«ЭКСПО» БЮДЖЕТІНІҢ ҚЫСҚАРУЫ -ҮКІМЕТТІҢ ОСЫҒАН ДЕЙІНГІ "ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІ" (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708212158769_small.jpg

Қазақта «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. «ЭКСПО» деп ентіккен қазақ билігі де сондай кейіпке түскен сияқты. Олай дейтініміз, әубаста «Басқасы болмаса болмасын, «ЭКСПО-дан» ештеңе аямаймыз» деген мемлекет басшылығы енді келер жылы өтетін дүбірлі шараның қазынасын қысқартуды шешті.

Бұған дейін ЭКСПО өткізуге бөлінген қаражаттың 78 миллиард теңгесі үнемдеу себебімен қысқарған еді. Енді кеше «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ө. Шөкеев мырза тағы да Елбасының алдына барып, көрме бюджетін тағы 53 миллиардқа қысқартуға келісімін алды. Сонымен, Қазақстанның әлемге атын танытады деген алып пиар-кампанияны өткізу бюджеті 131 миллиард теңгеге қысқарды. Ал, бұның алдында компания жұмысшыларының жалақы қоры 150 миллион теңгеге ортайған еді.

Жалпы, «Капитал» іскерлік ақпарат орталығының хабарлауынша, көрмені өткізу мен дайындығына 3 миллиард доллар қаражат қарастырылған көрінеді. Өткен жылы ұлттық қордан көрме нысандарының құрылысына 65 миллиард теңге қаражат бөлінді.

Есімов мырзаның айтуынша, көрме нысандарын дайындау, салу жұмысында отандық кәсіпорындарға басымдық берілетінін айтқан. Сол үшін де барлық облыс әкімдерімен келісімдер жасалып, құрылыс жұмыстарына 240-тан астам жергілікті компаниялар тартылған көрінеді. Басқарма төрағасының бұл айтқаны әрине, үлкен науқан алдындағы қиындықтарды жуып-шаю екені сөзсіз. Мәселенің көкесі бұдан да әріде сияқты.

Көрме өтетін уақытқа дейін (2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығы) әлі бір жыдан астам уақыт бар. Оған дейін әлемдік қаржы нарығы да, Қазақстанның ішкі экономикасы да сан құбылады. Мұнай мен басқа да шикізат бағасы жақын арада өсе қоятын түрі көрінбейді. Яғни, болашағы бұлыңғыр экономиканың ертеңінен қорыққан билік көрмелетеміз деп жүріп қазына қаржысын сарқып алудан қауіптенетін сияқты.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Ұлттық банк төңірегіндегі үлкен басшылардың бірі алдағы алты жылда Ұлттық қордың сарқылатынын айтып, артынша қызметінен кеткен еді. Оның айтуынша, жыл сайын Үкімет экономиканы қолдау деген сылтаумен Ұлттық қордан 10 миллиард доллар ақша алып жатқан көрінеді.

Қысқа қайырғанда, осы уақытқа дейін елдің зейнетақы қорына қол салған, Ұлттық қор қаржысын есепсіз жұмсаған биліктің ЭКСПО-ға келгенде сақтық танытуының себебі айтпаса да түсінікті.

 

Жомарт Абдоллаұлы

 

Қатысты Мақалалар