Білім гранттарының 78 пайызы қазақ мектептерінің түлектеріне берілетін болды

/uploads/thumbnail/20170708210308635_small.jpg

Мектеп оқушылары алғашқы қоңыраудың үнін 1 қыркүйекте емес,  бұдан былай 15 қыркүйекте естуі мүмкін. Өйткені, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы осы мәселені талқылап жатыр. Сондай-ақ, аталған академия мектеп оқушыларын 6 күн емес, 5 күн оқытуды көздеп отыр. Жалпы мектеп оқушыларының жаздық демалысын ұзартып, ал апталық оқуын қысқартқан қаншалықты дұрыс?

Қандай да бір басшы Білім және ғылым министрлігін басқаруға келсе міндетті түрде реформа жасауға ұмтылады. Міне, осы дәстүрді бұзғысы келмеген Аслан Сәрінжіпов келе сала білім саласына өзгерістер енгізуді бастап кетті. Алайда, министрдің өзгерістерінің ішінде халыққа пайдалы да, пайдасыз да тұстары болды. Сол сияқты Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академия бастамасының қолдайтын да, күман туғызатын да тұстары бар. Мәселен, Аятжан Ахметжан айтуынша министрліктің мектепке 5 күндік оқу кестесін енгізуі құптарлық дүние. Себебі, 5 күндік оқу жоспарының оқушыларға берер пайдасы мол. Алайда ол аталған ведмоствоның жазғы демалысты ұзартуына қарсы болып отыр.

Білім сапасы мен баланың есте сақтау қабілетін ескерсек жазғы демалыс уақытын ұзарту оқу сапасын нашарлатады. Себебі біз ұстаз ретінде күзде баланың дым сезбей отыратынына куəміз. Ал, демалыс уақытын 90 күннен 105 күнге ұзарса, бала тіптен бəрін ұмытып келеді. Егер де оқушыларға шынымен ұзақ уақыт демалыс жасау қажет болса, онда қаңтар айын демалыс ретінде пайдаланған жөн. Себебі, қысқы ауа-райының қолайсыздығына байланысты мектептерге көбінесе сабақ болмай қалып жатады. Бұл әсіресе ауа-райы қытымыр солтүстік өңірлерде жиі кездеседі, – дейді Аятжан Ахметжан.

Жас ұстаздың айтуынша, бұған дейін мектеп оқушыларына берілген жазғы демалыстың уақыты тым көп болатын. Сондықтан да ол 3 ай демалысқа тағы да 15 күн қосу ақылға сыйымсыз әрекет деп бағалап отыр.

Иә, расында мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұзарта беру құптарлық дүние емес. Өйткені, балаға берілген 3 ай демалыс оқушының тынығып, тың энергия алуына артығымен жетеді. Солай бола тұра оған тағы да 15 күн қосу қаншалықты дұрыс? Міне, осы мәселені алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі сауатты шешеді деп сенеміз.

Негізінде министрліктің бұдан басқа да сауатты шешуі тиіс шаруалары шаш етектен. Мәселен, қазақ және орыс мектептеріне бөлінетін гранттар көлемі әлі де болса көңіл көншітпей отыр. Нақтырақ айтсақ, бұған дейін грант саны қазақ мектептеріне 60, ал орыс мектептеріне 40 пайыз болып беріліп жүрді. Алайда биыл бірінші рет Аслан Сәрінжіпов бұл мәселені оңынан шешуге әрекет етті. Натырақ айтсақ, байқауға қатысқандардың 78 пайызы қазақ мектептерінің түлектері болса, гранттың 78 пайызы қазақ мектептеріне бөлінді. Ал гранттың қалған 22 пайызы орыс мектептеріне үлестірілді. Бұл әрине құптарлық дүние.

Алайда, дәл осы қағида бойынша гранттардың үлестірілгені күмәнді болып қалды. Себебі, «Алтын белгіге» бітірген 39 түлек мемлекеттік грантқа ие бола алмай, шу шықты. Міне, осы жаңдайдан кейін 78-22 деген қағиданың қаншалықты сауатты орындалғаны белгісіз. Ал министрлік қараша халық осы іске сенсін десе ҮЕҰ грант бөлу жұмыстарына қатыстыру керек. Әйтпесе жақсы істің қалай жүзеге асып жатқанын ешкім білмеген күйде кетеді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар