Ұлжан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3 курс студенті. Ол сабаққа бару үшін таңғы сағат 6-да ұйқысынан тұрып, университетіне асықты. Ұлжан автобус аялдамасына келгенде 45 нөмірлі автобустың келіп қалғанын байқап ерте баратын болдым деп қуанып еді, бірақ адам толы автобус аялдамаға тоқтамай өтіп кете барды. Себебі автобустың ішінде адам лық толы болды. Автобус тоқтағанымен Ұлжан автобусқа сыймай қалатын еді. Келесі автобусты күтіп тұрса Ұлжан сабаққа кешігетінін біліп, Университетке дейін такси ұстауға мәжбүр болды. Әрдайым осылай автобусқа сыймай такси ұстай берсе, Ұлжанның қалтасы көтермесі анық. Студент тұрмақ, тұрақты жұмысы бар адамдар ақшасының далаға кеткенін қаламайды.
Сабағына уақытылы жетіп, қатысқан Ұлжан енді үйіне қайтуға асықты. Тағы сол 45 нөмірлі автобус. Жарты сағат өтті, автобус әлі жоқ. Ал адамдар аз мініп жатқан 30, 9, 11, 7 нөмірлі автобустар екі-үш рет өтіп кетті. Аялдамада 45 нөмірлі автобусты күткен адамдар көп. Біраз уақыттан соң 45-те келді, ішінде адам әдеттегідей лық толы. Үйге ертерек жету үшін Ұлжан адам толы автобусқа мініп кетуге тырысты. Ұлжан ғана емес аялдамадағы адамдар да автобусқа мінуге тырысты. Автобуста қысылысқан адамдардан ине шаншыр жер таппайсың. Бұл – Ұлжанның ғана емес, автобусты жарты сағат күтетін бүкіл халықтың өмірі.
Қыркүйек айы басталғаннан осындай жағдайлар көбейеді. Қаланың ішінде жұмысқа асыққан қызметкерлер мен ауылдан келген студенттер легі көбейген. Өз қызметіне асыққан кез келген адам автобус күтіп қалары анық, жолыңыз болғанда ғана автобусты бес минут күтесіз. Мұндай сәттілік кез келген адамға бұйырмайды. Ерте тұрып, жұмысқа ертерек барайын десең де кешігіп барасың. Оған себеп – автобусқа сыймай қалуың немесе автобусты ұзақ уақыт бойы күтіп тұруың. Автобусқа міне қалсаң, адамдардың қабақтарынан қар жауып тұрады. Қайтесің енді жүз адам мінетін автобусқа жүз елу адам мініп аламыз. Осындай жағдайдан кейін кімнің сіркесі су көтерсін. Осындай қауырт тіршілікке тұрғындар шыдап жүр, басқа амал бар ма?..
Қазіргі заман технологияның дамыған кезі болғандықтан кез келген нәрсені ұялы телефон арқылы басқара аламыз. Солардың бірі автобустарды қай жерде келе жатқанын бақылайтын арнайы бағдарлама бар: ұялы телефонға арналған «СityBus» атты бағдарлама. Бұл бағдарламада автобустың қай жерде келе жатқанын нақты көрсетеді. Бірақ айта кететіні бұл бағдарлама «Samsung» ұялы телефондарына ғана орнатылады, ал «Iphone» ұялы телефондарына орнатылғандары дұрыс қызмет көрсетпейді. Бұл жағдайды да ескерген жөн болар.
Алматы қаласында жолаушылар санының 72%-дан астамы автомобиль көлігімен тасымалданатыны белгілі. Бүгінде Алматыда 160-тан аса қоғамдық көлік жұмыс істеп тұр, олардың кейбірі қала мен Алматыға жақын орналасқан елді мекендердің байланысын қамтамасыз етеді. Ал қалада троллейбустар желісі 8 маршруттан тұрады екен. Диспетчерлер автобустарды рейске кесте бойынша қарама-қарсы қойып, тепе-тең жедел интервалдарын жөнелтеді. Кесте бойынша маршруттарда 12 автобус жұмыс істеуге тиіс. Қозғалыс интервалы 6 минут болса, айналма рейстің ұзақтығы 72 минутты құрайды. Бұл есептелген дүние. Бірақ бұл жағдайды қадағалап отырған ешкім жоқ.
Иә, белгілі талапқа сай уақытпен жүретін, арасын он минуттан асырмайтын автобустар бар. Халықтың оған еш наразылығы жоқ. Халықты қынжылтатын жағдай - автобустардың аздығы мен олардың уақытында келмей, тұрғындар аз мінетін автобустардың жиі жүріп, адамдар көп мінетін автобустардың сирек жүретіні. Алматы тұрғындары осы жағдайға баса назар аударса екен дейді. Әсіресе сирек жүретін 45, 48, 81, 70, 19, 32 секіді нөмірлі автобустардың санын көбейтіп, уақытында жүрсе екен деген тілектері бар.
«Халық — қазы, еңбек — таразы» демейді ме? Халықтың сыны да қатесіз болады. Жыртыққа жамау жасап отырған кезде жол ақысын көтерді, қымбаттаған жол ақысынан нәтиже күткен халық автобус күтіп шаршады...
Ақнұр Мұхтархан