Фейсбук әлеуметтік желісінде тарихшы, журналист Ерболат Қошқарбаев Елбасы мен «НұрОтанның» атына хат жазды. Хатта «Ашынып отырып жазғандықтан постыда эмоционалдық, пафосты тұстар мен субъективті ойларым бар екенін ескерте кетейін» делінген. Жазбаның негізгі мазмұны кезекті Парламент сайлауына «НұрОтан» партиясынан ұсынылған кандидаттарға арналған.
«Қамшы» - еркін ақпарат алаңы. Ерболат мырзаның жазбасын оқырман назарына ұсынып көруді жөн көрдік. Ой бөлісіп, пікір алмасу Сіздің еншіңізде, Аса мәртебелі оқырман!
Қазақстан Републикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың назарына!
«Нұр Отан» партиясының назарына!
Бисмиллахир рахманир рахим!
Бұл постыны Фейсбуктің тиімді пікір алаңы екенін айтқандықтан Елбасының назарына жетеді деген оймен халық мүшесі ретінде жазып отырмын. Оның үстіне посты Елбасымыз құрған Нұр Отан партиясы ұсынған кандидаттар тізімін оқыған соң туындап отыр. Ашынып отырып жазғандықтан постыда эмоционалдық, пафосты тұстар мен субъективті ойларым бар екенін ескерте кетейін.
Ешқандай да сөзім жоқ! Бұдан өткен саяси тексіздік болмайтын шығар! Жағамды ұстадым, қан қысымым көтеріліп, бұл саясат дегеннің «сайқалдығына» тағы бір мәрте көзімді жеткізіп отырмын! Әділет орнаған мекенге кетіп-ақ қалайын десем, қазақпын өз елімде, өз жерімде жүрген...
Саясаттың осылай із салуына немкетті қарап отырған бұл халық дегеніңнің, ешқандай да ХАЛЫҚ ЕМЕС қойдай иірілген, зарлаған, сорлаған, бейшара, байқұс, дәрменсіз де пәрменсіз ҚАРА ТОБЫРДАН БАСҚА ЕШТЕМЕ ЕМЕС екеніне де көзім түпкілікті жетті.
Жел олай соқса олай, бұлай соқса бұлай қоғадай жапырылатын, балаша алданып өз заңды талабын қоя алмайтын надан халық - халық па өзі! Бұл саяси-құқықтық сауаттан жұрдай қара тобыр емегенде немене?! Биліктегіні өзі сайлап алып, ертеңгі күні онысын депутат емес жепутат, қара басының қамын күйттеген жемқорлар, қолшоқпар, маубастар, біліксіздер деп сарнағаны не керек өзінің аттай қалағаны солар болса...
«Нұр Отан» партиясынан ұсынылып отырған 127 кандидаттың тізімін қарап шығып, қысқаша сараптама жасадым. Сонымен бір мезгілде терең ойға шомдым. Конституциялық заң бойынша біз ешқандай да «депутатты» емес, «партияны» ғана сайлаймыз. Ал бидай арқасында бидайық су ішетіні секілді, беделі зор партия арқасында кандидаттар да депутаттыққа ілінеді. Халық қалаған адамын сайлай алмайды. Мұндай механизм біздің заңнамада әлі жетілдірілмеген. Жақсы, қалаған «депутатты» сайлай алмаймыз делік. Бірақ ең болмағанда қалаған пария ішіндегі «тізімде» кімдер тұратынына мүдделі болу керек емес пе халық! Кімді сайламақпыз біз. Біз өз таңдауымызды неге жасай алмаймыз! Алдыңғы күні, 29-шы қаңтар күні «тарс» еткізіп, міне деп «Нұр Отан» партиясы сайлау науқанына түсетін мәжіліске кандидаттардың толық тізімін ұсына салды. Бұл қайдан келген, кім жасаған, қалай жасалған тізім ол жағы тұтастай халыққа жұмбақ. Міне, осы жерден шығып отыр мәселе. Ақыры, партияны ғана сайлап, депутаттарды сайлай алмайды екенбіз, онда ең болмағанда сол партияның «ТІЗІМІН» жасауға деген қарапайым адами мүмкіндігіміз болуы керек емес пе