнің озық елдерінің қызғанышын тудырып отырғаны және бар...
Жомарт Абдоллаұлы