Парламент Сенатының кешегі отырысында палата төрағасы оғаш қылық танытты. Депутаттарға Халықаралық конвенцияларға сай білім саласындағы өзгерістерді таныстыруға келген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтен қазақша сөйлеуін сұраған сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің еңсесін Сенат төрағасының өзі-ақ түсіріп тастады. Ол туралы видеоны мына сілтемеден көре аласыздар.
«Сіздің мемлекеттік тілде баяндама жасауыңыз сиреп барады, жоқ деп айтуға болады. Мұны ескеру керек» деген сенатор сөзіне шамданған Қасым-Жомарт Тоқаев министрге араша түсіп, сауал қойған депутаттың өзіне зекіді.
«Депутат Еңсегенов, заңға байланысты сұрақ қою керек. Сіздің сұрағыңыздың заңға ешқандай байланысы жоқ», - деген Қ. Тоқаевтың жауабы тілдің жайын сұраған сенаторды бірден сабасына түсірді. Тіпті, ол сауал қою кезінде шатысып кеткенін айтып, палата төрағасынан кешірім сұрады.
Осылайша қазақ билігіндегі Конституция бойынша екінші лауазымды тұлға мемлекеттік тілдің мәселесі заңға қатысы жоқ деп, қазақ тілінде баяндама жасауды қажет санамаған министрге сын айтқан сенаторды тұқыртып тастады. Қазақ тілінде өзі әрең сөйлейтін Қ. Тоқаев бұл қылығымен халықты өзіне, тіпті, тұтастай билік жүйесіне қарсы қойып алуы бек мүмкін.