Мәсімов мырзаның бұл қай сасқаны?

/uploads/thumbnail/20170708211727334_small.jpg

Ресейлік РИА-Новости агенттігі Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің ұлттық валюта теңгенің бағамына қатысты пікірін жариялады.

Онда премьер-министр теңгенің бағамы белгілі бір тепе-теңдік нүктесіне жақындап қалғанын айтқан.

«Біз салыстырмалы түрде тепе-теңдік нүктесіне жақындап қалдық деп ойлаймын. Жақын болашақта, менің ойымша, бірнеше аптаның ішінде, долларға шаққандағы рубль бағамының да, теңге бағамының да тұрақталғанын көретін боламыз. Мен бұл өте маңызды деп ойлаймын. Сол теңдік нүктесіне жеткенде жағдай тұрақталады және ұзақ мерзімді болжамдар жасауға мүмкіндік туады», - деген «сәуегейлік» танытады К. Мәсімов.

Оның бұл айтқанынан ұққанымыз, үкімет басындағылар не теңгенің осыншама құлдырайтынын күні бұрын білген, не қазіргі қаржы нарығында болып жатқан жағдайларға қатысты қандай да бір нақты зерттеу жүргізіп отырған жоқ. Әйтпесе, «Ұлттық валютаның құлдырауы тепе-теңдік нүктесіне жақындап қалды» дегені қай сасқаны? Одан кейін, К. Мәсімов бағамның ол «нүктеге» жақындап қалғанын қандай негіздерге сүйеніп айтып отыр? Қандай көрсеткіштерге байланысты үкімет басшысы осындай ойға келген? Бұл, әрине, сіз бен біз үшін жұмбақ.

Қаржы-экономикалық саласындағы зор білім иесі кейпінде сөйлеген Мәсімов мырза сайтқа білдірген пікірінде сондай-ақ қазақ валютасының құлдырауына Ресейдің де қатысы жоқ еместігін айтып кетіпті. Ол төл валюта бағамына біріншіден мұнай бағасы әсер етсе, екіншіден рубльдің долларға қатысты бағамы да ықпал ететінін жасырмаған.

«Менің ойымша, қазіргі экономикалық жағдай, мұнай бағасы, рубльдің долларға шаққандағы бағамы теңгенің негізгі валюталарға қатысты бағамына ықпал етуде. Менің болжамым бойынша, қысқа мерзімді кезеңде мұнай бағасының құлдырауы жалғаса береді. Соған сай теңгенің де долларға қатысты толқуы және керісінше жағдай орын алады», - деген сұхбат иесінің сөздерінен осы қалаймақанға солтүстік көршіміздің қалай да  қатысы бар дегенді ғана ұға алдық.

Ал, енді «Ұлттық банк үшін айырбас бағамы емес, инфляцияға сәйкес баға көрсеткіштері маңызды болып отыр. Алайда, әрине, адамдар үші, бәрі үшін айырбас бағамы өте маңызды» дегенінен не түсінуге болатынын өзіңіз бағамдап көріңіз.

Соңғы уақытта премьер-министрдің отандық ақпарат құралдарынан көп көрінбей кетуінің себебін ресейлік БАҚ-та жарияланған осы пікірінен кейін түсінгендей болдық. Теңгені тентіретіп жіберіп, ел экономикасына ие бола алмай қалған ол күн сайын отандық телеарналардан осындай жаңылтпаштар айтып отырса, халық алдында әлдеқашан жексұрын болып кетер ме еді, бәлкім?!

Жомарт Абдоллаұлы


 

Қатысты Мақалалар