біздің. Сайлауы құрысын, партияның «тізімін» жасау маңызды деген байым шығады ғой бұл жерден. Шынында да солай, сайлау емес тізімдегі тұлғалар емес пе маңыздысы. Бұл жерден анық «ЖАРИЯЛЫҚ» принципінің жоқ екенін көреміз. Неткен жабық партия ол ең маңызды мәселені халық талқысына салмайтын. Неге арнайы уақыт белгілеп, ұсыныстар қабылдап, елеп-екшеп шешпейді мәселені. Сайлау еркіміз, таңдау еркіміз іске аспағандықтан САЙЛАУ ҚҰҚЫҒЫМЫЗ бұзылып тұр емес пе! Сайлау құқығын айта отырып, сайлаНу құқығын неге айтпасқа. Ал сайлану құқығымыз туралы әңгіме қозағаудың өзі артық. Мұндай мүмкіндік бұйырмаған деп айтпасам да, оның жоққа тән екендігін сеніммен айта аламын. Бауырым біреуді сайлауда нең бар, неге өзің депутат болмайсың? Ал мен неге депутат бола алмаймын? Бұл сұрақтың жауабын мыңғырған заң актілерін он айналдыра қарасаңыз да таба алмайсыз. Бұрынғыдай емес, дәл қазір депутат болуға қоғамға сіңген еңбегің, халыққа жасаған ісің, білімің, ел деп соққан жүргің керек деп ешкайсымыз айтпайтын болдық. Не высовывайся, еңбегің еленбей қалмайды, әйтеуір бірде халық өзі ұсынады деген пікірлер де болып қалатын шығар. Бұған жауап: Атасының тақ басы! Мына түрімен халық біреуді ұсынбақ түгілі, мына дағдарыста жанын бағып алсыншы. Сөйтіп біреуміз: ол үшін тамыр керек, танкі керек, таныс керек, шанс керек, екіншіміз: көке керек, тәте керек, Қайраттың мамасындай мама керек, даңқ керек, жер жарған атақ керек, ақша керек басқа керек дейміз. Міне, өкінішке орай осы соңғы айтылған ой бүгінгі күннің шындығы болып отыр. Міне осылай депутат бола алмаймын немесе бола алмаймыз! Мысалы, мен депутат болу үшін бұрынғы тәртіптегідей өз өзімді ұсына алмаймын. Ондай механизм мына жүйеде жоқ. Ал тізімге ену үшін, «Нұр Отан» партиясының мүшесі болуым керек. Ал мен еш партияның мүшесі емеспін. Мүшесі болсам да, мені біреу тізімге енгізе қояр деймісің, онсыз да ойланып үлгергенімше, сынаптай жылдамдықпен жұмбақ күйде партия тізімді жариялап кеп жібергенде. Сұрақтар мен сауалдар ішімде жатып өліп кетті осылай. Маған қарағанда, қазаққа қарағанда барлық басқа өзге ұлттар бақытты шығар. Ерекше тәртіпте Ассамблея атынан депутат бола салатын. Міне, жоғарыда айтқанымдай бұл додада жариялық принципі ғана емес, сайлау құқығы да, сонымен қатар САЙЛАНУ құқығы да бұзылып тұр. Еш үміт жоқ! Біле де алмаймын, сайлана да алмаймын, тізім көңілден шықпаса сайнанбақ түгілі дұрыстап сайлай да алмаймын. Ең болмағанда тізім жайында туған ой-пікірімді айтуға хақым бар шығар. Әлде бұл елде бұны талқылауға да болмай ма?! Енді біз кімдерді депутат ретінде көрмекпіз, тізімдегілер кімдер екеніне келейік.
Кандидаттардың ОНШАҚТЫСЫ ең үлкен бастықтар, Президент Әкімшілігінің , оның жалпы бөлімінің бастықтары, Премьер-Министр орынбасары, Премьер-Министр Кеңсесінің бастығы, Мемлекеттік хатшы , ЭКСПОның бастығы секілді ірі фигуралар. Әрине бұл жерде Д.Назарбаева, Н.Нығматуллин, А.Есімовтерсіз іс бітпейді ғой! Хош, бұл кісілердің үлкен тәжірибелері бар делік. Бұл жерде екі-үш адамға ғана үміт артуға болады, қалғаны тындырып жебергіш болса өткен кезеңдерде не қарап жүрді?
