Қостанай облысынан бұрын-соңды кездеспеген мақұлық табылды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Kostanaytany.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, жануар Әулиекөл ауданының Бағаналы ауылынан табылған. Өткен жылы қазан айында ауылға бірнеше тонна көмір түсіріледі. Бірер күн бұрын мектеп жұмысшылары сол көмірлердің арасынан көлемі бөлке нандай болатын түсініксіз мақұлықты тауып алған.
"Сыртқы қабаты желім сияқты жабысқақ. Жұмыртқаға мүлде ұқсамайды. Ішінен 20 сантиметрдей болатын құртқа ұқсас жәндік шықты. Қатты таңырқаған жұмысшылар жәндікті мектептегі еңбек кабинетіне әкеліп, түр-сипатын анықтап көру үшін су құйған. Сол кезде мақұлықтың құйрық жағы үрленіп, аздап қимылдай бастайды. Кейін жәндіктің түсі көк болып өзгерген", - делінген басылымда. Сонымен қатар, жәндіктің тісі бары анықталған.
Ауыл тұрғындары осы жағдайға байланысты ауыл әкімімен байланысады. Ол тұрғындарға Қостанайдағы ғылыми-зерттеу орталығына хабарласуға кеңес беріпті. "Тұрғындар ғалымдарға хабар берген. Қазір бұл жәндіктің 30 градус аязда қалай өліп қалмағаны анықталып жатыр. Жәндіктің сыртқы келбеті жыланға да, басқа тіршілік иелеріне де ұқсамайды", - деп хабарлады жергілікті басылым.
Айта кетейік, беймәлім тіршілік иесін ауыл тұрғындарының бірі үйіне әкеткен.