Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жақын күндері Біріңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы қаражат үкіметтің инвестициялық бағдарламаларына жұмсалатын болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қаңтар айынан бастап Ұлттық қор мен БЗЖҚ-ны басқару туралы кеңестер біріктірілген.
«Зейнетақы қорындағы қаражат қайда бағытталатынын шешетін боламыз. Қазір қажетті мерзімнің нақтылануын күтудеміз. Менің ойымша, ол ақпан айының басы болмақ. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп 2016 жылы БЗЖҚ ақшасын қайда жұмсау бойынша ұсынысын айтады» деген министр бұл мәселенің Ұлттық кәсіпкерлер палатасының зейнетақы қорындағы ақшаны бизнесті қаржыландыруға бағыттау туралы өтінішіне байланысты екенін де айтқан.
«Ол ақшаны қайда инвестициялау туралы мәселе бар. Бұл ақшалар Үкіметтің де, Ұлттық банктің де ақшасы емес. Бұл біздің зейнеткерлердің ақшасы. Сондықтан, кірістің мол болуын қамтамасыз ету басты бағыт болады. Ал, екінші мәселе, әрине, қаражаттың сақталуы, қайда жұмсалатыны. Сондықтан, бұл мәселе жан-жақты салмақтанып шешіледі» деп, экономика министрі сендіріп отыр.
Зейнетақы жинақтарын жұмсау Ұлттық банктің назарында болатынын айтқан ол 2016 жылы қор қайтадан жеке меншікке берілетінін жеткізді.
«Біз барлық аймақтардан, барлық қауымдастықтардан келген ұсыныстармен таныстық. Қазір БЗЖҚ-дағы ақша қанша көлемде, қайда бағытталатыны шешіледі. Елбасының Жолдауына сай, 2016 жылы зейнетаұы активтері жеке қорларға беріледі», - деді ол.
2013 жылы мемлекеттің басқаруына көшкен Қазақстандағы зейнетақы активтерінің қайтадан жеке меншік қорларға өтетіні туралы алғаш рет былтыр Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеген болатын.