Қалған ОНШАҚТЫ кандидат мәслихат хатшылары, министрлер мен вице-министрлерден құралыпты. Енді мәслихат хатшыларының жергілікті «Парламентте» жинаған тәжірибесі бар, ал Альберт Рау, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов секілді фигуралар «басқару» мектебінен өткен деп пайымдасақ бұларға депутаттық жолы айқара ашық тұрғаны шындық. Бұлар халық сенімінен ілдәлдалап болса да шығуы мүмкін.
Қалған ОН БЕС кандидат әкімі бар, орынбасары мен аппарат басшысы, басқарма бастығы мен көмекшісі бар таза «әкімдер» корпусынан құралыпты. Белгісіз де беймәлім акиматтықтар ішінен Даниал Ахметов, Амандық Баталов, Бердібек Сапарбаевтар нағыз халық мүддесін қозғай алатындар деп сеніммен айтар едім. Қалған акиматтықтар мүлдем сенімді ақтамайды деуге болмайды. Кейбір заңның иісі мұрнының ұшына бармайтын кандидаттарға қарағанда олар тәуір деуге тұрарлық.
Қалған ОН ЕКІ кандидат тұтастай «Нұр Отан» партиясының өкілдері, мүшелері, партия фракциясының Мәжілістегі аппаратының жетекшісі, партияның аумақтық филиалдары төрағаларының орынбасарлары. Әрине бұлардың «тізімге» ену мүмкіндіктері зор ғой. Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса! Жарайды, Зауреш Аманжолова ысылған тұлға делік, бірақ қалғандары не тындырады парламентке келгенде?
Қалған ТӨРТ кандидат университет ректорынан тұрады екен. Педагогтар, ұстаздар қауымы, ғалымдар арасындағы балансты сақтау деген осы ма екен? Неге ректор, неге ректорлар? Неге ректор болмаса да ғылымның сара жолындағы халыққа еңбегі сіңген профессорлар, доценттер емес! Неге ғылыми жаңалық ашқан, неге жаңалығына «патенті» бар инновацияны енгізген ғалымдар емес! Неге оқытушылар емес! Ал миллиондаған бала оқытып жүрген білім беру мекемелері ұстаздары ше? Ең болмағанда «құдайыға» жалғыз тал болса да қарапайым МЕКТЕП мұғалімін тізімге енгізбеу нені меңзейді?! Ұстазын сыйламайтын ел, ел ма өзі... Әр бірден кейін, басқалар емес осы мұғалімдер емес пе көше аралап сайлауға шақыратын.
Қалған ОНШАҚТЫ кандидат тележұлдыздар, әртістер, әншілер мен спортшылардан тұрады екен. Жарайды, Майя Веронская көпшілікке үлгі бола алады. Қазақша көсіліп заң жобасын талқылап тұрғаны жарасарлық. Нұрлан Әлімжанов енді Елбасының рөлін сомдаған соң неге депутат болмасқа, мейлі болсын. Басында Рональд Рейган да актерліктен бастап кейін президент болып бірақ шықты емес пе! Ал мына ауыратлет Илья Ильинге, боксерлар Гена Головкин мен Серік Сапиевке не жоқ! Не жоғалтты олар Парламентте. Не жетпейді оларға! Әрине, құқығы бар ғой. Бірақ, ширығып жүрген олар парламенттің бес-алты отырысынан кейін-ақ қуарып, бицепс, трицепс, дельталары солып қудай болып шыға келмей ме! Халыққа олардың галстукпен қылқынып отырғаны керек пе! Маған олардың парламентте отырғаны бір тиынға да керегі жоқ мысалы. Жаттығуды кім жасайды сонда, Халықаралық додаларға кім дайындалады сонда. Әлде олардың күні бітіп, үлкен спорттан хош айтысқаны осы ма. Жоқ өйтіп қорқытпаңдар. Маған да халыққа да олардың депутат болып отырғанынан да Чемпионаттар мен Олимпиада көк байрағымызды желбіретіп жүргендері қымбат. Оларға әлі ерте. Кезі келеді. Анау Ольга Шишигина да қазірге дейін депутат болып келді емес пе. Солай Ольга секілді кейінірек келгендері дұрыс. Спортты неге жұтатып, тоқыратуымыз керек. Спортшы керек болса бұлардан да кемел жасқа келген жаттықтырушылар, спорттағы үлесі басым төрешілер, дене шынықтыру пәнінің еңбегі сіңген оқу ісінің үздіктері лайық емес пе! Баяғыда Фариза Оңғарсынова, Құдайберген Сұлтанбаев, Нұрлан Өнербаевтар депутат болды. Солардың тындырып жіберген істерін айтыңдаршы маған. Не істеді олар! Олар өздерін өздері жоғалтып алды! Әншілерден Бекболат Тілеуханов та жүрді, көрді парламентті. Айман Мұсаходжаева да болды және қазіргі тізімде тағы бар әнші атынан да, ректорлық лауазым атынан да. Ал мына жанар Дұғалова мен Қайрат Нұртасқа не жетпейді! Атақ та бар, байлық та бар оларда. Концерт залындағы сахнаны, саясат саханасымен шатыстырып алған жоқ па олар. Әндерін айтып жүре бермей ме онан да. Бұл не масқара! Парламент әбден ойыншық болғаны ма атақ пе даңқтан «мас болып» басы айналған жұлдыздар келе беретін. Солар тіпті инкорпорация, кодификация, сервитут, кондоминиум секілді заң сөздерін біле ме екен!
