Б.Төлегенованың IX халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпазы анықталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарлама аясында өткен Бибігүл Төлегенованың IX халықаралық вокалистер конкурсы аяқталды. Биыл классикалық ән сайысына 36 өнерпаз қатысып, бақтарын сынады. Ал олардың арасынан Моңғолиядан келген Батжаргал Баярсайхан үздік шығып, Гран-приді иеленді.
Іріктеу және ақтық кезең 2017 жылдың қыркүйектің 5-і мен 10-ы аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен болатын. Ал 10 қыркүйек күні «Қазақстан» орталық концерт залында жеңімпаздарды марапаттау салтанаты мен гала-концерт болды.
Конкурс жеңімпазы Батжаргал Баярсайхан: «Бұған дейін басқа ән додаларына қатысқанмын. Ал, Бибігүл Төлегенова вокалистерінің конкурсы ерекше өтті. Қазылар алқасы талапшыл, әділ әрі жанашыр. Моңғолияда Бибігүл Төлегенованы халық жақсы біледі. Конкурс ұйымдастырушыларына алғысымды айтамын. Еліме барған соң жастарға осы байқауға қатысуға кеңес беретін боламын», - дейді.
Конкурстың жабылу шарасында Бибігүл Төлегенова жеңімпаздарды құттықтап, олардың өнері мен өміріне ақ жол тіледі. Талантты еңбекпен, ізденіспен ұштастыруға шақырды. Биыл конкурстың қазылар алқасының мүшелігінде осы конкурстың әр жылдардағы жеңімпаздары атанған опера әншілері отырды.
«Жастармен жұмыс істеген өте қызық. Биыл Армения, Болгария, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қазақстан қалаларынан өнерпаздар қатысты. 42 қатысушы өтініш жіберіп, соның 36-сы келді. 14 адам ақтық сынға шығып, оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Жастардың өнерге деген қызығушылығы, ұмтылысы ерекше», - дейді конкурс үйлестірушісі Қарлығаш Әбдікаримова.
Сонымен қатар III орынды Абдульманова Альфия,Әбілдин Құдайберген, Қазақстан, Бақытжан Сұлтан, Қазақстан, ал II орынды Айсина Диана, Ресей елінен, Шпекпаева Эльмира мен Қанатбек Айбек еліміздің атынан қатысты. Бажбеук - Меликян Саргис, Армениядан, Расылхан Шыңғыс Қазақстаннан, Пиязов Ақылбек Өзбекстаннан келіп I орынды иеленді
Еске сала кетейік, конкурсқа 1985 жылы 1 қазаннан ерте емес және 1998 жылы 1 қазаннан кеш емес туылған әнші қыз-жігіттер қатысты. Конкурстық сынақ іріктеу және ақтық кезеңдерінен тұрды. Барлық тыңдаулар көпшілік алдында өткізіледі. Халықаралық вокалистер конкурсы жастарымыздың назарын классикалық және халық музыкасына тартуды мақсат етті. Өнер көрсету тәртібі жеребе тастау арқылы анықталып, конкурс соңына дейін сақталды. Конкурсқа қатысушылардың өнерін беделді әрі кәсіби қазылар алқасы бағалады. Қазылар төрағасы – КСРО халық артисі, Социалистік еңбек ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлық лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова. Конкурстың негізгі ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ, «Мирас» Мәдениеттің қоғамдық ұлттық қоры» Қоғамдық қоры.
Оставить комментарий