Нью-Йорк полициясында қызмет ететін қазақ Данияр Нұртаза бір жыл бұрын әлемдік ақпарат құралдарының жұлдызы болды. Ол метро стансасында толғақ қысқан американдық әйелді туғызып алған еді. Әлемге әйгілі болған сол қандасымыз жақында esquire.kz журналына сұхбат берді.
АҚШ-қа қалай келгенін, оған дейін немен айналысқанын айтқан Данияр алғашқы уақытта жат жерде біршама қиындық көргенін айтады.
«Біз мұнда 13 жыл бұрын, 2002 жылы келдік. Мен 20 жаста, інім 17-де еді. Інім осында, Колумбия университетінде білім алғысы келдік. Барлығымыз сол үшін осында бірге көшіп келдік. Мен ол кезде ағылшын тілін білмейтін едім. Бәрінен де жасы келіп қалған әке-шешемізге ауыр соқты. Анамыз бірнеше жыл қиналып жүрді», - дейді ол.
Данияр АҚШ-қа барған бетте ата-аналарымен бірге тіл үйренгендерін, намыстанбай қара жұмыс та істегендерін айтады.
«Екі бөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Бір бөлмесінде ата-анамыз, екіншісінде інім екеуміз тұрдық. Пәтер орналасқан аудан да керемет аудан болды деп айта алмаймыз. Қауіпсіз де емес еді»,-деген ол Америкада тұрақтап қалулары әке-шешесінің арқасы екенін жасырмайды.
«Інім қазір отызға келді, университетті аяқтады. Ірі банкте қаржылық сарапшы болып қызмет етеді. Кешке екі американдық университетте статистика, математика, микроэкономика және тәуекелді-менеджменттен дәрістер оқиды», - дейді Д. Нұртаза.
Даяшы, аудармашы, сатушы болып жүріп полицияға орналасудың да оңай болмағанын айтады.
«Мұнда орналасу үшін 4 жыл жүгірдім. Алдымен еске сақтау қабылетін, байқау қабылетін анықтайтын және психологиялық тесттер тапсырдым. Одан жақсы өткесін дене дайындығынан сыналдым. Біраз салмақ тастауға тура келді. Біреумен келісу, сынақтан ақшамен өту деген мүлдем мүмкін емес екен. Қызметке қабылданған соң 6 айлық полиция академиясына жібереді. Ол жаққа да бәсекелестік күшті. Бір орынға 15 адамнан келеді», - дейді ол.
Соған қарамастан, полицияның қызметі АҚШ-та еңбекақысы жоғары қызмет болып саналмайтынын, мұнда азаматтық өмірге бейімделе алмай жүрген бұрынғы әскерилер көптеп келетінін айтады.
АҚШ азаматы болғанымен Қазақстан үшін жанкүйер болатынын айтқан Данияр: «Мен-қазақпын. Қазақ болып тудым, қазақ болып қаламын. Қайда жүрмесек те мен өзімнің қайда туғанымды, қайда өскенімді ұмытпаймын»,- дейді.
Пікір қалдыру