Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай қарауыл бастықтары мен жауынгерлік даярлықта үздік көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметкерлерді ұлықтауға арналған салтанатты кеш өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы аталған құрылымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Әлібек Серәлиев және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Геннадий Фалеев қайсар да өжет іс-әрекеттерімен қызмет бабында көзге түсіп ерекшеленген әскери қызметшілерді «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» және «Бауыржан Момышұлы - батыр шапағаты» кеуде белгілерімен марапаттады.
Атап өтерлігі, бүгінгі кеште Іле ауданы Жетіген кентінде жоғалып кеткен 20 жастағы Айзада Авлатарованы табуға үлкен септігін тигізген 5571 әскери бөлімінің офицері, әскери жасақ бастығы Рустам Сердалиновқа Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен берілген кезектен тыс «аға лейтенант» әскери шенін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Әлібек Серәлиев салтанатты түрде табыс етті.

- Мен үшін басты мақсат – Отаныма қалтқысыз адал қызмет ету, өзім осы Ұлттық ұлан қатарында сарбаз, одан келісімшарт бойынша әскери қызметші бола жүріп, офицерлік лауазымға дейін көтерілдім, бұл маған командирлер мен бастықтардың үлкен сенім артуы деп білемін. Бүгін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының қолынан кезектен тыс «аға лейтенант» әскери шенін алдым, бұл мен үшін үлкен мәртебе, бұдан кейін де қызметтік-жауынгерлік міндеттерімді абыроймен атқаруға, ел сенімін ақтауға сөз беремін – деп, Рустам ағынан жарылды.
Кеш соңында үздік әскери қызметшілерге арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, іс-шара әуелеген ән мен әсем биге ұласты.