Қалған ОТЫЗ ҮШ кандидатты тіпті айтпай-ақ қойсам ба... Олар түгелімен де өткен айдағы депутаттар! Қайтып келген қыз жаман дейміз ба, әлде қайтқан малда береке бар дейміз бе! Кетемін деп кетті, өздерін өздері таратып алды. Ал енді неғып қайта келіп тұр бұлар? Бұл тіпті логикаға да, қисынға да келмейді ғой. Өз айтқанын орындау керек емес пе...Ажырасамын деп сотқа арыз беріп алып, райынан қайтып арызды кері алған жағдай секілді ғой бұл. Бұл депутаттардан, яғни «кандидаттардан» не үміт күте аламыз енді. Олар кім десеңіз міне мыналар. Тізімдерін әдейі орысша жазайын:
1. Майра Айсина - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
2. Ирина Аронова - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
3. Нурлан Абдиров - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
4. Маулен Ашимбаев - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
5. Аскар Базарбаев - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
6. Загипа Балиева - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
7. Ерсултан Бектурганов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
8. Светлана Бычкова - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
9. Жексенбай Дуйсебаев - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
10. Сергей Дьяченко - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
11. Ертаев Бахытжан - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
12. Кожахан Жабагиев - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
13. Кабибулла Джакупов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
14. Жанат Жарасов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
15. Гульнар Иксанова - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
16. Гульнара Исимбаева - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
17. Куралай Каракен - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
18. Гульжана Карагусова - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
19. Арман Кожахметов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
20. Айгуль Нуркина - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
21. Омархан Оксикбаев - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
22. Шавхат Отемисов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
23. Мейрам Пшембаев - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
24. Нуртай Сабильянов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
25. Серик Сейдуманов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
26. Смагул Бахытбек - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
27. Куаныш Султанов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
28. Абай Тасбулатов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
29. Мухтар Тиникеев - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
30. Серик Умбетов - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
31. Ольга Шишигина - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
32. Глеб Щегельский - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
33. Татьяна Яковлева - депутат V созыва Мажилиса парламента РК
Ә мейлі, қалған кандидаттар да жетеді, олардың өзі біраз пайыз құрайды халықтың арасынан шыққан деп ойлайтын шығарсыз. Онда, қателесесіз!
Өйткені, бұл кандидаттардың ҚЫРЫҚҚА ЖУЫҒЫ өңкей ығайлар мен сығайлар, құрылтайшылар, директорлар, техникалық директорлар, атқарушы директорлар, ірі ұйымдардың президенттері, вице-президенттері, бастықтары, жетекшілері, меңгерушілері, төрағалары, олардың өзге де «замдары» мен құрығанының өзі бөлім бастықтары екен. Осындай нәшәндік-старшындар арасында ырымға жалғыз ғана механик пен бір машинистің көмекшісін кіргізіпті. Онда да ол қарапайым механик емес аты дардай «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ механигі. Осылардың арасында суыққа тоңып, ала сөмке арқалай жүріп жетер биігіне жеткен «бастық» не елге мотивация беріп тәжірибесімен бөлісердей нағыз «кәсіпкер» болса қане..., Отандық брэнд қалыптастырып қазақстандық экономиканы аяғынан тік тұрғызардай еңбегі сіңген тұлға болса, қане ... Оқу ісіне еңбегі сіңген қарапайым мұғалім қайда, оқытушы қайда, ақ халатты дәрігер қайда, құрылысшы қайда, электрик, сатушы, сауыншы, слесарь, сантехникті айтпай ақ қояйын ғалым қайда ғалым! Шынайы экономика маманы қайда, мемлекеттің қыр сырын тереңнен ойлайтын философ қайда, қоғамның не екенін білетін әлеуметтанушы социолог қайда, саясаттанушы политологтар қайда, ұлт мүддесін көздейтін қоғам қайраткерлері қайда, елдің қалыптасуы мен өткенін әріден білетін тарихшы қайда, өз төрінен өзі айрылғандай болған заңгерлер қайда. Қайда заңгерлер!
