"Сен тамақ ішпей де өмір сүре аласың!" "Тамақ ішу саған қажет емес!" "Күнде таңертең: Мен бүгін кешегіге қарағанда сұлумын, жеңілірекпін деген оймен оян", "Анорексия — сенің жан құрбың, ол туралы ешкімге тіс жарма". Міне, дәл осындай тіркестер мен сөйлемдерді әлеуметтік желілердегі топтар мен қоғамдастықтардан жиі кездестіруге болады. Мұндай топтардың мыңдаған оқырмандары бар. Бұл топтардың басты мақсаты — жас қыздарды анорексия ауруына шалдығып, тамақ ішуден саналы түрде бас тартуларына әсер ету.
Анорексия —адам саналы түрде тамақтанудан бас тартатын психологиялық ауытқу. Мұндай аурумен ауыратындар көбіне жас жеткіншектер. Көп жағдайда мұндай адамдар 40 жасқа жетпей ажал құшады. Жас қыздар салмақтары 40 келіден аспау үшін барлық нәрсе жасауға дайын. Басты мақсат – 30 келіге салмақ қа жету.
Бүгінгі таңда проблемаға айналып отырған мәселе жас қыздардың сәнбикеге ұқсағысы келіп, өз денсаулықтары мен тәндеріне зардап келтіруі. Qamshy.kz ақпарат агенттігі аталмыш аурудың алдын-алу мақсатында анорексияға ұшыраған жас қыздардың оқиғаларын бөлісуді жөн көрді.
Марго. 20 жаста. Бойы 174 см. Салмағы-35 келі.

Маған: Бірнеше келі салмақ тастапсың ғой! деген танысымның айтқан сөзінен кейін арықтай бастадым. Іш өткізетін дәрі іштім. Біраз уақыттан кейін дәріні қолдану теріме кері әсерін тигізді.
Қазір жас қыз дәрі ішуді тоқтатты. Алайда, кейде бір-екі данасын ішіп тұрады екен.
Даша. 18 жаста. 38 келі, бойы-171 см.

Даша анорексия ауруымен 5 жыл бойы күресіп келеді. Екі рет ауруханада жатып емделген. Қазіргі уақытта психотерапия курстарын қабылдап жүр.
Таня. 18 жаста. Салмағы-43 келі, бойы 171см.

Таняның арықтағысы келмеген. Алайда, ата-анасының ажырасуы мен екі үй жануарының өлімі оны депрессияға түсірген. Тамақ ішпей, аш жүріп 38 келіге дейін арықтаған. Күніне 40 тал дәрі ішкен екен.
Женя. 19 жаста. 43 келі, бойы-165 см.

Жас қыз бастапқыда 90 келі болған. Осы салмақтан қазіргі салмағына дейін арықтаған. Әртүрлі диетаға отырып, арықтау үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданған, дәрі ішкен. Күніне екі қорап іш өткізгіш дәрі ішкен уақыттары болған.