Осыдан біраз бұрын сайтымызда Қытайлық арақ зауыттары қазақтың ұлттық киімі қамзол үлгісінде безендірілген арақ шығарып жатқанын жариялаған болатынбыз. Енді Қытайдың мемлекеттік органдары аталған арақты сатылымнан алып, бұған дейін өндірілген ішімдік өнімдерін жою туралы ұйғарым шығарды деген хабар жетіп отыр.

Дәлірек айтсақ, Іле қазақ автономиялы облысы Күнес аудандық партия комитеті ақпарат құралдары мен жергілікті тұрғындар арасында туындаған «Сорбұлақ», «Жібек жолы аңызы» арақтарының шығарылуы қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін қорлауға бағытталған әрекет деген наразы пікірге орай ұлттық дін істері, базар басқару мекемесі сынды бірқатар мемлекеттік органдармен бірлескен топ құрып, аталған мәселені зерттеген.
«Топ жұмысы нәтижесінде өткен жылдың 30 желтоқсанында аталған алкогольдік өнімдерді шығару ұлттық мәселеге қайшы келетіні анықталып, қазақ халқының дәстүрі мен ұлттық намысын қорлайды деген ұйғарым шығарылған. Ішімдік өнімін шығарушы «Сорбұлақ» алкогольді өнім өндіруші серіктестікке 15000 юань көлемінде айыппұл салынып, Үрімжі қаласында орналасқан «Лау-фаң» сауда серіктестігіне осы күнге дейін шығарылған «Сорбұлақ», «Жібек жолы аңызы» арақтарын айналымнан жинап алып, жою тапсырылған» делінген Күнес ауданының басшылығы таратқан хабарламада.
