Алматыдағы "Шымбұлақ" тау-шаңғы кешенінде Польша азаматы жоғалып кетті, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы Алматы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІД мәліметінше, ер адам 24 қаңтар күні таңертең шипажай маңында серуендеуге шыққан. Оның жоғалып кеткені туралы хабарлама "112" пультіне Астана уақыты бойынша 25 қаңтар күні сағат 02.05-те келіп түсті. Саяхатшының қай бағытта кеткені белгісіз. Туристі іздестіру жұмыстарына ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару жасағы жұмылдырылды.
"Қазір іздестіру жұмыстарымен ҚР ІІМ ТЖК республикалық жедел құтқару жасағынан 19 құтқарушы, 1 техника мен кинолог мамандар, Алматы құтқару қызметінен 12 адам мен 5 техника, сонымен қатар, "Шымбұлақ" шипажайының 4 құтқарушысы айналысып жатыр", - делінген хабарламада.
Польша азаматы тауға шыар алдында еш жерге тіркелмеген, баратын бағытын да айтпапты. Іздестіру жұмыстары түнгі уақытта да жалғастырылып жатыр.