Кеше Алматыдағы Райымбек даңғылының бойында "Оңай" электронды билеттендіру жүйесіне наразылық білдірген өңір тұрғындары Райымбек даңғылын жауып тастады, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Наразылық білдірушілердің айтуынша, жаңа төлем жүйесі облыста емес, тек Алматы қаласында енгізілгендіктен, қала маңындағы ауыл тұрғындары автобусқа міне алмай жүр.
Қаладағы "Саяхат" көлік бекетінің аялдамасында тұрған адамдар автобусты 2 сағат күткендерін айтады. Қоғамдық көліктер мұнда тоқтамайтын болған.
"Автобустар тоқтамайды, алты автобус өтіп кетті. Онда отыру мүмкін емес. "Оңайдың" кесірінен автобустар азайды", - деді жаңа төлем жүйесіне наразылық білдіргендердің бірі Назымгүл Дүйсенова.
Ақыры ашуға булыққандар "Оңайды алып тастасын" деген талаппен Райымбек даңғылының бойына шығып алды. Аяқасты жүздеген адам жолды жапқаны сол еді, ағылған көліктер иін тіресіп кептеліп қалды.
Сонымен қатар, жолаушылар аймақта "Оңай" картасына ақша салуға мүмкіндік жоқ екенін айтады. Осы жүйені енгізуге жауапты "Алматы көлік холдингі" компаниясы жақын күндері мәселені шешуге уәде беріп отыр.