ДАНИАЛ АХМЕТОВКЕ ХАТ: БАЛАМ МИЛЛИОНЕР БОЛУЫ ҮШІН ӘКІМ БОЛУЫМ КЕРЕК ПЕ?

/uploads/thumbnail/20170710084855709_small.jpg

Қамшы редакциясына өзін Ораз Иманқұлов деп таныстырған зейнеткер төмендегідей хат жолдаған. Хатында 66 жастағы ШҚО тұрғыны қарапайым мұғалім болып ұзақ жылдар қызмет еткенін айтады. Үш ұлын енді ғана аяқтандырып, кенже қызын жоғары оқу орнынан оқытып жатқан әке екі бірдей кредит төлеп отырғанын айта келіп, ШҚО әкіміне сұрау тастайды.



Құрметті Даниал Кенжетайұлы!

Енді 20 күннен кейін Сіз де зейнет жасына толасыз. Сіз ШҚО әкімі ғана емес Қазақстанның 35-інші қалталысы Талғат Ахметовтің әкесісіз.

Әпкеңіз Гүлфаз Аубанова сұхбаттарының бірінде 15 деген санның отбасыларыңыз үшін өте қадірлі екендігін айтыпты: «Біздің Даниал 15 маусымда дүниеге келген, мен де шілденің 15-ші жұлдызында туғанмын, екеуміз де №15 орта мектепте білім алдық».

Сізден екі есе жас, 31-дегі балаңыз Талғат Даниалұлы 145 миллион доллары бар жан. «Forbes» елуліктен ойып орын алған Талғатты ШҚО Мәслихатының депутаты деп көрсеткен. Алайда ол Мәслихат депутаттары тізімінде жоқ. Есесіне бай баланың әкесі – Сіз салмақты шендісіз.

Ұлыңыз Талғат Ахметовтің де туған күні маусым айында. Ол 21  маусымда 32 жасқа толады. 2005-2009 жылдары ҚазҰУ-да Құқықтану мамандығын алған екен. Менің балаларым да Алматыда сол университетте әр жылдары оқып бітірді.

Қаржы министрлігі  мәліметіне қарасақ Талғат Ахметов 2007 жылы шілденің 27-сінде, 22-ақ жасында "КАЗВТОРЧЕРМЕТ" директорлар кеңесіне мүше болған. Ашық мәліметке сай оған қазіргі таңда АҚ «Казэнергокабель» АҚ (29,9%), «Павлодарский хлебобулочный комбинат» ЖШС,  «KAZ InterGroup PV» ЖШС, «ТАСК Холдинг» ЖШС, «Темиржолшы» ЖШС, «Глория-фарм» ЖШС, «Павлодарская кондитерская фабрика» ЖШС, сондай-ақ «Ақ сұңқар НТ» ЖШС және «Engineering Supply Company» ЖШС тиесілі.

Оған қоса Талғат Ахметовтің  «Маңғыстаумұнайгаз» ЖШС-ында да үлесі бар екені көрінеді. Осының бәріне 31 жастағы Талғат Ахметов Әкесінің көмегімен қолжеткізді ме? Күшімен бе?

Әке Ахметов 30 жасында Екібастұз қалалық комитеті КПСС-тің нұсқаушысы болып қана қызмет атқарған. Бала Ахметов отызында айтулы миллионер.

Әрине, Әке Ахметов – сіз экономика ғылымдарының докторысыз, нұсқауыңыз кәдеге жарап-ақ жатқан болар. Бірақ билігіңіздің ықпалы жоқ деуге келмес. Бізде ол билік жоқ.

Қарап көрсек, «МОЙНАКСКАЯ ГИДРОЭЛЕКТРОСТАНЦИЯ» АҚ-ында Аффиилирленген тұлғалар арасында 12.06.2010 күнінен бастап, жеке тұлға әкелі-балалы Даниал және Талғат Ахметовтер көрсетілген. Осы акционерлік қоғамның Директорлар кеңесінде 2013 жылдың 26 маусымынан бастап ұлыңыз Талғат Ахметов кіріпті.

Облысымызға әкім болып отырған Даниал Кенжетайұлы, сіз Қорғаныс министрі кезінен елдің есінде жақсы қалған тұлғасыз. Өйткені орынбасарыңыз жемқорлық дауына шатылған. Сіз  қорғаныс саласына министр болып келген алғашқы әскери шенсіз адам едіңіз.

