"Экспо-2017" халықаралық көрмесі таяп келеді. Бәрі сақадай-сай, елорданың жыртығы жамалып, артығы өзге аймақтарға жөнелтілді. Қанша айдан бері құрылысшылар тыпыршып, жол жөндеушілер ұйқыларын ұмытып, еңбек етуде. Еске сала кетейік, жақында ғана астаналық қаңғыбастардың бәрі дерлік Көкшетауға қуылған. Қала біршама тазарып қалған болар. Алайда осындай дайындықтарға ашынған қазақтардың да қарасы көбеюде. Мәселен, күйінген астаналық тұрғын өз ойын инстаграмдағы парақшаның біріне жариялапты. Мазмұны төмендегідей:
«Құрметті астаналықтар, 10 қыркүйекке дейін жөні түзу киімдеріңді киіп жүріңдер. Тіпті, үй маңындағы дүкеннің өзіне әдемі киініп шығыңдар. Болмаса, Көкшетаудың көшелерінен бірақ шығасыңдар. Достым, абай бол! Өз тағдырыңа өзің балта шаппа. Қоқыс жәшігінің жанына мүлдем жолама. Үйіңде қоқыс жиналып қалса да барма. 10 қыркүйектен соң бәрін бірге тастай саласың.
Базарларды мүлдем жауып тастау керек. Біз дамыған 50 мемлекеттің қатарына кірдік емес пе? Қандай базар? Шетелдік қонақтар бізді «Ханшатыр» мен «Керуенде» сауда жасайды деп ойлауы тиіс емес пе? Дәл осылай істесеңіздер, «нағыз астаналықтар» деген атпен барлық БАҚ өкілдері жазатын болады сіздер жайлы. Күтіңіздер! Біз өте қонақжай болып көрінуіміз мүмкін. Ең бастысы, қонақтарымыз риза болсын.
Ал біздің бауырсақтар мен шелпектерді ЭКСПО уақытында шетелдің ең мықты деген мамандары дайындайтын болады. Бәрі этикаға, эстетикаға сай болуы қажет.
11 қыркүйекте қонақтар кеткеннен кейін өзіміз отырып шай ішеміз. Тіпті, дорбаға салатын сарқыт та болады. Ол ЭКСПО-ның бюджетінде көзделген.
Ең дұрыс шешім, астаналықтар 10 қыркүйекке дейін қаладан кетуі керек. Себебі олар өздерінің білместіктерінің кесірінен ЭКСПО мерекесінің шырқын бұзуы мүмкін.
Қонақтар келе жатқанда балаларға айтады ғой: «Әй, сендер далаға барыңдар! Қазір қонақтар келеді!» Құдайға шүкір, кең даламыз бар! Баратын жеріміз жоқ емес!»
Шолушы: Сабина Рамазан