14 Желтоқсан, 2021 NEWS
Фото: коллаж qamshy.kz
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы әкім бүгінгі үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген.
– Хаменованың орнында әзірге ешкім жоқ. Оның қызметі әкімнің орынбасарлары арасында бөлінген. Тергеу жүріп жатыр, тергеуден кейін бәрі белгілі болады. Мен бұл іске түсініктеме бере алмаймын. Қазір тергеу жүріп жатыр. 10 желтоқсанда кінәлі ме, жоқ па, сол кезде анықталады, – деді облыс әкімі.
Хаменованың ұсталуын қалай қабылдадыңыз деген сұраққа әкім: "Әрине, қатты қапаландым" деп жауап берді.
Әкім орынбасарларының кінәсі дәлелденсе отставкаға кетуге дайын екенін айтты.
– Менде ондай ақпарат жоқ, естіген жоқпын. Бұл мәселені реттейтін заң бар. Егер орынбасарларымның сыбайлас жемқорлық жасағаны анықталса, онда заңға сәйкес мен отставкаға кетуім керек. Ал оны Мемлекет басшысы қабылдайды, – деді Досмұхамбетов.
Бірақ Махамбет Досмұхамбетов тергеу қорытындысын күтуге кеңес береді.
Облыс әкімі Атырауда Абай ескерткішін орнату жұмыстары кейінге шегерілуі мүмкін екенін атап айтты.
– Ескерткіш туралы шешім, қателеспесем, 2016 жылы қабылданған. Пандемия кезінде жұмысты жүргізе алмадық, ескерткішті биыл орнату жоспарда бар еді. Иә, уақыты созылуы мүмкін немесе созылмайды. Тергеу әсер ете ме, айта алмаймын, – деп жауап берді Махамбет Досмұхамбетов.
Еске сала кетейік, 10 желтоқсан күні Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев 4,5 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.
Кейін Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты изоляторда отырған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа жіберілгенін мәлімдеген.
Сот күдіктінің екі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана екенін, асырауында қарт анасы барын, Атырауда тұрғылықты мекенжайы барын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын және бұрын сотталмағанын ескерген.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір