Кезектен тыс Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы биыл наурыз айында өтеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы КазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Кезектен тыс Мәжіліс сайлауы шамамен үстіміздегі жылдың наурыз айында өтеді. Яғни, қаңтарда Парламенттің төменгі палатасының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім жария болуы керек және екі ай ішінде жаңа депутаттардың сайлауы өтеді. Парламент сайлауымен бір уақытта жергілікті мәслихаттардың сайлауы да өтуі тиіс», - деп хабарлаған ақпарат агенттігіне Астанадағы сенімді дерек көзі.
Қолданыстағы заңнама бойынша, Мәжіліс депутаттарының сайлауы палата депутаттарының өкілеттігі аяқталуынан екі айдан кеш емес мерзімде өтуі тиіс. Қазіргі Мәжіліс депутаттары 2012 жылдың қаңтар айында сайланған болатын. Онда «Нұр Отан» партиясы 80,99 пайыз, «Ақ жол» партиясы 7,47, Қазақстанның халықтық комунистік партиясы 7,19 пайыз дауыс жинаған еді.
Қазақстан Конституциясына сай, бүгінде Мәжілісте 107 депутат бар. олардың 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланады. Кезектен тыс парламент сайлауы қолданыстағы заңнамаға сай депутаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан кейін екі ай мерзім ішінде өтуі керек.