«Жол мұраты – жету». Соңғы кездері жолға шығарда үйге аман-есен жетуді ойлаймыз. Оның себебі де бар. Әлеуметтік желі арқылы тараған ақпараттардың ішінде «адам жоғалыпты», «із-түссіз жоғалды» сынды жаңалықтар қаптап жүр. Соны көресің де, қорқасың. Көлікке мінгеннен кейін ешкім көрмеді, естімеді, білмейді... Жол жөнекей ұстаған таксидің қауіпті екені ел арасында айтылып жүр. Расында да, автокөлік ішінде сіздің қауіпсіздігіңізге ешкім кепілдік бермейді. Ал бір жағынан автокөлік жүргізушісіне бағаны өзіңіз ұсынып, саудаласа да аласыз. Бағасы да арнайы бағдарлама арқылы шақырылған көліктен арзан болады. Ал әр адам өз өмірі үшін қорқатын бұл кезеңде қай такси қауіпсіз?
Қоғамдық көлікке мініп алып, қалаған жеріңе дейін жетуге қалада барлық жағдай жасалған. Бір автобустан екіншісіне ауысып жүру де қалтаңды жұқартады демесең, қауіпсіз екені белгілі. Ал автобус тоқтап қалған уақытта немесе барар жеріңе асығыс болғанда міндетті түрде жеңіл көлік, яғни такси керек болады. Бүгінде ұялы телефонға жүктеп, кез келген уақытта такси шақыртуға мүмкіндіктер жетерлік. Ол үшін арнайы такси шақыратын программалар да баршылық. Мысалы, Яндекс такси, InDriver, Uber, және т,б. Қоғамда аталған осы үш программа көп қолданысқа ие. Ендеше талдау жасап көрейік.
Яндекс такси
Яндекс такси қолданушылары 3 жолмен төлем жасай алады:
-Қолма-қол;
-Online банк картасы арқылы;
Онлайн- төлем барысында ешқандай карта қажет емес. Жүргізуші чекке қол қоюды да талап етпейді. Онлайн төлем жасау үшін жолаушы өз картасын ұялы телефондағы Яндекс.Такси бағдарламасындағы аккаунтпен байланысытырып қою жеткілікті. Жол жүру ақысын жүргізуші «Сапар аяқталған» кезде ғана нақты айта алады. Алайда қаланың жақсы білетін жүргізушілер тапсырыс түскен кезде жобалап бағаны да айтып жатады.
-Промокод/жеңілдіктер;
Яндекс.Такси өзіне қолданушылардың санын арттыру мақсатында кинотеатрлар мен дүкен, кафе және мейрамханалармен бірлесіп түрлі акциялар өткізіп отырады. Ал келушілерге таксиді қолдану кезінде бірінші тапсырысқа жеңілдік жасалады.
Алматы қаласы тұрғындары арасында Яндекс таксидің бағасы қымбат деген пікірлер де бар.
InDriver
InDriver такси шақырудың бір артықшылығы жүргізушіге бағаны өзің ұсынасың. Сонымен қатар саудаласуға да болады. Бағасы басқа такси шақыру бағдарламаларымен салыстырмалы түрде арзанырақ. Және сапар соңында жүргізуші мен көлікке байланысты өз пікіріңізді, шағымыңызды жазып қалдыруға болады. Алайда шағымның қаралып, қаралмасына ешкім кепілдік бермейді.
InDriver жүргізушілері көлік ішінде жолаушы барына қарамастан, жолдан тағы да бірнеше адамды алуға құқықтары бар екенін жиі айтады.
Uber taxi
Діттеген жеріңізге жету барысында сізге автокөліктің сыйымдылығы мен бағасы ұсынылады. Артынша сізге жүргізушінің нөмір мен автокөлік нөмірі жіберіледі. Қалаған жеріңізге жеткен соң жүргізушіні бағалай аласыздар.
Таксидегі оқиға
Әсем есімді бойжеткеннің айтуынша, ол үнемі InDriver такси шақыру қызметін қолданады.
Әсем Түркісіб ауданы Гете Алғабас көшелерінің қиылысынан Алтын Орданың базарына дейін 1600 теңге ұсынғанын айтты. Жүргізуші сол сәтте хабарласып, 2000 теңге берсеңіз барамын деп шарт қойған. Жол жүруіне аз ғана уақы қалғандықтан, амалсыз келіскенін айтады. Артынша барахолка тұсынан тағы 2 адамды отырғызып, олармен 1000 теңгеге келіседі. Артынан мінген екі жолаушыны үйінің тұсына дейін жеткізіп, «асығыспын» деген сөзіне назар аудармағанын да тілге тиек етті. Біріншіден, ұсынған бағадан көп ақша сұрады және мені жолымнан қалдыра жаздады деп өз ренішін білдірді.
Бұдан да өзге біз біліп, білмейтін оқиғалар қаншама...Сондықтан арнайы бағдарлама арқылы шақырылған такси болсын, жол жөнекей мінген автокөлік болсын туыстар мен достарыңызға автокөліктің мемлекеттік нөмірін, шамамен келетін уақыты мен жүргізуші туралы жеке мəліметті хабарлағаныңыз жөн.
Мүмкіндігіңіз болса қаланың картасын қосып, көліктің жылжу барысын бақылап отыру керек. Жеке бас қауіпсіздігіңізге немқұрайлы қарап, бағалы заттарыңыз бен ақшаңыздан айырылып қалмаудың бірден-бір жолы – осы.
Есіңізде болсын, такси жүргізушісі сіздің қауіпсіздігіңіз үшін жауапты әрі мүдделі!
Айгерім Таубай