Құрамына Қазақия мен Қырғызстан, Ресей мен Белоруссия және де Армения кіретін Еуразия экономикалық одақтың құрылғанына бір жыл толды. Осы бір жылдың ішінде экономикалық одақтан қандай пайда таптық? Өкінішке орай, аталған одақтан Қазақ елі зиян шекпесе ешқандай да пайда көрген жоқ. Бұған бір ғана теңгенің 85 пайызға құнсызданып кеткені дәлел бола алады.
Өткен жылдың басында 5 мемлекеттің басшылары Мәскеуде кездесіп, экономикалық одақтың жұмысын қортындылады. Міне сол жиында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия экономикалық одақтың алғашқы жылын қиын өткердік деп мәлімдеді. Алайда, соған қарамастан президент аталған одақтың құрылғанына оң бағасын беріп, оның болашағынан көп үміт күтетінін жеткізді.
Қош, сонымен құрамыз деп құлшынған экономикалық одағымыз тарих санхнасына шықты. Алайда, оның алғашқы жылы одақтас мемлекеттерге ауыр тигенін президенттің өзі мойындап отыр. Сондай-ақ, алдағы уқытта да экономикалық одақтан шекеміз шылқымасы анық. Әйтсе де, бізді пайдадан бұрын Ресейдің Қазақ еліне тым жиі тиым салуы алаңдатып отыр. Бұл тиым салулар экномикалық одақтың Кеңес одағынан айырмашылығының шамалы екенін аңғартады.
Мәселен, жуырда Ресей президенті В.Путин украин тауарын Қазақ еліне тасымалдауды реттейтін жарлыққа қол қойды. Бұл деген сөз елімізге Украинадан жүк тасымалдау тек Белоруссия арқылы жүзеге асырылатынын аңғартады. Аталған жарлыққа сәйкес, тауар тиелген контейнерлер арнайы сәйкестендіру құралдарымен жабдықталып, жүктер түгел пломбаланған, ГЛОНАСС ғаламдық навигациялық бақылау жүйесіне қосылған көліктер арқылы ғана тасымалдануы керек. Бұл бір.
Екіншіден, Ресей ауылшаруашылық қадағалау комиссиясы Қазақ еліне АҚШ-тан құс етін әкелуге тыйым салды. Ресейлік ведомство өз шешімін, ХЭБ ресми деректері бойынша, АҚШ-тың 17 штаты аумағында жоғары патогенді құс тұмауын (Н5N1, Н5N2 және Н5N8 кіші типтері) 157-ден астам жұқтыру ошағы тіркелгендігіне негіздеп отыр. Өйткені, АҚШ ауылшаруашылық департаменті дерегі бойынша, жойылған және өлген құс саны 33,3 млн басқа жеткен және көбейіп келеді.
Жалпы өткен жылдың басынан бастап Ресей тарапынан Қазақ еліне бірнеше рет тиым салынды. Өкінішке қарай бұл тиым салуларға етіміз үйреніп бара жатқан тәрізді. Құдды бір эконмикалық шектеулер жасай беруге Ресей билігі құқылы сияқты. Алайда Қазақ елі өз алдына бір Тәуелсіз мемлекет емес пе? Ендеше Ресейдің біздің елге жасайтын тиымдарын тез арада тиған жөн. Әйтпесе, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеңес одағынан айырмашылығы болмай қалады.
Осы ретте одақтас ел ретінде Қазақ елі Ресейге тиым сала ала ма деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені, еліміз 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразия экономикалық кеңесті басқаратыны белгілі болды. Міне, осы төрағалықты пайдалана отырып президент Ресейдің әлдебір мемлекетпен сауда-саттық жасауына тиым сала ала ма? Ал, Ресей билігі болса экономикалық одақтас мемлекеттерге шектеу салуды әдетке айналдырып барады.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана