Шығыс Қазақстан облысында қасқыр ату маусымы басталды, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы 24-арнаға сілтеме жасап.
Өткен жылы түз жыртқыштары малға шауып, шаруаларды 90 миллион теңге көлемінде шығынға ұшыратқан еді. Ең сұмдығы, Аягөз ауданында қасқыр талап кеткен бір адам көз жұмған болатын. Сондықтан мамандар итқұс санын белгілі шектен асырмаудың қамын жасауда. Зоология институтының есебінше, 2015 жылы өңірдегі қасқырлар саны 967 басқа жеткен. Олардың тең жартысын атуға ғана рұқсат берілгендіктен, 425 қасқыр ауланыпты. Биыл да осы межеден шығу көзделіп отыр. Әзірге бөрілердің адамға шабуылы жайлы мәлімет тіркелмеген.
Медет Нұрғалиев, облыстық табиғатты пайдалану басқармасының басшысының орынбасары:
- 2015 жылдың соңында қарай үй малына шапты деп Ұлан ауданынан арыз түсті. Керек мәліметтер мен аңшыларды жібердік.