Міне, осы көрсетілгендер негізінде мынадай ұсыныстарымды білдіргім келеді:
1. Партиялық тізімге ену ашық, жариялы түрде жүргізілуі керек;
2. Партиялық тізімге ену мүмкіндігі халыққа таныс әрі қолжетімді болуы қажет;
3. Партиялық тізімді жасауға, өзгертуге, толықтыруға, талқылауға тек партияның емес, жалпы халықтың қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етілуі керек. Өйткені «НұрОтан» күллі халықтың партиясы.
4. Партиялық тізім жасалуда барлық топтық мүдделері ескеріліп, шынайы теңгерім болуы керек.
5. Мәжілістің 98 депутаты қазақ ұлтынан болуы керек. Себебі, Ассамблея атынан мандатқа ие болатын 9 депутат есебінен басқа ұлттардың мүддесі көзделіп отыр.
6. Ал егер 98 депутаттың тек қазақ ұлтынан құралу мүмкіндігі болмай, бұл жерде де өзге ұлттар сайланатын болса, онда 1) Ассамблея институты Конституциялық заңнамадан алынып тасталуы керек немесе 2) Ассамблея Қазақстан халықтары асамблеясы болғандықтан 9 депутат арасынан қазақ ұлты өкілінің де мандатқа ие болу мүмкіндігі қарастырылуы керек.
7. Кәсіби Парламент құру жолында депутаттардың 40 пайызы заңгерлерден, 10 пайызы экономистерден, 10 пайызы саясаттанушылардан, 10 пайызы әлеуметтанушылардан, 10 пайызы тарихшылар, философтар, журналистерден , қалған пайызы өзге топтардан құру жайы ескерілгені жөн.
8. Партиялық тізімнің екінші бір балама тізімін жасау тәжірибесін қолданған жөн. Сонда осы посты туындап отырғандай мәселелер туындамай халық бір партияның екі тізімінің қалағанына дауыс берер еді.
Бұл көрсетіп отырған ұсыныстарымның барлығы ешқандай да Конституцияны өзгертуді талап етпейді. Олар сайлауды ұйымдастырудың ағымдағы тәртіптеріне ғана, тек «жарғылық» деңгейде қатысты. Әбден күйзелген халық сізге үлкен сенім артып отыр. Тізімді объективті қарастыру бізге қолжетімсіз болса, сіздің қолыңызда ғой. Мен ешқандай оппозиция мүшесі емеспін және бұл постым арқылы ешқандай да халықты сайлауға қатысудан бас тартуға шақырып тұрған жоқпын. Мен бар болғаны плюрализм қағидасына сәйкес өз пікірмді білдіріп, партиялық тізімдегі кандидаттарға байланысты ұсыныстарымды ғана айтып отырмын.
Партия жетекшісі ретінде Сізден партиялық тізімдегі кандидаттарды нақтылап, лайықсыз тұлғаларды алып тастап, іріктеу кезінде автордың сайлану мүмкіндігі бар-жоқтығын қарастыра отырып осы постыда көрсетілген ұсыныс-тілектерімді ескеруіңізді сұраймын.
Айналаңыздағы, партияңыздағы жағымпаздар мен жарамсақтар көшті адастырып, елімізді жарға жығып, дағдарысқа ұшыратты. Сол жағымпаздардың сіз қаламасаңыз да, еріксіз сізді авторитарлық тұлғаға айналдыру қаупі басым!
Ондай алдыңызда бас шұлғап, былай шығып өз мүддесін күйттейтін жағымпаздардан арылып шынайы білікті, қаймықпай тура айта алатын, қолынан іс келетін креативті субъектілерден мықты корпус құрайтын мезгіл жетті Елбасы! Әрқашан халық жолындағы қызметке әзірмін!

Ерболат Қошқарбаев
31.01.2016