2009 жылы 10 сәуір күні ҰҚК тергеу департаменті Қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маермановқа қылмыстық кодекстің 308- бабы бойынша айып тақты. Осыдан соң көп өтпей, 55 жасқа толған туған күніңіздің ертеңінде Сіз министрлік қызметпен қоштастыңыз.

Осыдан соң биліктегі жолыныңызда екі жарым жылдай бос уақыт бар. Бұл ақтаңдақ уақытта немен айналысқаныңыз белгісіз. Тек бір жарым жылдан кейін ірі кәсіпкер Владимир Нидың жерлеу рәсімінде бой көрсетіпсіз, соған қарағанда кәсіпкерлер арасында ерекше сыйыңыз бар шығар. Бізде ол да жоқ...  2011 жылы желтоқсанда Қазақстан атынан жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің мүшесі(министр) болып тағайындалдыңыз.

Айтпақшы, 2013 жылдың 15 шілдесінде ҚР қорғаныс министрі кезіңіздегі бұрынғы орынбасарыңыз генерал-лейтенант Маерманов Ақмола гарнизонының әскери сотымен 4 жылға сотталды. Әңгіменің өзегі $82 млн-нан астам бюджет шығынында.     

***                     

Ахметовтар тегі мен тегеуірініне оқырманмен бірге бажайлай қарасақ, Даниял Ахметов мен сияқты мұғалім отбасында туған. Қазақы дәстүр бойынша үлкен ағасы бала Даниалды өз тәрбиесіне алған. Кейіннен Даниал Ахметов өзін екі ана мен екі әкеден туған баламын деп атаған. Оқу үлгерімі орташа болған  Даниал Ахметов №10 мектеп директорының орынбасары Гулие Мақажанованың қызына үйленген, сонымен қатар Мақажановтар мен Ахметовтардың отбасы бір-бірімен достық қарым-қатынаста болған.

Даниал Ахметов Екібастұз қаласындағы партиялық-қожалық саласында мансабын бастап келе жатқан кезінде ұлы мен қызы дүниеге келген. 1987 жылы ол қалалық атқару комитетінде қызметке орналасып, 1992 жылы қала әкімшілігінің басшысы боп тағайындалады.

1993 жылы Павлодар қаласының әкімі болды. Алғаш келген кезінде Ахметов өте ашық және либералды басшы ретінде көрінген. Сол уақыттарда Павлодар қаласындағы ірі кәсіпорындарды жекешелендіре бастады. Мысалы, Павлодар қаласындағы нан өндіретін зауыт Даниал Ахметовтың жекеменшігіне өткен, қазіргі таңда бұл зауыт Даниал Ахметовтың ұлына тиесілі.

1997 жылы Даниал Ахметов Солтүстік Қазақстан әкімі болып сайланады, кейіннен премьер-министрдің орынбасары қызметіне ауыстырылады. Соңғы төрт жылда Павлодар облысын Ғалымжан Жақиянов басқарғанына қарамастан Ахметовтың туыстары ол жерде жеке кәсіптерін дамытуын тоқтатпады.

Ахметов Павлодар облысына 2001 жылы қайта оралды, ол кезде Ғалымжан Жақияновтың есіміне қатысты барлық жерлерді тексере бастаған. Бюджетте ақша жетпей тұрғанымен Даниал Ахметов Ертіс жағалауына қайта құруға қаржы тауып, қолға алды.

Ахметов екінші рет келген кезінде екі жыл бойы Павлодарлық трактор зауытын жөндеуге тырысты. Оның базасына ауылшаруашылығына арналған Ташкенттегі зауыттан әкелінетін тракторлармен қамтамасыз етуге уәде берген. Алайда, еш нәтиже шықпады. Көп ұзамай Даниал Ахметовты қайтадан Астанаға шақыртып алды. 2003 жылдың маусым айынан 2007 жылдың  қаңтарына дейін үкіметті басқарды.

Ол уақытта Даниалдың мектепті жаңа бітіріп, университетке енді түскен 20 жастағы ұлы табысты бизнес көзін құрып жатқан. Павлодардағы ұсақ компанияларды қоспағанда Талғат Ахметов ірі кәсіптің тең иесі атанды.

Талғат Ахметов кәсіпкер Гурбан Мамедовпен бірге «Павлодарлық Вторчермет» ЖШС-ның негізін салушы болып табылады. Сонымен қатар, Талғат Даниалұлы Қазахмыс» корпорациясымен бірге «Қазэнергокабель» АҚ-ның акционері атанды.

Павлодар облыстық филармония ғимараты болған үй қазір 62 жастағы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың балалары, яғни 33 жастағы Аделия мен 31 жастағы Талғат Ахметов басшылық ететін «ТАСК холдингісіне» тиесілі екен.

