Қазақстан шенеуніктері сыйлыққа алған заттарын аукционға салмақшы. Бұл туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер түрлі себептермен өздеріне сыйға тартылған заттарды мемлекетке өткізетін болады. Қаржы министрлігі құрамындағы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті ол заттарды сатылымға шығарып, қазына қоржынын толтырмақ көрінеді.
Үкімет отырысында қаржы министрі әріптесі Асылжан Мамытбековтың қытайлық әріптестерінен алған сыйлығы туралы да айтып қалды.
«Білтыр жыл соңында бір қытайлық телефон өткізілді. Телефон ды қытайлықтар ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерімен ресми кездесуде сыйлаған. Оны тіпті, Асылжан Сарыбайұлының өзі (мемлекетке – ред.) өткізуі мүмкін», - деді Б. Сұлтанов. Бас қаржыгердің айтуынша, ол телефон енді gosreestr.kz сайты арқылы сатылымға шықпақ.
Жаңадан қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда мемлекеттік қызметшілердің қандай да бір сыйлық алуына тыйым салынғанына қарамастан, қаржы министрі ондай жағдайлардың болып тұратынын мойындады. Оның айтуынша, шенеуніктерге халықаралық ұйымдардан сыйлықтар келіп тұрады. Ресми кездесулер кезінде де тараптар бір-біріне сый-кәде жасайды. Сол заттар ендігі уақытта белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіне тапсырылатын болады.
Пікір қалдыру