Бүгін Мәжіліс депутаттары палатаны мерзімінен бұрын таратуды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан сұрады. Олардың ойынша, кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізуге халықаралық дағдарыс себеп болған көрінеді. Нақтырақ айтсақ аталған сайлаудан кейін «тағайындалған» депутаттар Қазақ елін дағдарыстан құтқарып, экономикалық жағдайын жақсарытып береді екен. Алайда, шын мәнісінде дағдарыстан шығып, экономикалық әл-ауқатымыздың артуына бұл сайлаудың қаншалықты пайдасы бар?
Сонымен, не керек Парламенттегі үш партия мен Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған депутаттар мерізімінен бұрын сайлау өткізуге құлшынып отыр. Әрине, бұған дейін «бір ауызды» әрі «ұйымшыл» болып келе жатқан мәжілісмендердің өтініштерін президент кері қайтара қоймас. Өйткені, «Кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтеді» деген ақпарат шыға сала, Үкімет сайлауға 4 млрд. теңге бөлетінін жариялады. Алайда, білікті сарапшылардан бастап саясаттан аз ғана хабары бар азаматтарға дейін «бұл сайлаудан ешқандай пайда жоқ» деген пікірде. Себебі, қазіргі депутаттардың 80 пайызы қайтадан Парламент төріне орлады. Сондықтан да бұдан ешқандай да пайда жоқ.
Алайда, біздің пайымдауымызша биылғы кезектен тыс Мәжіліс сайлауының ең басты «жаңалығы» Парламентке «Ауыл» партиясының өтетіні болса керек. Өйткені, соңғы кездері аталған партиясының белсенділігі бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда артып отыр. Мәселен, «ауылдықтар» жақында өздерінің ресми сайтының тұсауын кесті. Сондай-ақ, үкіметтің ықпалындағы бұқаралық ақапарат құралдары «Ауылдың» шашпауын көтеруде. Оның үстіне партия төрағасы Әли Бектаев Парламент төрінде сенатор болып отыр. Демек, келер сайлауда «Ауылдың» асығы алшысынан түсіп, Мәжіліс төрінен орын алуы мүмкін.
Десек те, Парламент Мәжілісіне «Ауыл» партиясының өтетіні немесе өтпейтіні басты жаңалық емес. Шын мәнісінде басты жаңалық қазақ ұлтшылдарының Мәжіліс депутаты болып, өзекті мәселелерді Парламент төрінде көтергені болып тұр. Өткен апатада біз бұл туралы сайтымызда «Ұлтшылдар отырмаған Парламенттен пайда жоқ» деген тақырыпта мақала жазған болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, Парламентке Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, Расул Жұмалы сынды ұлттық-демократиялық ұстанымдағы азаматтар өтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда, билікке айтқанына көніп, айдағанына жүретін депутаттар керек. Сондықтан да қараша халықтың ізгі арманының жүзеге аса қоятынына сенім жоқ.
Әйтсе де, Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы арқылы ұлтшылдардың Парламентке өтуіне мүмкіндік бар. Өйткені, аталған партияның басшысы көптен бергі үзілістен кейін бүгін арнайы мәлімдеме жасап отыр. Негізінде Жармахан Тұяқбайдың ұлттық мүддені ту етіп дәл сайлаудың алдында мәлімдеме жасауы тегін емес. Өйткені, аталған мәлімдемеге қарағанда партия алдағы сайлауға қатысуға дәмелі сияқты. Алайда бұқара халықтың арасында партияның беделі өте төмен. Егер Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұлтшылдарды өз қатарына тартып, әрекет ететін болса сайлауда ықпалды күшке айналуы мүмкін. Ұзын сөздің қысқасы Жармахан Тұяқбай басқаратын партияның тағдыры ұлтшылдардың қолында тұрған сияқты. Алайда, «Руханият» партиясында жіберген қателігін билік қайталамайтын шығар.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана