Алматыда №65 бағытындағы автобустардың сегіз жүргізушісі жұмыстан шеттетілді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.
"Бұл жүргізушілер жұмыстан шеттетілді, қазір қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне байланысты шара қолданылады. Олар жұмыстан шығарылуы мүмкін", - деген автопарк қызметкерлері.
Компания өкілдерінің айтуынша, жанжал автобус жүргізушісі Таңат Мұсаев пен "Алматы көлік холдингі" ЖШС қызметкері арасында шыққан. "Кеше көлік холдингінің қызметкерлері жүргізушінің жолаушылардан ақша алғанын анықтаған. Бұл оқиғаға осы жағдай себеп болды. Холдинг қызметкерлері жүргізушіні ақша жинағаны үшін жауапқа тарту мақсатында полицейлерді шақырады. Дегенмен біздің жүргізуші кінәлі емес екенін айтып, құжаттарын көрсетуден бас тартқан. Оқиға болған жерге жүргізушіні қолдау үшін 65-бағыттағы автобустардың басқа да жүргізушілері келді. Олар Абай көшесі бойында тұрып алып, электронды билет жүйесіне наразылық танытты", - дейді компания өкілдері.
Естеріңізге салсақ, кеше №65 бағытта қатынайтын автобус жүргізушілері Алматы қаласында ереуілге шыққан болатын.
Пікір қалдыру