Ахметов премьер-министр қызметінде болғанда оның әпкесі Гүлфаз Аубанова мемлекеттік қызметте мансабын құра бастады. Өзінің клиникасын басқаруды сенімді адамға тапсырып, 2005 жылы ол Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының төрайымы болып тағайындалды.

2009 жылы Даниал Ахметовтың қорғаныс министрі қызметіне түсіп қалуы Талғат Ахметовтың кәсібіне еш ықпалын тигізбеді. Керісінше, Павлодардағы оның көптеген компаниялары көркейе түсті. Қорғаныс министрінің ұлы «ГлорияФарм» дәріханасы, «Аманат» дүкені, «Ертіс» қонақ үйлері және басқа да ЖШС арқылы едәуір табыс таба білді. Бірігіп бизнес жасады ма? Ол жағы белгісіз.

Даниал Ахметов үлкен саясатта жүргенде, 2010 жылы Павлодар қаласынан оның ұрпақтары негізін қалаған «Таск Холдинг» құрыла бастайды. «Таск Холдинг» басқармасы Сатпаев көшесі 83 мекен-жайында орналасқан, ол архитекторлар «ахметовтардың» зәулім сарайы деп аталатын үйдің жанында. Холдингке жергілікті 10 шақты компания біріктірілген. Холдинг басшысы – Талғат Даниалұлы Ахметов болып табылады.

Павлодарлық Әділет басқармасының тіркеу мәліметтеріне сәйкес, Талғат Ахметов «Павлодарлық нан өндіру комбинаты» мен ұннан жасалатын өнімдерді шығаратын жасалатын екі бірдей серіктестіктің жалғыз негізін салушы болып табылады. Орта есеппен алғанда, сауда ісінде комбинат павлодарлық базардың 40 пайызын құрайды.

Сонымен қатар, «Павлодартұз» ЖШС, «Павлодар сода» ЖШС, Smart Kid ясли-бақшасы мен Cinema Star кинотеатры да Талғат Ахметовтың иелігінде.

Бұлардан бөлек, Талғат Ахметовтың «Eco Energy», «Аманат», «Ертіс сервис трейд», «Ақ сұңқар НТ» компаниялары электр энергиясы, су, азық-түлік өнімдерін сату мен құрылыс жұмыстарымен айналысады. Ал оның «Алға» ЖШС және «ТрэйдКом» ЖШС компаниялары жылжымайтын мүлікті жалға беру арқылы табыс әкеледі.

Мінеки, Даниал Ахметовтың ұлы әр салаға қызығушылық білдіреді. Сол себепті де, Павлодар облысын «ахметовтың аймағы» дегенде үлкен Ахметовтың мансап жолындағы жеңістерін ғана емес, кіші Ахметовтың иелігіндегі заттарды да ойлап қойған жөн.

Айта кетер болсақ, Талғат Ахметовтың әкесі әкім болып жұмыс істейтін ШҚО-да да шағын кәсіптері бар. ШҚО Зырян ауданының Әділет басқармасында «KAZ.InterGroup» ЖШС тіркелген. Талғат Ахметовтың басшылығындағы бұл шағын компания техникалық кеңес беру мен инженерлік іздеу жұмыстарымен айналысады екен.

***

Даниал Кенжетайұлы, міне сіздің де зейнет жасыңызға санаулы күндер қалды. Балаңыз миллионер Сізге одан соң жұмыс істеудің де қажеттілігі болмас. Павлодарда немерелеріңізді ойнатып, зейнетіңіздің қызығын паңдана көріп жата берерсіз. Айтпақшы, Сіз Қазақстандағы санаулы адамға бұйырған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденінің иегерісіз. Елбасының ерекше ықыласын көрген, 20 жылға жуық жанында жүрген әкім Ахметов сізден сұрайтыным: «Өзім сияқты айналамда көптеген адамдар бар. Балалары «қызылмен» бітірген.  – неге біздің балаларымыз мектепті, университетті қанша жақсы оқыса да миллионер болып кете алмады? Олар түгілі өзіміз жарымай екіден кредит төлеп жүрміз. Түсіне алмайтыным шенді біткеннің баласы бай. Шендінің бәрінен емес, облысымыздың әкімі болған соң сізге хат жаздым. Пайғамбар жасына келіп, зейнетке шығып бара жатқанда сырыңызды айтарсыз... шыныңызды айтарсыз... 

Связанные Статьи