Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының қай мақсатқа жұмсалатыны ақпанда белгілі болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді, - деп хабарлайды 24-арна.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қорды басқару кеңесі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бірікті. «Енді қордағы қаражатты инвестициялауға қатысты түпкілікті шешім ақпан айының басында шығуы тиіс», - деді министр. Ол үшін Ұлттық банк пен Үкімет қаржыны тиімді жұмсау жолдарын Жаңа жылға дейін елеп-екшеген болатын. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына төленетін өтемақы жөнінде де атап өтті.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Тұрғын үй жинақ банкінің» салымшыларына өтемақы төлеу жүйесін жасақтап болдық. 20 тамызға дейін тіркелген сома 171 млрд теңгені құраған. Бұл – сол кезде болған салымдар. Өтемақы көлемі 60,9 млрд теңгені құраған. 2016-2017 жылдары оның 24 млрд теңгесі банктің жеке табыстары есебінен өтеледі. Ал 36,9 млрд теңге биыл және келесі жылдары Үкімет резервінен бөлінеді. Өтемақы төлеу екі траншпен жүзеге асады. 2016 жылдың шілдесі және 2017 жылдың қазан айында жасалады.
Пікір қалдыру