Алдын ала хабарланғандай, бүгіннен бастап Алматыдағы барлық қоғамдық көліктер (метродан басқа) «Оңай» электронды билеттендіру жүйесіне толықтай көшті. Алайда, тұрғындардың түгелдей электронды карта алмауына байланысты автобустарда түсініспеушіліктер орын алуда, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Таң сәріден алматылық автобустар кондукторсыз және валидатор құрылғыларынсыз рейске шықты. Жол ақысы үшін қолма-қол есеп айырысу алынып тасталған соң, қоғамдық көліктердегі жолақы төлеу жүйесін бақылаушылар саны да артып, әрбір аялдамадан қылаң беруде.
Алайда, қоғамдық көлікті пайдаланушылардың біршамасы «Оңай» карталарын алып үлгермегендіктен, көп жолаушы жолақысын қалай төлеуді білмей дал болуда. Кейбір автобус жүргізушілері картасы жоқ жолаушылардан қолма-қол ақша жинауда. Алайда, жолаушыларға жолақысын төлегендігін растайтын ешбір билет не құжат беріліп жатқан жоқ. Сонай-ақ, жолаушылар жекеменшік автопарктерге қарасты автобустардың кейбірінде бұрынғы кондукторлар әлі қызмет көрсетіп жүргенін айтуда.
Бұған дейін «Алматы көлік холдингі» кәсіпорнындағылар картамен төлем жасамаған жолаушыларды полиция шақыртып, әкімшілік жазаға тартатындықтарын хабарлаған еді. Алайда, бүгіндікке, ондай оқиғаның тіркелгендігі туралы ресми мәліметтер жарияланбады.шы
"Қамшы" порталы аталған жүйені қолданысқа енгізуде туындауы мүмкін қиындықтар туралы бұрын да жазған еді.