26 ақпанда Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Жамбыл Ахметбеков Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады.
«Халқымыздың асыл перзенттері Жұмабек Тәшенов пен Рабиға Есімжанованың 100 жылдық мерейтойларын республикалық дәрежеде лайықты атап өту туралы осы депутаттық сауалды жолдап отырмын.
2015 жылы 20 наурызда Ж.Тәшеневтің туғанына 100 жыл толады. Жұмабек Ахметұлы Тәшенев кеңес заманында есімі аңызға айналған тұлға, 1960 жылдары Қазақстанның Жоғарғы Кеңесін және Үкіметін басқарған, республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан мемлекет қайраткері.
Елі мен жерінің тұтастығын сақтап қалу жолында күрескен Жұмабек Тәшенев Хрущевтің Қазақстанның бес облысын (сол кездегі Целиноград қаласымен қоса) Ресейге қосуды жоспарлаған әрекетіне батыл тойтарыс берген. Осындай табанды қарсылыққа кездескен Хрущев бұдан кейінгі уақытта қазақ ішінен шыққан басшылардың сөздеріне құлақ салуға, халқының пікірімен санасуға мәжбүр болған. Егер сол жоспар іске асқанда Қазақстанның бір бөлігінен, қазіргі Астана қаласынан да айырылып, мемлекетіміздің территориялық тұтастығынан да біржола қоштасатын жағдай еді. Сондықтан Жұмабек Тәшеневтің бұл әрекеті халықтың ұлттық рухын оятқан ерлік оқиға болды.
Осы оқиғадан кейін ол жоғары лауазымды қызметінен алынып, облыстық басшы деңгейіне дейін төмендетілді. Өзі бақылауда жүрсе де батыр қайраткер рухын түсірмеді, ғылыммен айналысты және халқы үшін адал қызмет етіп зейнеткерлікке шықты. Ж.А.Тәшеневке қазақ жері мен халқы үшін жасаған ерлігі мен еңбегіне ұрпақтары мәңгілік қарыздар. Міне, сондықтан да халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру бүгінгі ұрпақтың парызы деп білеміз.
Қазақстанның халық артисі, күміс көмей әнші Рабиға Есімжанованың туғанына биыл 100 жыл толды. Өкінішке орай есімі бүкіл елімізге тарап, аты аңызға айналған әнші апамыздың мерейтойы елімізде аталып өткен жоқ.
Рабиға Есімжанова 1914 жылы қазақтың кең даласы Сарыарқаның төрінде, қазіргі Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Өнер жолын Семей облыстық музыка драма театрында драма артисі ретінде бастаған. Кейін Алматы, Қарағанды қалаларындағы театр труппасында қызмет етіп, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңліктің, «Айман-Шолпанында» Айманның, Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Жібектің рольдерін шеберлікпен сомдап халықтың шексіз ризашылығына ие болған. 1946-1960 жылдар аралығында Р.Есімжанова Қазақ радиосының әншісі болды. 1960 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі ретінде халыққа қызмет етті. Халқымыздың сүйікті қызы, бұлбұл әнші Рабиға Есімжанованың репертуарында негізінен халық әндері: «Әупілдек», «Әпитөк», «Гауһартас», «Жалғыз арша», «Жонып алды», «Ләйлім шырақ», «Құдаша», «Маңмаңкер» т.б. және халық композиторы Ш.Қалдаяқовтың әндері болды. Рабиға Есімжанованың еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ол «Құрмет белгісі» орденінің иегері және «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі», «Қазақстанның халық артисі» атақтары берілген.
Ұлтымыздың ардақтылары Ж.Тәшенев пен Р.Есімжанованың 100 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде лайықты атап өту мәселелерін қарастыруыңызды және депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қарап, жауабын жолдауыңызды сұраймын».
Пікір қалдыру