Қарағандылық қара металлургия алыбы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жұмысшыларының еңбекақысын өсіруден бас тартты, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Бұған дейін компаниядағы металлургтер мен кеншілердің «Жақтау», «Қорғау» кәсіподақ ұйымдары Ұлттық банк өткізен девальвация есебінен көрген пайдадан жұмысшылардың жалақысын өсіру туралы талап қойған еді. Бұған компания басшылығы доллардың қымбаттауы компанияның ахуалын жақсартуға ықпал еткен жоқ деген сыңайда түсінік берген.
«Өкінішке орай, теңге девальвациясы мәселені шешпеді. Валюта нарығындағы өзгерістер дұрыс қадам болды, бірақ, бұл мәселені шеше алмады. Бұл компания өндірісі мен ресейлік бәсекелестер арасындағы айырмашылықтың орнын толтыра алмады. Сондай-ақ, мұның біз экспорттайтын темір рудасы мен көмірдің нарықтағы бағасының құлдырауынан туған қиындықтарымызға да оң әсер етпеді» делінген компания таратқан хабарламада.
Бұған дейін девальвация өткізгені үшін қазақстандық жетекші компания басшылары Президентке алғыс білдіріп, бұл қадам еңбекшілер үшін жағымды жағдай туғызуға себеп болады деген еді.