"Нұр Отан" партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына 127 үміткер тіркеледі, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізіміне 127 адам еніп отыр. Олардың қатарында республикаға белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен өнер иелері бар", - делінген партияның кезектен тыс 17-ші съезі барысында таратылған ақпаратта.
Айта кетейік, алқалы жиынға 2 мыңнан аса делегат қатысуда. Олардың қатарында республиканың барлық өңірлеріндегі конференцияларда сайланған делегаттар, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтердің, білім, ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері, қоғам, дипломатиялық корпус, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері бар.
Съезде «Нұр Отан» партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасы қабылданатын болады. Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлауға қатысты партиялық тізім бекітілмек. Бағдарлама жобасы алдағы бесжылдық кезең бойынша 2021 жылға дейінгі партияның негізгі бағытын айқындайды. Ол бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шаралары қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, партия бағдарламасында «Қазақстан 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асырудың нақты тетіктері де қарастырылады.